Қазақ әдебиетінде де сатира жанры өсіп, өркендеп келеді. Бұл салада қалам тартып жүргендердің қатары көбеймесе, азайған емес. Шырқау шыңында тұрған сатиралық романдардан бастап, әспеті бөлек әзіл әңгімелер, қысқа да нұсқа шумақтардан тұратын диалогтерді, пародияларды, тағы басқа уытты да усойқы шымшымаларға молынын қанығамыз. Сатираға деген оқырман қауымның ықыласы мен ынтызарлығы да бөлек.
Тілге тиек еткелі отырған кейіпкерімізді таныстыра кетейін. Ол – қазақты күлкіге бөлеп жүрген белгілі қаламгер Берік Садыр. Қоғамдағы кері тартқан көріністерді қақырата сөгіп, бері тартып жүрген бетке ұстар мықтылардың сойынан. Күні кеше ғана белді бекем буып, сатира сарбаздарының сапына қосылған Берік Садыр бүгінгі күні сайыпқыран сардарға айналды. Қаршығадай түйілген от ауызды, орақ тілді толқынның көшбастары болғанына көпшіліктің көзін жеткізді. Қазақтың жаны қағытпа қалжыңға, әдемі әзілге, шықпыртатын шымшымаға әуес. Сондайда сықағын қоздатып, егеулі найзасын жарқылдатып, кемшіліктерді нысанаға алғанда сол тұсқа садағының оғын дәл тигізіп, алмас қылыш сынды алтын қаламын сертке ұстап, тоқтап, тоқырап қалған жері жоқ. Қайта қоржынындағы қомақты дүниелерін одан әрі көбейтсем деген ниетпен жұмысын жалғастырады.
Осы жерде қаламгердің әкесі, марқұм Әкімқожа Сағырбайұлы Садыров жайлы айта кетпесек болмас. Беріктің мамандық таңдауына әкенің әсері болды. Қанатты жастың шабытын қамшылады. Садыровтардың руы – Сүйіндік. Айтайын дегенім, осыған сай ел ішінде «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта!» деген қанатты сөз бар. Теңеу тегін айтылмаса керек. Шынында да Сүйіндік баба ұрпағының кез келгенімен сөз сайыстырсаңыз, оны «тізе бүктіремін, жеңіп кетемін» деп желпілдеуіңіз бекершілік. Олардың табан астындағы тапқырлығы, тілдерінің орып түсер өткірлігі, жыландай шағып алатын қыршаңқылығы дәйім қисынын тауып тұрады. Бұл жағынан алғанда, Сүйіндік баласынан «қой аузынан шөп алмас» момынын көрмейсіз.
Әкімқожа Садыров та сондай адам болған. Басынан сөз асырмаған. Ақиқаттың бетіне тура қараған. Бұл жағы ел-жұртқа кеңінен мәлім. Ол 1938 жылы Абай атындағы педагогика институтын Кеңес одағының батыры, әйгілі Мәлік Ғабдуллин, тағы да басқа қазақтың танымал тұлғаларымен бірге бітіріп шығады. Мұхтар Әуезовтен дәріс алады. 1942 жылы «Абай жолы» романының бірінші кітабы шыққанда, ұлы жазушы соның бір данасына қолтаңбасын жазып, сүйікті шәкірті Әкімқожаға сыйлаған екен. Ол кісінің 40 жылдан астам өмірі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге арналыпты. Қазіргі Райымбек ауданындағы Сүмбе, Қызылшекара, Қарасаз, Қақпақ, бергі Кеген өңіріндегі Жалағаш ауылдарындағы мектептерде ұстаздық еткен. Ол кісі туралы өнегелі мысалдар жетерлік.
Әкімқожа Садыров Мұқағали Мақатаевқа да сабақ берген. Талантты шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күткен. «Сіз – маған ұстаз болған ардақты адамсыз. Әдебиетке келуіме мұрындық болдыңыз», – депті классик жазушы Бердібек Соқпақбаев. Ақын Еркін Ібітанов:«Өлеңге, өмірге баулыған ұстазым – Әкімқожа!» – деп пікір жазып, «Қойшылар» кітабын мейірлене ұсынған екен. Әкімқожа Садыров – «КСРО және Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі» атақтарын иеленген абыройлы жан. Ұлы Отан соғысының ардагері. Атақты Сталинград шайқасының бел ортасында жүрген. Сол жерде жараланып, екінші топтағы мүгедек болып елге оралды.
Беріктің әкесі де қаламгерліктен алыс кетпеген. Әңгімелері мен естеліктері – соның дәлелі. Халық қастер тұтқан Көдек ақынның өлеңдерін жинастыруға да атсалысты. Алайда Көдектің кітабын шығаруға кезінде мүмкіндік таба алмады. Ақынның қызыл қоғамнан теперіш көріп, Қытайға өткені кедергі болмай қоймады. Десе де еңбегі еш кетпеді. Әкімқожа 20 жылдай мұғалім болған «Қызылшекара» мектебі бүгінгі күні Көдек ақынның атында. Сонымен қатар Көдектің кітаптары елімізде әлденеше рет басылып шықты. Оны Әкімқожа әкеміз көре алмаса да, артындағы елі көрді.
Әкімқожа Садыров қоғамдық ортадағы келеңсіздіктерді көргенде шыдап отыра алмапты. «Тотияйыны» бар тілімен әжуалап, оны газет-журналдарға жариялатып жіберетін. Республикалық «Ара» журналына шыққан сындарының нәтижесінде ырыққа көнбей жүрген біраз басшылар орынтағынан айырылып тынады. Сондықтан ол кісіден ауданның басшы-қосшылары кәдімгідей сескенген. Қарапайым жұрт кемшіліктерді кездестірсе, оны өздерінің мұңы мен жоғын жоқтайтын Әкімқожаға барып баяндап көмек күткен. Арыз-армандар аяқсыз қалмай, бәрі ойдағыдай орындалып, көптің көңілін жай таптыратын.
Әкімқожа Сағырбайұлы оншақты баласының ішінен өзінің жолын қуар мұрагерін асыға күтеді. Мектеп қабырғасында Берігіне де қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Бірақ оның бұл пәндерден гөрі математикадан «бестік» бағаларды көп алатыны қуандыратын. Алайда ҚазПИ-дің математика факультетіне түсемін деп барған баласы институт талабына сай еңбек өтілі болмағандықтан, сәті түспей ауылға оралады. «Екі қолға бір күрек» дегендей, кеңшардың қара жұмысына кіріседі. Келер оқу жылы таянғанда, әкесінің: «Енді қайсы оқу орнына бармақсың?» – деген сұрағына: «Қайсысына апарсаңыз да, өзіңіз апарыңыз», – деп жауап қайтарыпты. Әкесінің де күткені осы еді.
– Сонымен, КазМУ-дің тіл-әдебиет факультетіне құжаттарын өткізеді. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі алдынан шығар» дегендей, сабақты ине сәтімен болып, әкесінің ойлағаны орайынан келеді. Университеттегі жас ұстаз, кейіндеп танымал ғалым атанған Мырзатай Серғалиевтің көп-көрім көмегінің арқасында Берік студент атанып шыға келеді. Сол бір өмірдегі алғашқы қадамы мен сатираға қалай бет бұрғаны жайлы әңгіменің шет пұшпағын Берік бізге былай жеткізді:
– Мен университетте ұстаздық жолмен жүремін деп ойладым. Сондықтан шығар, осы уақыт ішінде Алматыда тұрып, Қазақстан Жазушылар одағына, газет редакцияларына барып көрмеппін. Менімен бірге оқыған филологтердің біразы газет-журналдарды жағалап, тырнақалды шығармаларын жариялатып үлгерді. Тіпті кейбіреулері үшінші курстан-ақ баспасөз саласынан жайлы жұмыс тауып, орналасып жатты. Ол менің де қолымнан келетін еді. Себебі математикамен қоштасқаннан кейін, журналистика мен тілінің «шоғы» бар сықақшылардың ауылына үнемі бүйрегім бұрып тұратын. Абай атамыз айтқандай, бұл арманыма «қолымды мезгілінен кеш сермеп» барып жеттім, – деп ол рахаттана күліп алды.
