Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында «Заманауи мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті. Мақсаты – басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесін арттыруға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тең жағдай жасауға және жастарды қолдауға бағытталған мәселелерді талқылау. Басқосуға мемлекеттік органдардың басшылары, Әдеп жөніндегі уәкілдер және өңірдің жас мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Жиынды ашқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жақыпов демократиялық мемлекет құрудың маңызды факторы гендерлік теңдік екенін, бүгінде облыста қызмет атқаратын 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің 50 пайызын әйел адамдар құрап отырғанын атап өтті. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке іріктеу мен өңірлік кадрлық резерв жайлы сөз қозғады.
Бұдан кейін сөз кезегі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаевқа берілді.
– Мемлекеттік қызметке адам жүрек қалауымен келуі қажет. Осы жолда барлық білімін сарп етіп, аянбай тер төгуі тиіс. Қазақстанның дамыған елдердің қатарына жетуіне барлық мүмкіндік бар. Бүгінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Парламентте былтырғы қыркүйек айынан бері 102 заң қабылданды. Бірқатар заң қатаңдатылды. Кейбірде осы заңдардың орындалу жағын ескермей жатамыз. Осы жағына мән беруіміз қажет, – деген сенатор қазіргі кездегі Қазақстан үшін 7 жаһандық сын-қатерді атап, оны алдын алу жайлы әңгіме өрбітті.
Ғалиасқар Төлендіұлы мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлін баса айтып, жиынға қатысып отырған жастарға оның басты бағыттары жайлы кеңес берді. Сонымен бірге бүгінде ұлттық қорда 61 млрд доллар, халықаралық қор резервінде 90,8 млрд доллар, алтын қорда 25,8 млрд доллар бар екенін айтып, алдағы уақытта осы қорларды молайту бағытында жұмыс істеу керегін қаперге салды. Әлемдегі уранның 25 пайызын біздің мемлекет өндіретінін де тілге тиек етті. Одан әрі қарай жоғары палата депутаты әлемге аты әйгілі «Forbes»-тің үздік ондығына енген брендттерді санамалап, ұлттық өнім жайлы ойымен бөлісті.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 15-бабы 6-тармағына енгізілген өзгеріске сәйкес, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылдық округі әкімдігіне жетекші маман болып конкурссыз тағайындалған Алина Айтуова мемлекет тарапынан жастарға осындай жақсы мүмкіндік беріліп отырғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге Балқаш ауданы Бірлік ауылдық округі әкімдігінде бас маман болып қызмет атқаратын Андрей Сидельников болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстыратынын айтты.
Жиынды Арсен Жақыпов қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