Астанадағы «Foliant» баспасынан шыққан «Семсер жүзіндегі серт» деп аталатын үш томдық романды тұшынып оқыдық. Себебі, мұндағы қызықты оқиғалар желісі. шұрайлы тілмен көркем баяндалған. Түріктің «Осман» көпсериялы кинотуындысын көрген шығарсыздар? Тарихи фильмде Анадолы жеріне азаттықтың қалай келгені туралы айтылады. Бұл шығарма да сондай. Алаштың бостандығы жолындағы қасиетті күрестің қыры мен сырын ашады. Басты кейіпкері – Кенесары хан!
Трилогияның әсері ықыласымызды арттырды, жақсы көзқарастар қалыптастырды. Біз секілді оқырмандар қарасының көбейетініне сенімдіміз. Әділбек Ыбырайымұлы шығармашылық жолын журналистіктен бастап, «Жас алаш» газетінің ұстаханасында шыңдалған. Бұл басылымның ерекшелігі, шаңырағына талантты жастарды топтастырды. Олар сөз өнерінің қазанында қайнап, адал бәсекені ардақ тұтып үйренді. Сол тәрбиенің жазушы бойына дарығаны кітапты оқыған кезде анық аңғарылады.
«Жас алаштан» кейін Әдекең «Заман – Қазақстанда» еңбек етті. Қазақ-түрік бірлестігінде шыққан газет кезінде тарихи-танымдық мәселелерге ден қойған еді. Бұл ортаның да ықпалы аз болмаған. Еркін көзқарасқа бейімделгені сондықтан шығар дейміз. Осының бәрі Тәуелсіздікті аңсаған ұлт шежіресін парақтауға итермелегені анық. Ол әрі тарихшы, әрі жазушы ретінде жауапкершіліктің жүгін қайыспай арқалады. Білімі мен сеніміне сүйенген автор кешегі кезеңге бүгіннің көзімен баға беруге тырысқан.
Қаламгер «шаң басқан архивтерден» тапқан тың деректерін мұқият екшеген. Қажеттісін алған, қажетсізі қалған. Оларды әдеби образға айналдырып, қайтадан тірілткен. Романды оқығанда, алмас қылыштарын жарқылдатып жорыққа шыққан батырлармен бірге жүргендей боласыз. Олар ұлт пен намыстың, ант пен серттің не екенін ұқтырады. Өмірге келу мен өмірден кетудің мазмұнына терең бойлатады. Қара бастың қамы мен халықтың болашағын ажыратып алдыға тосады.
Ұлт болып ұйысып, ұлы даланы еншілеген, әрине, жақсы. Азаттығын сақтау одан да жақсы. Олар сын сағаттағы оқиғаларды ел мүддесіне бұрды. Бұл істе жалаң тәуекел аздық етеді. Ақыл мен парасат, таным мен табандылық, ар мен намыс алдыңғы орынға шығады. Ерлерге тән ерекшеліктер трилогияның өнбойында өріледі.
Жаратылыстың мына бір тылсымына таңғаласыз. Қанда бар қасиеттің жоғалмайтыны ғылыми тұрғыда дәлелденді. Ол код деп аталады. Автор мұны былайша сипаттайды: «Елді езгіге салған жоңғар шапқыншылығын тойтарып, жарты ғасырға жуық жан беріп, жан алысқан шайқас аяқталды. Қазақ қалжырап барып, жілік майы үзілуге шақ қалғанда ата жауды атажұрттан аластап, арылтты. Қаныпезер жауыздарды өз ініне апарып жайратты. Дербестігін қайтадан қолына алды.»
Ерен ерліктердің арқасында басқыншы жау тарих сахнасынан жоғалды. Бірақ азаттық үшін болатын шайқастар аяқталмапты. Сайын далаға көз тіккен, қазақтың шаршаған сәтін күткен пейілі бұзықтар, іші тарлар таусылмапты. Діні бөлекті былай қойғанда, киіз туырлықты көрші ағайындардың «бір тырнағы ішінде жүргенін» қалай түсінуге болады? Олардың пәкене өкілдері күштілердің сойылын соғып, қожайындырының қолшоқпарына айналғаны өкінішті-ақ!
Ал ұлы даланың соңғы ханы Кенесарының ту көтергендегі күрескерлігін түсіне алмау соның көрінісі. Жолбарыстың жолына тор құрып, оны орға құлатуға қатысқандар ұлт болашағына балта шабумен бірдей еді. Неге бұлай болды?! Оның себеп-салдарын романды оқып шыққаннан кейін толық білесіз. Күнәға батқандарды аяйсыз, әрі лағнет айтасыз. Шындық біреу. Жазушы күлбілтелемей, оны өз қалпында жеткізген.
«Күні кешеге дейін Кенесары басқарған халық майданының (Отан соғысының) хронологиялық легін сақтап, оқиға неден басталып, қалай өрбитінін және немен аяқталатынын желісін үзбей жеткізген шығарма, шынын айту керек, жоқ еді. Жалпы, ақырғы құрылған хандық дәуірдің соңғы тұстарын тілге тиек еткен туынды ұшыраспаған. Трилогиямен танысқанда осы олқылықтың орны толғанын көрдім», – дейді жазушы Қойшығара Салғарин ағынан жарылып. Осылай деп трилогияға жүрекжарды бағасын берген. Осы пікірге біз де қосыламыз.
Кітапта тартысты оқиғалар қою, философияға бай. Мәселен, автор бір сәттік жеңіс халықтың мәңгілігін қамтамасыз ете алмайтынына тоқталады. Жеңістің баянды болуы мұрагерлер сапасына байланысты екенін ескертеді. Атап айтқанда, кейінгі толқын күреспен шыныққан алдыңғы толқынның қуатын олардың өзіндей етіп жалғастыруға тиіс. Онсыз ұпайынан айырылады. Қайсарлық қалыбын сақтағанда ғана, ұлт ішкі-сыртқы қатерлерге төтеп беретін иммунитетті қалыптастырады. Кітапта қозғалған осындай мәселелер бүгінгі күнге де қажет екенін түсінесіз.
Қазақ жоңғардың тізесін бүктірді. Туын құлатты. Бірақ бақай есебін ішіне бүккен үшінші күш алақанын ысқылап алыстан бақылады. Қазақ жеңіске жеткенімен, ендігі жерде оған сүйеніш керек еді. Сондықтан орыспен одақтасты. Басында ол тең дәрежедегі келісім секілді болып көрінгенмен, бара-бара бодандықтың құрығына айналды.
Өмірде тұрмыстың кемдігі түгелденер. Алайда теңдік дұрыс сақталмаса не болмақ?! Қазақтың қайраткерлері осы туралы ойлағанда шиыршық атты. «Арым – жанымның садағасы» дейтін кезеңнің жеткенін білді. Егер хандық басқару жойылса, мемлекеттің жойылатыны белгілі еді. Өзекті өртеген өкініштің орнын толтыруға тырысты. Егеулі найзаны қайтадан қолға алып, алаш ұраны көтерілді. Оның басында Абылайдың немересі Кенесары тұрды!
Аты аңызға айналған Кенесары жайлы шығармалар жазылмады демейміз. Кешегі жыраулардан бастап, кәсіби жазушыларға дейін қалам тербеді. Кезінде Мұхтар Әуезовтың «Хан Кене» пьесасы батыл бастаманың мысалына айналды. Тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың зерттеулері осы тақырыпты қаузады. Ғалымның өміріне қатер төндірген монография кенесарытанудағы ізденістерімен ерекшеленді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» де Кенесарыға қатысты бірқатар эпизодтар қамтылды.
Десек те, тақырыпты толық қамту мүмкіндігі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының еншісіне бұйырған екен. «Осы тұрғыдан алғанда, трилогия – тарихи ақиқаттың қоймасын ашқан тұңғыш шығарма немесе осы арқылы Азаттықтың айғағы – ұлттық сана бой көтерді. Оған дәлел – осы Тәуелсіздік трилогиясы», – деген Қойшығара Салғариннің тұжырымы ойымызға қонды.
Роман үш кітаптан, үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы – «Арланның азуы». Қазақта «азулы» деген сөз тіркесі бар. Өте құнды теңеу. Семсерін сертке ұстаған серкесі, төріне жаттың аяғын бастырмас төресі тұрғанда елдің сағы сынбаған. Отыз тістің ішіндегі өткірі, қарсыласын қарс-қарс шайнайтын азуы осылар болса керек. Ал келешегін ерлік пен елдіктен іздеген ұлыс азудан айырылмауды тілейді. Алайда халқы мен салты бір ағайынның кейбір кездегі қатыгездігі мен қараулығы көп нәрсені кері шегіндірмей қоймайды. Романда сол жағдайлардың трагедиясына куә боласыз.
Қырғыздың Орманбет манабының шешесіне берілген аста екі елдің ақындары Сүйінбай мен Қатаған сөзбен сайысады. Далалықтар үшін бұл да күрестің бір түрі. Қазақтар басым түседі. Жазушы айтыста қозғалған мәселені қаузай отырып, ағайын арасындағы келіспеушілік салдарынан туындаған әрекеттің өкінішті оқиғаларына тоқталады. Түбін ойламағандықтың зардабы үлкен. Ұлттың жан тебіренісін қобыз сарынына қосып бебеулетеді. Романдағы диалогтар, суреттеулер, ішкі толғаныстарды шеберлікпен баяндаған тұстар оқырманды бейжай қалдырмайды. Көшпенділер өмірінің сол замандағы қайшылықтарынан сабақ алуға шақырады.
Қазақтың көрген құқайы аз емес. Басқасын былай қойғанда, тілі ұқсас, діні бір ағайынның ақиқаттан ауытқып, қастасуға жол бергенін қалай түсінуге болады?! Ондай хал Абылай заманында да орын алған. Кенесары атой салған кезеңде тіптен асқына түсті. Қырғызбен арадағы атақты «Жайыл қырғыны» – соның дәлелі. Жазушы жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырмай, кеңінен ақтарып, сыр сандықтардың құпиясын әшкерелеген. Мұны шығарманың өзіне тән бір ерекшелігі деп білдік.
Қазақ кіндігінен тараған ұлды өз жұртынан ажыратпауға тырысқан. Оның түпкі мәнісінің не екені романда көрсетіледі. Шығарманың мына бір тұсына назар салғанда бәрін аңғарасыз. Қаныпезер дұшпан аяқ-қолын бір-бірлеп кессе де шың еткен дыбыс шығармаған Байтелі мергеннің сесі мен төзіміне таңғаласыз. «Тірідей терісін сыпырса да сыр бермейтін көкжалдай жағының кісін ашпайды», – деп Қаработаның зығырданы қайнайды.
«… Қаработа Байтеліге жақындай түсті. Мерген оған жалт қарап, мына бейтаныс білеуіттің бет-жүзінен өзіне жақын әлдекімнің өңін шырамытты. Тап басып білмегенімен, одан бауыры Дүйсеннің, жеңгесі Майраның көзқарасын аңғарды», – дейді жазушы. Өмірде бұдан артық қорлық пен қасірет бола ма?! Осы жолдарды оқыған кезде шетелге бала таратудың бүгінгі әрекетінен безінгендей халде ет жүрегің шымырлайды.
«Арланның азуы» атты бірінші кітап мынандай сөйлемдермен түйінделеді. «Қазақ даласында 1820 жылдардың басында дуандық ашылып, аға сұлтандық мансап пайда болды. Мансапқа ие болған төрелер мен билер ел мүддесін ұмытып, ұлықтың әуеніне аударылып-төңкерілді. …Осы кезде Кенесары сұлтан семсердің жүзін сүйіп, серт етіп, әкесінің аманатымен атқа қонды. Патша империясының озбырлығына қарсы Қаратаудан басталған жорық он шақты жылдан соң Қаратаудың маңында аяқталатынын ешкім білген жоқ».
«Серт» – екінші кітаптың аты. Ұлы мақсат жолындағы ғазауат майданының бас имес жорықтарын баяндайды. Кімнің кім екенін салмақтайтын, анықтайтын сын сағаттарды шоласыз. Кенесары – Наурызбай бастаған ұлт қаһармандарының тарлан табиғаты олардың өзінен бөлек ешкімге ұқсамайды. Алмастай қырымен таңғалдырады.
Ауызбен айтқанды қолмен орындай алмайтын жағдай пендеге тән қылықтың бірі десек те, мұндай кезде жігіттің төресі ғана сертінен таймайды. Түсі суық ажал да оны райынан қайтара алмаса керек. Хан Кененің қайсар образын қаламгер осындай қалыпта сомдаған. Ең соңғы майданға, қайырсыз майданға кіргенін біле тұрып сағын сындырмады. Асыл жандардың ақырғы өнегесі де алабөтен асқақ! Осыны баяндаған сөйлемдерді оқығанда, дүниеге қазақ болып келгеніңе мәртебеленесің. Роман өткен оқиғалардың көмескі тартқан рухын қайта тірілткен.
«Қазақтың бүтіндігі мен азаттығы үшін қарақан басымызды ажалға тігіп келе жатқанымызға біршама уақыт өтті. Ұлы мақсат жолында өршеленген өрелі елдің ұрпағы бүгін тұзаққа түскендей қоршауда қалды. Оған тайынып қорқатын біздің сарбаздар емес. Өйткені, дәм таусылмай ажал жоқ. Ал ажал Тәңірдің бұйрығымен маңдайымызға жазылған. Оның уақыты қашан келетіні, жанымызды қалай алатыны бір Аллаға ғана аян» деген Кенесары монологын жазушы бүгінгі ұрпаққа баба рухының, мінезінің мәнеріне салып дәл жеткізген. Хан күресінің қасиетті мазмұнын сөзбен кестелегені жарасып-ақ тұр.
Кенесарының ақтық сөзінен көп нәрсені аңғарасыз. Одан өлім емес, күні ертең қайта бүршік ашатын өміршеңдіктің лебі есіп тұрғандай. «Сендер астымдағы атымнан, қойындағы қатынымнан, алдымдағы асымнан, иығымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойыным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі Тәуелсіздігін алады!», – дейді сары алтындай сабырмен. Кезекті жорық сапарына кетіп бара жатқандай тік сөйлеп тұр.
Семсер жүзіндегі серт сонысымен күшті екенін жазушы барша жұртқа риясыз түсіндірген. Бір Алла халқымызды қолдап, Хан
Кененің арманы жүзеге асты. Хақ жолындағы, қазақ жолындағы адал күрес ақыры өз нәтижесін берді. Роман соның терең сырларына қанықтырады.
«Рух» – трилогияның үшінші кітабы. Қазақта «Құдай оңдап, әруақ қолдап» деген қанатты сөз бар. Шығарманың күллі желісі осы ұғымға негізделген. Өйткені азаттық үшін төгілген қанның өтеуі қымбат. Ондай өтеудің басты белгісі – Хан Кене перзенттерінің әке аманатын шынайылап ұғуға тырысқаны.
Әрине, бұл кезде даланың бұрынғы өз билігі өзіндегі дәурені бәсеңдеген, көптеген өзгерістер орын алған болатын. Соған қарамастан хан тұқымдары рух отын жан-жағына шашыратып буырқанды. Осы орайда тағы да Қойшығара Салғариннің пікіріне жүгінелік. Ол Кенесарының ұлы Сыздық сұлтанның қайсарлығына жоғары баға береді. Арнайы әскери білім алмаса да «дала генералына» айналып, мұздай қаруланған дұшпандарын талай рет тықсырған екен. «Сыздық сұлтанның күрестерге қолбасылық етіп, шайқасты үздіксіз өрбітуі әсерлі суреттеледі. Сыздық образы арқылы ата-баба аманаты мен перзент парызы, нақтысын айтқанда, үздіксіз еркіндікке ұмтылған қазақ халқының жанкешті қаһармандығы бейнеленген. Ақырында күрескерлік тұтас бір құрлықты алып жатқан темір құрсауды тас-талқан еткен қасиетті Желтоқсан оқиғасына келіп тіреледі», – дейді Қойшығара Салғарин.
Біз бұл мақалада ұзын ырғасы 1500-ге жуық беттен тұратын трилогияны бүге-шігесіне дейін қамтыдық деп айта алмаймыз. Ол үшін тарау-тарау монографиялар керек. Ең бастысы, трилогияның бұқараға ұнамды, сәтті болып шыққаны. Автор Кенесары Хан мен оның айналасын сөз еткенде, бұған дейін назардан тыс қалған ақтаңдақтарды айналысқа қосуды ұмытпаған. Және оны қарадүрсін қолданбай, әдеби норманың қалыбына салып, көркемдікке бағындырған. Оқиғалар желісін өзара ұштастырып, шиеленістердің шебер қисынын келтірген. Бір сөзбен айтқанда, трилогия арқылы ұрпақтар санасын ашып, бұлтартпас ақиқатты оқырманның алдына тосқан. Дүдәмал сұрақтарға нақты жауаптар қайтаруды мақсат еткен.
Трилогия өткен ғасырлардың шытырман шежіресіне қызықтыра жетелейді. Одан жаугершіліктің сипаттарын ғана көрмейсіз. Қазақтың салт-дәстүріне тән ерекшеліктерге де кезігесіз. Дала тіршілігінің дархандығына сүйінесіз. Айнымайтын адалдықты үлгі етесіз. Екі сөйлемейтін мәрттігіне бас иесіз. Қазақ болмысының мұсылмандық танымға сәйкес келетін даналығына тәнті боласыз. Қайтпас-қайсар ерлердің қуат алар қайнар көзінің қайда екенін бағамдайсыз. Кітап ұлттық ұлағаттың тәрбие құралына айналып кеткендей әсер береді.
Кенесары көтерілісі – қазақтың ішкі қалауының сыртқа шыққан айбынды көрінісі. Ол 1916-шы жылы тағы да ұлт-азаттық болып жалғасты. Алаш қайраткерлеріне де дем берді. Оларға орыс империясына қарсы шық деген ешкім жоқ. Ендеше есіл ерлер неге саналы түрде өлімге басын тікті?! Романда соның бәрі ашып айтылады.
Мәселен, алаш қайраткерлерінде не жоқ? Бәрі болған. Олар шетінен жоғары білімді игерген. Малдан кемдік көрмеді. Есіл ерлер еншілейтін қызықтарын тәрк ете отырып, өмірін халыққа арнады. Бірауыздан келісіп алғандай, Кенесары ұстанған ақ жолды таңдады. Азаттықты аңсаған толқындардың арасындағы осынау ұқсастықтар кітапта жан-жақты таразыланған.
Наурызбайға жаудың үкімі шығып, өлім алдында тұрғанда: «Жиырма беске жеткенім жоқ, бірақ жүз жасаған кісінің сүретін дәуренін сүрдім» десе, кешегі Желтоқсанның құрбаны болған Қайрат: «Жиырма бесте жасым бар» дейді. Автор ерліктің екі дауысын осылай қатарластыра өрген.
Демек, қайсар халықтың жапырағы қапыда үзілсе де, түп тамырын сақтап қалуға барын салған. Осыған қатысты ой-толғаныстар оқырманды бей-жай қалдырмайды. Үш ғасыр бойы төгілген қанның орнына Тәуелсіздіктің ағашы өсті. Оны баптауға, маңдай терімізбен суаруға, аман-есендігін сақтауға әр қазақ барын салуға міндетті. Трилогияның түйіні осыны меңзейді.
«Семсер жүзіндегі серттің» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаны орынды шешім. Оған қуана қол соғып, жарыста озып шығуына тілектеспіз.
Кәдірбек Құныпияұлы,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері