Бүгінгі таңда Астана – еліміздің экономикалық, саяси-мәдени өмірінің басты орталығы ғана емес, сонымен қатар жаһандық диалог алаңына да айналды. Соңғы жиырма жыл аясында әлемдік деңгейдегі түрлі басқосулар Елорда төрінде өтіп келеді. Бұл – ару қала Астанамыздың айдай әлем алдындағы абырой-беделінің арта түсуінің айқын дәлелі.
Қазақстан Республикасы аймақтық және халықаралық деңгейде ұлттық мүддені нығайтуға үлкен мән беруде. Ол үшін сыртқы саяси тұжырымдамадан туындаған стратегиялық маңызы бар істерді жүйелі түрде жүзеге асыруда. Осы мақсатта Қазақстан әлемнің барша елдерімен көпжақты, көпдеңгейлі саяси қатынастар орнатты. Сөйтіп, Елордамыз жаһанның жаңа келбетін қалыптастыруға өз үлесін қоса бастады.
Қазір еліміз халықаралық аренада тұрақты және қауіпсіз әлем құру, сыртқы саяси аренада сындарлы міндеттерді атқара алатын держава ретінде берік ұстанымға ие болды. Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ықпалының өсуіне әлемнің жетекші мемлекеттерімен стратегиялық серіктестік орнатуының, халықаралық ұйымдардағы белсенді қызметінің ықпалы зор. Сыртқы саяси бастамалардың сәтті жүзеге асырылуы соны көрсетеді.
Мұндай мақсаттар Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсуіне, шетелдермен сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастардың үдемелі түрде кеңеюіне негізделген. Қазіргі мемлекеттердің болашаққа бағытталған сыртқы саясаты күнделікті өмірде де өзектілігін жоғалтпақ емес. Бүгінде бас шаһарымыз жаһандық мәселелерді шешуге және еларалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған басты келісімдердің ашық алаңына айналып үлгерді.
Қазақстан негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында жаңа диалог алаңын – Астана халықаралық форумын ұйымдастырып келеді. Өткен жылы халықаралық форум «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында өтті. Сол арқылы дипломатиялық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттер арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтып, жалпыға ортақ қиындықтан бірлесе отырып шығу көзделді. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам үздік сарапшылар бас қосты.
Елорда төрінде өткен сол халықаралық форумды БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш аса жоғары бағалап, оның мәні мен маңызын атап өткен болатын.
«Бүгінгі таңда біздің ұжымдық механизмдеріміз бен іс-əрекеттеріміз сын-қатерлердің қарқыны мен ауқымына сəйкес келмейді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымында жаһандық басқарудағы осы олқылықтарды жою жəне шешімдерді табу үшін, елдерді біріктіру үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Астана халықаралық форумы осы мəселелерді талқылауға жəне барлығына бірлескен, тұрақты жəне инновациялық шешімдерді табуға жаңа мүмкіндік берері сөзсіз», – деген еді А.Гутерриш. Оның бұлай деуі әлемдік ұйым жетекшісінің Астанада өтетін жаһандық басқосуларға барынша сенім білдіретіндігін аңғартады.
Елорданың атауы биік мінберлерден саяси-экономикалық форумдарға қатысты ғана емес, дін саласындағы түйткілді тақырыптардың түйінін тарқату ісіне байланысты да жиі аталады. Өзінің сапалық деңгейін арттыра түскен дәстүрлі форум – әлемнің діни-экономикалық, саяси мәселелері ушығып тұрған уақытта мәдениеттер мен өркениеттер арасын жалғап, олардың тіл табысуына, бір-бірімен ымыраға келіп, ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған шара. 2003 жылдан бері Астана төрінде әр үш жыл сайын шақырылып, осы аралықта конфессияаралық келісімдерді нығайтып, алуан түрлі діни қауымдастықтардың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілуіне ықпалын тигізген Съезд өзінің дінаралық диалогтегі орнын қалыптастыра білді. Іргесі берік қаланған осы шараның бітімгершілік рөліне деген сенім әр форум сайын артып келеді. Өткен кезеңдерде туындаған алмағайып саяси оқиғалар мен діни қырғи-қабақ қақтығыстар, көпконфессиялы қоғамдағы проблемалар әлі күнге дейін өз шешімін күтіп, өзектілігін жоймайтыны белгілі. Сол себепті де дәстүрлі дін өкілдері бір-бірін жатсынбай, Астана дінаралық диалог алаңында үш жыл сайын өздерін толғандырған мәселелер туралы ортақ ой өрбітіп келеді.
Елордада дінаралық және конфессияаралық диалог үшін бірегей алаңға айналған әлемдік деңгейдегі форум әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сан мәрте басын қосты. Осылайша, халықаралық қоғамдастық әлемнің көптеген елдері үшін үлгі бола алатын ұлысаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесін таныды. Сондықтан да Астанада үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі бүкіл әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған бірегей оқиға деуге болады.
Биыл қала күні қарсаңында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет басшылары кеңесінің 24-отырысы өтті. Саммит «ШЫҰ плюс» форматында ұйымдастырылды. Саясаттанушылардың пікірінше, саммит нәтижелері Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға үлес қосатын белсенді және жауапты жаһандық мемлекет ретіндегі ұстанымын нығайтады. Қысқасы, жаһандық диалог алаңына айналған Астананың дауысына күллі әлем құлақ түрді.
Ерзат АСЫЛ