«ТехноНиколь-Центральная Азия» – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағында сенімді және тиімді құрылыс материалдары мен жүйелерін шығаратын жетекші халықаралық өндіруші. Қазіргі кезде бүкіл әлемде 200 миллионнан астам адам Технониколь материалдарынан салынған үйлер мен ғимараттарда тұрып, еңбек етеді.
Бас директор Нияз Сүлеймановтың айтуынша, негізін ресейлік «Технониколь» компаниясы қалаған өндіріс ошағы құрылыс саласы үшін жаңа өнімдер әзірлейді. 1992 жылы құрылған компанияның ТМД елдеріне кіретін мемлекеттерде филиалдары мен кәсіпорын желілері бар. Атап айтар болсақ, компанияға қарасты 59 өндіріс алаңы, 20 оқу орталығы, 6 ғылыми орталық жұмыс істейді. Олардың бәрі де білікті мамандармен, жоғары технологиялы құрал-жабдықпен қамтылған. Қазіргі кезде бас компания Қазақстан аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізе отырып, Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриялық-өнеркәсіптік аймағында 30,6 гектарды құрайтын өндірістік кластер құрды. Бұл кластерге тұрғын үй, қоғамдық және өндірістік ғимараттар салу үшін жылыту жүйелерін орайтын материалдар және тас мақта шығаратын екі зауыт кіреді. Сондай-ақ мұнда өндірістік цех, әкімшілік-тұрмыстық корпус және қалдықтарды өңдеу орталығы орналасқан. Ғимараттардың жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды.
– 2021 жылы сәуір айында облыс әкімдігімен меморандумға қол қойылды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында алғашқы зауыт іске қосылды, екінші тоқсанда тағы бір өндіріс ошағы ашылмақ. Сонымен бірге үлестіру орталығы өз жұмысын бастады. Қазіргі кезде полимерлік жылу оқшаулауға қажет экструиздік пенополистирол шығару өнімділігі жылына 500 мың текше метрді, ал тас мақта негізінде жылу оқшаулау материалын шығару 1,4 миллион текше метрді құрайды.
Зауыттар тиімділік, еңбек өнімділігі және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін еуропалық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алаңдарға тазалау қондырғылары қойылған. Ол арқылы қалдықты газдар мен негізгі өндірістегі камераның қосымша жағу газдерін фильтрлеу жүзеге асады. Ол атмосфераға шығарылатын қалдықтарды 98 пайызға дейін тазалауға мүмкіндік береді.
Зауытқа полимерлік жылу оқшаулау материалын өндіруге қажетті шикізат негізінен Ресей мен Ираннан және жергілікті нарықтан жеткізіледі. Ал тас мақта үшін шикізат біздің елімізден, Ресей және Қытайдан сатып алынады. Қазірдің өзінде бұл зауыттарда 200 адам жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі – жергілікті тұрғындар. Зауыт іске қосылмай тұрып, жұмысшылардың біразы Ресейде жұмыс істеп тұрған зауыттарда тағылымдамадан өтті.
Бүгінде минералды мақта өндірісі құрылысына салынған инвестиция 80 миллион еуродан асты. Зауыт өзінің минералды мақта қалдықтарын толықтай қайта өңдейді, сондай-ақ технологиялық үдеріс кезінде нөсер жаңбыр суын да қолданады. Оны сақтау ыдыстарында жинап, өндіріске жіберу жоспарланған. Қолданылған су да құр бекерге далаға ағызылмай, қайта өңделіп пайдаланылатын болады. Осылай біз жаңбыр суын да өндіріске жаратпақпыз, – дейді бас директор.
«ТехноНиколь-Центральная Азия» компаниясы жергілікті мекемелерді де өндіріске қатысуға тартып, олар өндіретін материалдар мен жабдықтарды, соның ішінде Технониколь талаптарына жауап беретін металл конструкцияларын, стандартқа сай емес жабдықтар, желдеткіш және жылыту құралдарын қабылдауға да ниетті. Жобада қазіргі жұмыс істеп тұрған өндірісті кеңейту де қарастырылған. Демек жұмысшылар саны да артады деген сөз. Нияз Сүлеймановтың айтуынша, компанияның міндеті – сапалы, сенімді құрылыс материалдарын өндіріп, оларды әрбір адам үшін қолжетімді ету.
Құтмағамбет Қонысбай