Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Қонаев қаласының Бас жоспарын талқылауға арналған жиын өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында өткен жылы облыс орталығының Бас жоспары бекітілді. Бұл істі әрі қарай жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдармен қатар белгілі сәулетшілер, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен қаланың белсенді азаматтары атсалысатын болады.
Аймақ басшысы алдымен Қонаев қаласы облыс орталығы ретінде жаңа әкімшілік статусқа ие болғаннан кейін, шаһарды дамытудың жаңа стратегиясы айқындалғанын, енді ҚР Үкіметінің тиісті қаулысы негізінде ауқымды жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Жоспарды іске асырудың есептік кезеңі 2050 жылға дейін жалғасады. Оған сәйкес, бұл мерзім ішінде қала өңірдің заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдени, өнеркәсіп-инновациялық, көлік-логистикалық, ғылыми-білім беру орталығына айналады деп күтілуде. Сондай-ақ қала Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық, азық-түлік белдеуі, мұнай, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығына айналуға тиіс. Одан бөлек, жоспарда қаланың Алматы облысының басты туристік бағыттарының бірі – судағы демалыс орны және су спорты, туризм, аң мен балық аулау орталығы ретіндегі әлеуеті де ескерілген.
Жиында Марат Елеусізұлы облыс орталығының Бас жоспарына қатысты басқармалар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады. Осы орайда шаһардың қарқынды дамуына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін Бас жоспардың орындалу барысы талқыланды. Бас жоспар аясында инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды қарқынды жүзеге асыру көзделген.
– Бас жоспардың негізгі мақсаты – оның барлық элементін өзара байланыстыра отырып, өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды бөліп, жайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Жоспарда қаланың перспективалық шекарасына қосылатын елдімекендер мен тұрғын үй кешендері де ескеріледі. Қонаев қаласының Бас жоспары – еліміздегі ең ауқымды жобалардың бірі. Ол облысымыздың экономикалық және әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізетіні анық. Сондықтан жоспар шеңберіндегі инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар мен инвестициялық жобаларды әсте кешіктіруге болмайды. Ол үшін тиісті басқармалар өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді Марат Елеусізұлы.
Қаланы дамыту және жаңа мәдени-қоғамдық орталық салу үшін «Жаңа-Іле» алаңы таңдалып алынды. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени, тұрғын үй, білім беру және рекреациялық нысандар салу көзделген.
– Қазіргі таңда Қонаев қаласын кешенді дамыту жоспары бекітілді. Соған сай ескірген инфрақұрылымдық жүйелер жаңаруда. Мұнымен қоса «Жаңа-Іле» аймағына инфрақұрылым тарту мен жол салу жобалары дайындалуда. Келер жылдан бастап ол маңда нақты жұмыстар атқарылатын болады. Бұл аумаққа қызығушылық танытып жатқан инвесторлар баршылық. Сонымен қоса қазір қала аумағында 51 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қалалық жағажайда инженерлік желілер жүргізіліп, қала тұрғындары мен туристер үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Қонаевта №6 және №7 жағажайлар абаттандырылады деп күтілуде. №8 жағажай инвесторлардың қаражатына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ. Қазір 53 әлеуметтік нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары жасалуда. Бұл нысандар келер жылдан бастап кезең-кезеңімен бой көтереді, – деді Қонаев қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Руслан Сайлаубайұлы. Сонымен қатар жиында Бас жоспардағы басым бағыттарды жүзеге асыруда жаңа технологияларды енгізу, бірыңғай сәулеттік келбетті іске асыру тетіктері баяндалды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы