Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылы жыл өткен сайын көркейіп келеді. Мұнда салынып, бүгінде халық игілігіне айналып отырған сәнді де сәулетті құрылыс нысандары соны аңғартады.
Қазір құрылысы күн өткен сайын қарқын алып келе жатқан 4 қабатты 250 орынды емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Енді үш-төрт айдың шамасында аудан тұғындары осынау емдеу орнының игілігін көретіні анық. Әрине, жаңадан бой көтеретін нысандар осымен тоқтап қалмақ емес. Бұл сөзімізге іргесі өткен күзде қаланған тағы бір құрылыс нысаны дәлел бола алады. Тау етегіне таяу орналасқан құрылыс басындағы жұмыс қыза түсуде. Жастар орталығы болатын бұл нысанның құрылысын Төлеген Ерғалиев атты азамат басшылық ететін «ФСК Астана құрылыс» компаниясы жүргізіп жатыр. Жалпы аумағы 350 шаршы метр алаңда бой көтеріп жатқан, ұзындығы 23, ені 15 метр нысанның қазіргі таңда 70 пайыз жұмысы бітті десе де болады. Құрылыс жұмысымен 20 адам тұрақты айналысуда. Қолға алынып отырған жұмыстың тыңғылықты әрі сапалы болуы учаске бастығы, тәжірибелі маман Нұрлан Қасымбаев пен осы салада 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан құрылыс бригадирі Ерлан Сымайыловтың тікелей жауапкершілігінде.
– Құрылыс жұмысымен айналысып жатқандар осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар. Қалаушы, сылаушы, әрлеуші, бетон құюшы, дәнекерлеуші, техника тізгінін ұршықша иіретін тракторшы, краншы, жүргізуші де өзіміздің арамызда. Былайша айтқанда, маман тапшылығы жоқ. Мұның өзі қолға алып отырған жұмысымыздың белгіленген уақытында толыққанды әрі сапалы аяқталуына толық мүмкіндік тудырып отыр, – дейді бригадир Ерлан Сымайылов. Айтса айтқандай, мұндағы жұмыс уақытының әр минут, әр сағаты санаулы. Өйткені, таулы өңірдің қолайлы ауа райын дер кезінде пайдаланып қалу керек.
Жастар орталығының бүгінгі заман талабын толығымен қанағаттандыра алатын мүмкіндігі зор. 28 бөлмеден тұратын нысанда болашақта жиын залы, психолог орталығы, құқықтық қызмет көрсететін бөлме, әкімші мен мамандардың қызмет бөлмелері, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорты өтетін бөлмелер, киім ілетін, жуынып шайынатын орындар, ерлер, әйелдер дәретханасы, ауа тартатын бөлмелер жұмыс істейді. Сыртта жылыту қазандығы, шағын футбол, волейбол алаңдары бар. Жастар бірауық жұмыстан қолдары қалт еткенде осында бас қосып, кездесулер ұйымдастыруына, мемлекеттің сындарлы саясатына үлес қосудың жолдарын іздестіруіне, қоғамдағы үдерістерге көзқарасын білдіруіне, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда даму жолдарын іздестіруіне, спортпен шұғылдануына кеңінен жол ашылады.
Құрышқолды құрылысшылардың айтуына қарағанда, Жастар орталығының құрылысы алдағы қыркүйек айында толығымен аяқталып, пайдалануға берілмекші. Демек, аудан тұрғындарының сәулетті ғимараттың лентасы қиылған қуанышына ортақ болатын күн де алыс емес. Бұған іс басында жүрген іскер жандардың сенімі зор. Реті келгенде, Атхан Орынов, Сайджаппар Хатамов, Ықтияр Ниязбаев, Ерғали Ахметәлиев, Әбілсейіт Ахметәлиев, Нұрлан Жолдасов, Сәрсен Батырбеков секілді құрылысшылардың аттарына ыстық ықылас білдірген орынды. Іске сәт, дейміз!
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы