Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында орналасқан «Үшқоңыр» спорт кешенінде «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысатын балуандарды анықтауға арналған дүбірлі дода өтті. «Алатау арланы – 2024» мәртебесі үшін күреске бұл жолы Қонаев қаласы мен облыстағы 9 ауданнан іріктеліп шыққан 28 балуан қатысты.
Қазақ күресі – ұлттық өнеріміздің асыл қазынасы, тот баспас мұрасы екені белгілі. Елімізде спорттың түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастарды ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге тәрбиелеу, отансүйгіштік пен патриотизмге баулу, қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл жарыс биыл елімізде 12-рет өз байрағын көтеріп отырғанын айта кету керек.
– Республикалық «Қазақстан барысы» турниріне қатысатын балуандарымызды анықтайтын бұл жарысқа Қонаев қаласы мен аудандардан үш үміткерден келіп отыр, – дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жарыстың бас төрешісі Қапар Рауанов. – Тек Райымбек ауданынан ғана бір балуан қатысуда. Тоқсан келі салмақтан жоғары дәрежеде күресетін мықтылардың қатарында Әлем кубогының иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәди Еділбай сынды 150 келілік мықтылар да бар. Балуандардың жас шамасы – 19 бен 34 жас аралығында.
Дәстүр бойынша жарыстың алдында күресті тамашалауға келген жұртшылыққа әсерлі көрініс ұсынылды. Бұл жолы «Топжарған» этнотобының акробаттары отпен, қылышпен түрлі қимылдар жасаса, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің бишілері «Шашу» биін мың бұрала билеп, көрермендердің көңілін көтеріп тастады.
Осыдан кейін шаршы алаңға жарыстың төрешілері мен өңірлерден келген балуандар шақырылып, жекежеке таныстырылды. Төрешілердің қатарында спортта айта қаларлықтай жетістіктерге жетіп, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап жүрген Жангелді Хамитов, Санат Рахымберді, Абылай Дәткер, Ринат Гарабаев сынды танымал спортшылар да бар. Салтанатты шара еліміздің Көк Туы көтеріліп, Гимннің орындалуынан бастау алды.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Ерлан Жақыпов жиналғандарды қазақ күресінің ашылуымен құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі. – Қазақ күресі тек қана спорт емес, бұл біздің халықтың парасатпайымы, дүниетанымының айшықты көрінісі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеуде ұлттық спорт түрлерін дамытудың маңыздылығын баса айтқан болатын. Бүгінгі «Алатау арланы» жарысы, одан кейін өтетін «Қазақстан барысы» турнирі осы мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы баспалдақ болмақ. Ендеше, жарысқа қатысушылардың барлығына жеңіс пен абырой тілеймін, – деді ол.
Осыдан кейін мінберге көтерілген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков пен қазақ күресін дамытуға қомақты үлес қосқан спорт жанашыры, қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхидинов, облыстық «Бөрі» қазақ күресі федерациясының президенті Айнұр Жұмаш, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, республикалық турнирге ең мықтылардың жолдама алуына тілектестігін білдірді. Салтанатты шара барысында Ерболат Сарабекұлы облыстың спортын дамытуға қомақты үлесін қосып, жоғары кәсіби шеберліктерін танытқан Қапар Тоқтарбайұлы мен Қуанжан Құлбекұлын басқарманың Алғыс хатымен марапаттады.
Осыдан кейін балуандар арасындағы жан алып-жан беріскен күрес басталып кетті. Соңына қарай әр өңірден келген балуандардың ішінен үздік төртеуі іріктеліп шықты. Негізгі бәсеке де осы төртеуі арасында өтті десе болады. Өте тартысты болған белдесу барысында 3-орын мен «қола белбеуді» Жамбыл ауданының балуаны Жәнібек Дүйсенбаев иемденді. Ал, 2-орын мен «күміс белбеу» бәйгесін қанжығасына байлаған Қарасай ауданының балуаны Өріс Әдібай тартысты да тамаша өнер көрсеткенін айту керек. Өткен жылғы қазақ күресі жарысының жеңімпазы Мәди Еділбаев шынайы шеберлік үлгісін көрсете отырып, «Алатау арланы» жеңімпазы мен «алтын белбеудің» иегері атанды. Сонымен қатар 1-орын иегері 5 млн, ал «күміс белбеу» мен «қола белбеу» иелеріне тиісінше 1 млн және 500 мың теңге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, Мәди Еділбаев пен Өріс Әдібай алдағы уақытта Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» турниріне Алматы облысы атынан қатысуға жолдама алды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы