Қазіргі таңда тек Алматы облысы бойынша қайтыс болғаннан кейінгі донор мәселесі қиындық тудырып отыр. Өйткені, донорлық стационарлар арнайы аппараттармен жабдықталмаған. Жуырда Шымкент, Повлодар, Алматы, Ақмола, Қызылорда облыстарында мәйіттік донор ағзалары тіркеліп, бірнеше науқастың өмірін ұзартуға сеп болды. Яғни, ағзаларын ауыстыруға мүмкіндік алып жатыр.
Қайтыс болғаннан кейінгі донор ағзаларын мұқтаж жандарға беруге келісімді олардың туыстары берді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы (ТЖТМҚҮРО) донорлық және транспланттау процесін жедел ұйымдастыруды жүзеге асырып отыр. Донорлардан бауыр, жүрек және екі бүйрек, өкпе алынды.
Әрбір ағза транспланттау бойынша сәтті операциялар жүргізіліп келеді. ТЖТМҚҮРО деректері бойынша, 2023 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін 7 донор тіркелді. Бұл 19 ағзаны транспланттауға мүмкіндік берді. 2024 жылдың басынан бері қайтыс болғаннан кейінгі донорлардың саны 5-ке жетіп, нәтижесінде 19 ағзаны трансплантаттауға мүмкіндік туды.
«Трансплантологияның даму деңгейі денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық қызметтер сапасы дамуының индикаторы болып саналады. Себебі, ағзаларды сәтті трансплантаттау құқықтық база, дайындалған адам ресурстары, техникалық мүмкіндіктер және елде қалыптасқан донорлық мәдениет болған кезде ғана жүзеге асырылады», – дейді Алматы облысы бойынша донорлық үйлестіруші Ақерке Тұрсынбайқызы.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық мамандарды, медицина қызметкерлерін, әсіресе трансплантологтарды даярлау мен үйлестірудің жоғары деңгейін, сондай-ақ халық тарапынан қолдаудың артып келе жатқанын атап өтті. Елде трансплантологиялық көмекті дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Бұл медициналық көмек МӘМС қоры есебінен жүзеге асырылады.
Ақерке Тұрсынбайқызы,
Алматы облысы бойынша донорлық үйлестіруші