Беріктің өзі айтпақшы, университет бітіргеннен кейін ауылына барып мұғалім болады. Сол бір жылдары әкесіне соғыс ардагері ретінде қаладан үй беріледі. Сүр бойдағы Берікті де өздерімен бірге алып кетеді. Қалаға келген соң мұғалімдік жұмыс іздеп, бармаған мектебі қалмайды. Осы кезде тағы да әкесінің көмегіне жүгінеді. «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, белгілі сыншы Сағат Әшімбаевтың арқасында корректор болып орналасады. Ә, дегеннен-ақ өзінің сауаттылығымен көзге түседі. Көп уақыт өтпей, газеттің секретариат бөліміне ауысады. Бұл бөлімдегі сайдың тасындай Қасым Әзімхан, Ертай Айғалиев, Сапарбай Парманқұл сияқты жігіттермен бірге істес болады. Қалың журналистің ішінде жүріп, бірдеңе жазбаса болмайтынын түсінеді. «Сүйіндіктің сүйкемесі» мен әкесінің «әзілдерін» ойына оралтып, сатирада бағын сынауға белін бекем буады.
Нартәуекелмен «Қазақ әдебиеті» газетіне қолжазбасын жолдап жібереді. Көп өтпей, жазғандары жарқ етіп, жарыққа шыға келеді. Тіпті атақты Оспанхан Әубәкіровтің өзі «сары ауыз балапан» Берік Садырға риза болыпты. «Баланың мұрты бар, баяғы барымташыларға ұқсайтын тұрқы бар. Нарынқол деген жұрты бар, сықақшы болатын сұрқы бар. Болсын!» депті алғысөзінде.
Оспанхан ағасының айтқаны айдай келді. Содан кейін-ақ ол сатира әлемінен соны соқпақ іздеп, шабытын қамшылай түсті. Республикалық мерзімдік басылымдарда Беріктің шығармалары дүркін-дүркін жарияланып, жүздеген, мыңдаған оқырмандарының ойына орнығып, таныла бастайды. Басқасын былай қойғанда, «Лениншіл жас» газеті жариялаған байқауда «Мінсіз қызмет» атты әңгімесі «Сүзеген сөздің» бас бәйгесін жеңіп алады. Бұл оқиға Берікті сатириктер сапына біржолата қосады.
Берік одан әрі «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Ара» – «Шмель» журналында әзіл-оспақтың «қазанын» қайнатады. Езу жидырмас дүниелерін еркін сілтеп, бірінен соң бірін «балалатып», оқырманын қарық қылып отырды. Ол «Ұлан» газетінде жауапты хатшы болып жүргенінде де балаларға әзіл-оспақ базарлығын артығымен ұсынады. Тапқырлығы басым дүниелерімен тәнті етеді.
Сатиралық театрлар «Тамаша» мен «Бауыржан шоуда» редакторлық жұмысты қоса атқаруы оған артылған зор сенімнің белгісіндей еді. Сахналық стильдегі әзіл-оспақтары көрерменнің ішек-сілесін қатырады. Сатираның сардарына айналған Берік соңғы ширек ғасырдан астам уақытын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышын жүргізуге арнайды. Осы ұжымнан зейнеткерлік демалысқа шығады. Алайда сүйікті газетінен қол үзе қойған жоқ. Бас басылымда «Бүгінгі сатира» айдарымен әзіл әңгімелері беріліп келеді. Демек, оның қайраулы қаламы әлі өткір деген сөз. Сатираның саптан шықпайтын сайыпқыраны осындай болса керек.
Шығармашылығы да ауыз толтырып айтарлықтай жемісті. «Не десем екен?!» атты алғашқы кітабы «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой, өмір!», «Социализм сатирасы» кітаптарымен жалғасады. Сатира саңлағының аударма саласына да сіңірген еңбегі ерекше. Осы тұрғыдан келгенде оның «Әлем әзіл әңгімелері» атты шетел сатириктерінің шығармаларын аударғаны сәтті шыққан. Оқырманға арналған сыйы болды. Берік әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айтқан сөздерін жинақтап «Бірде…» деген атпен кітап құрастырды. Бұл оның құнттылығы мен ұқыптылығын айғақтайды. Сонымен қатар «Ауылдың айтқыштары», «Ауыл әзілдері» кітаптары көпшіліктің қолынан түспеді. Ең бастысы, кітаптарының дені мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген дүниелер екенін атасақ артық болмас.
«Кейіпкеріңіздің ерен еңбегі қалай бағаланды?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Оған да жауабымыз дайын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Берік Садыр – ҚР Президентінің Алғыс хатының иегері. Қатарынан екі мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» белгісінің, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Алматы облысы Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Таяуда Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. Сондай-ақ таяуда өткен әдеби жыл қорытындысының жиынында сатира саласы бойынша баяндама жасаған Қазхан Әше: «Белгілі сықақшы Берік Садырдың «Анекдотпен аяқталатын күнделік» атты шежіресі жай сықақтан гөрі тәрбиелік мәні бар, сатиралық дәні бар дүние екен», – деген сөзі қаламгерге берілген бағаның бірі еді. «Қазақ әдебиеті» және «Жас алаш» газеттерінде анекдотпен аяқталатын күнделіктерінен үзінділер жарияланды. Оларды оқығанда таңдайыңды қағып, тамсанып, шеберлігіне тәнті боласың.
Осындайда еске түседі, 1980 жылдың 22 ақпанында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қолпаш» деген сыни әңгімесі жарияланады. Онда ауылдағы мектеп директорының қызметі жоғарылап, ауданға ауысқаны айтылады. Осыған орай мектепте пенде баласы қалмай, бәрінің директорды шығарып салу қамымен алашапқын болғаны әжуаланады. Шындығында, ол уақытта мұндай жандайшап жайттардың жиілеп кеткені рас еді. Бір жағы бастықты шығарып салуды «о дүниеге» аттандырғандай етіп күлкілі суреттеуі – тапқырлыққа толы қызықты штрихтар. Қаламгердің оқиғаны өткір тілімен «өлтіре» жазғаны жадымызда сақталыпты.
Берік Садырдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1983 жылғы 11 қаңтарда жарияланған «Кезек оныкі…» деген шошала әңгімесі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, тікелей Д.А.Қонаевтың атына АЗВИ-дің бір студенті атынан арыз түскені үлкен дүрбелең туғызған еді. Ол аздай, осы әңгімені «Голос Америка» радиосы аударып, эфирден беріп жібереді. Мұндай оқиғаны көзден таса етпей отыратын Мәскеудегі билік қадалған жерінен қан алмай қоюшы ма еді?! Газет басшыларының және автордың ішкенін ірің, жегенін желім жасағысы келеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне кінәлілерге қатаң шара қолдану жөнінде шұғыл тапсырма береді. Сондағы әңгіменің негізгі арқауы шопандарға берілетін Ленин орденінің мәні жайлы, оның қалай берілетіні айтылған. Ондағы көзбояушылықтар көрсетілген. Автор бәрін жеріне жеткізе жазған. Ештеңеге бас иіп көрмеген газет редакторы Шерхан Мұртаза мұнда да алты қарыс азуымен дес бермейді. «Бұл – көркем әңгіме желісімен жазылған дүние» деген желеумен тиісті жауабын беріп, автор мен газет абыройын қорғап қалады. Беріктің журналист ретіндегі қайсарлығы, сатирик ретіндегі өткірлігі тағы да көрініс береді. Қаламгер өмірінде мұндай мысалдар жеткілікті.
Уақыт дәйім уыста тұрмайды ғой. Кеше ғана жастықтың жалынымен жанып жүрген, сатираның сайыпқыраны атанған Берік Садыр да жетінші белесінің қыр желкесіне шығып, кемел жастың кезеңіне де келіп қалыпты. Қарап жатқан жайы жоқ. Зейнеткер бола жүріп, толық шығармалар жинағының 7 томдығын дайындап бітіпті. Сол сияқты таңдамалы шығармаларының 5 томдығын тиянақтапты. Нағыз жазушының жазғандары жаныңды жадыратады!
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы