Алматы облысы жастарының басын қосатын жобаға өтінімдер қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады. Облыста 14 пен 35 жас арасындағы 426 117 мың жас бар. Олардың көбі өз қалауынша «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына қосыла алады.
«Жасыл ел» қозғалысы 2005 жылы елімізде кең қанат жайған болатын. Жасылелдіктерді жаз бойы жұмыспен қамтуға жауапты – «NS Group ltd» ЖШС. Қатарынан екі жыл жиырма жылға жуық тарихы бар ауқымды жобаға жетекшілік етеді», – деді Алматы облысы жастар ресурстық орталығы КММ-нің директоры Мақсат Кенешов.
«NS Group ltd» ЖШС-нің өкілі, жоба жетекшісі Қуаныш Тобаяқовтың сөзіне сүйенсек, биыл еңбек жасағының жұмысы жандана түспек.
«Жасылелдіктер болып алдағы уақытта «Таза Қазақстан», «Ардагерлерді ардақтайық» сынды жобаларға ат салысамыз. Бұдан бөлек, аумақты көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріп, көшет, жасыл желек отырғызу жұмыстары қарқын алады. Өткен жылы 1200 жас «Жасыл ел» қатарына қосылса, биыл 1000 жасты қабылдау жоспарланған», – деді Қуаныш Қайратұлы.
Айта кету керек, кәмелетке толмағандар үшін келісімшарт өтінім берушінің ата-анасымен немесе заңды қамқоршыларымен жасалады, сонымен қатар олардың жазбаша рұқсаты керек. Еске сала кетсек, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары үшін айлық ақысы көтеріліп, 85 мың теңгені құрады.
«Жасыл ел» қатарында жұмыссыз, студент, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі топтардан шыққан жастар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар жұмыс істей алады. Қосымша сұрақтар қойып, өтініш білдіру үшін +7 707 625 6274 байланыс нөміріне хабарласу қажет.