Техникалық регламенттерде, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерінде, нұсқаулықтарда және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды ескерусіз қалдыруға болмайды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтау адамдар мен қоршаған ортаны қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғайды.
«Азаматтық қорғау туралы» Заңның 16-бабына сәйкес, қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдардың басшыларына мерзімі өткен техникалық құрылғыларды уақытылы жаңарту міндеті жүктелген. Осыған орай жаңа технологияларды енгізуді және адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін тозығы жеткен жабдықтарды, техникалық құрылғыларды және желілерді қолданыстан шығаруды бақылау мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бірқатар жұмыстар жүргізуде. Жоспарға сәйкес ескірген, тозығы жеткен жабдықтарды кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару мақсатында жұмыстар атқарылуда. Дегенмен департамент жүргізген талдау деректері бойынша соңғы 5 жылда облыстың қауіпті өндірістік объектілерінің тек 13,5 пайызы техникалық қайта жарақтандырудан өткен. Бұған кәсіпорындардың қаржы ресурстарын жеткіліксіз бөлуі, ауыстыру мерзімдерін дұрыс жоспарламау, технологиялық тәртіпті сақтамау және жоспарлы профилактикалық және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбеу себеп болып отыр. Бұл туралы облыстық газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды және магистральдық құбырларды мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Мөлдір Әлібаева баспасөз мәслихатында баяндады.
– Департамент қарамағында 1809 нысан тіркелген. Жыл басынан бері 5 кәсіпорында 69 техникалық құрылғы мен желі ауыстырылған. Екінші жарты жылдыққа арналған жоспар бойынша 50 желіні ауыстыру көзделген, – деді спикер. Бұл жұмыстар апатты жағдайлардың алдын-алуға септігін тигізеді.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА