-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Баспасөз-2024

    Баспасөздің бәсі биік

    20.07.2024
    in Баспасөз-2024
    Баспасөздің бәсі биік
    0
    SHARES
    12
    VIEWS

            Бала кезімізде үйге құшақ-құшақ газет-журнал келетін. Пошташы апай оларды шарбаққа ілінген арнайы жәшікке нығыздап салып жатады. Көшеде арпалыса ойнап, шаңды аспанға көтере тапырақтап жүгіретін бізге сол кісінің жұмысы ерекше көрінетін. Ол кезде газет алмайтын отбасы жоқтың қасы. Небір журналдар, аудандық, облыстық, республикалық газеттер күттірмеуші еді.

    Өз басым балабақшаға бармағандық­тан, алғашқы сауатымды газеттен аштым. Атам мені алдына отырғызып, басылым беттеріндегі тақырыптың әріптерін жатта­татын. Осылайша мен үшін алғашқы әліппе де, ұстаз да газет болды.
    Үйдегі үлкен кісілер газет-журналды бастан-аяқ сүзіп шығатын. Шай үстінде сондағы жаңалықтарды сөз ететін. Қызық­ты әңгімелерді талқылайтын. Мектепке бар­ған жылы мен де газет оқимын деп қиғылық салып, «Балдырған» журналын жаздырыт­қаным әлі есімде. Айына бір рет келетін журналды асыға күтемін. Кейін «Ұлан» газетін, «Ақжелкен» журналын оқи бастадым. Әр журнал мен газеттің тігінді­лерін қалдырмай жинайтынмын. Алғашқы дүниелерім осы балалар басылымында жарық көрді. Ол кездегі қуанышты айтып жеткізе алмаспын. Содан бастап журна­листикаға деген сүйіс­пеншілігім оянды.
    Сол кезде пошташылар біздің үйге онға тарта газет-журнал әкелетін. Тек біздің үй ғана емес, әрбір шаңырақ осындай. Кемі 3-4 басылымға жазылушы еді. Өз еріктерімен, өз қалауларымен, ешкімнің қосымша үгіт-насихатынсыз жазылатын. Тағы бір ерекшелеп айтатын нәрсе – сол кездегі баспасөз беттерінде ел мүддесі, халық қамы, рухани құндылық­тар өзекті тақырыптарға айналып, үзбей жарияланатын. Қай басылымды оқысаңыз да салмақты сараптаулар, маңызды мәселе­лер менмұндалап тұратын. Басылым­дар сонысымен құнды, сонысымен көпшіліктің көңілінен шығатын
    Қазір қалай? Сан жағынан алғанда түрлі бұқаралық ақпарат құралдары толып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 2024 жылдың мамыр айына дейін нақты тіркелген 5 855 БАҚ бар екен. Әрине, мұның ішінде мерзімді басылым да, теле­арналар мен радио, ақпарат агенттіктері және шетелдік ақпарат көздері толық қамтылған. Ал нақтылап көрсетер болсақ, бұл тізім – 220 телеарна, 90 радио, 1242 ақпарат агенттігі мен желілік басылымдар, 300 шетелдік БАҚ және қалған 4003-і мерзімді баспа басылымын құрайды. Баспа басылымдарының өзін екіге бөліп жіктеуге болады. Яғни оның 2216-сы газет, 1787-сі журнал. Сонымен қатар олардың электрондық нұсқалары тағы бар. Бірақ осыншама ақпарат құралдарының бәрі бірдей халықтың қамын күйттеп, жоғын жоқтап, жалғандыққа жол бермей жүр ме? Болмаса, бәрі бірдей ұлттық мүддені алға ұстаған ба? Мәселе сонда. Өкінішке қарай, мұндай сұраққа тұшымды жауап табу қиын.
    Қазір БАҚ-ты бағы санап, саудаға айналдырып, табыс табудың бір көзі ретінде пайдаланып жүргендер азаюдың орнына көбейіп келеді. Бәсекелік ортаға бейімдеу керек деп кезінде мемлекеттің меншігінде болған БАҚ-ты да сатылымға шығарып, кім көрінгеннің қолына ұстатып, ойдағы мен қырдағыны, көшедегі пыш-пышты әңгіме ететін, ұлттық құндылықты ұлықтаудан, ұлттық мүддені алға шығарудан ада бірсарынды БАҚ-тарға айналдырып жібердік. Тек қаржы табу үшін кез келген тақырыпты қаузап, мақтау мен мадақ айтып, онысын бұлдап жүргендер жеткілікті.
    Өткен жылдың соңында ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева еліміздегі БАҚ-тың 90 пайызы жекеменшік екенін айтқан болатын. Оның өзінде кәсіби, журналистік этикадан хабары бар, осы салаға жаны ашып, жүрегі күйінетін жандардың қол астындағы басылым да некен-саяқ. Осыдан біраз уақыт бұрын облыс көлемінде қаламды серік еткен жандардың мәселесі қаузалған алқалы жиын өтті. Облыс деңгейіндегі басылымдардың басшылары бас қосты. Баспасөзге қатысты өзекті мәселелер тал­қыланды. Бір кезде әріптестеріміздің бірі сөз алып, журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әңгіменің әуеніне ергендей болды. Мықты кәсіпкерлігі көрініп тұр. Қайдан, қалай қаржы табу керектігін біледі. Сол білгірлігін енді медиа саласында пайдаланып бағуда екен. Журналистикадан мүлдем хабарсыз, тіпті баспа мен баспахананы ажырата алмайтынын аңғартты. Бәріміз амалсыздан бетімізді бастық. Осылайша Алаш арыстары «Халықтың көзіне, құлағына һәм тіліне» теңеген баспасөз бүгінде сөз құдіретіне емес, «қолынан келіп, қонышынан басқанның» өз құдіретіне айналып бара жатқандай. Баспасөз ақшаға бас иетіндер мен көк қағазды көп халықтан жоғары қоятындардың қолында қалып бара ма деп алаңдайсың. Бұл не? Әлде заманның ағымы осы ма?
    Кейбір мәліметтерге көз салсақ, 1991 жылмен салыстырғанда, яғни тәуелсіздік жылдары БАҚ саны 350 есе өскен. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары көбейген­мен, басылымдарға жазылушылар саны артқан жоқ. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің хабаралуынша, 2024 жылы еліміз бойынша газетке 360 612 жеке тұлға жазылыпты. 20 миллион халқымыз бар деп қағанағымыз қарқ болғанда, соның небәрі 1,8 пайызы ғана қолдарына газет-журнал алып оқитын болып тұр. Оның ішінде әйтеуір басшы­лықтың көңілі үшін жазылып қана қойған мемлекеттік қызметкерлер мен ұстаздар қауымы да бар. Бұл – көңіліңді күпті ететін цифрлар.
    Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазір­гідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек», – деген еді. Иә, газетке емес, интернет арқылы жететін ақпаратқа құлақ түретін, әлеуметтік желідегі жеке көзқарастардан ғана туындайтын пікірлерді дұрыс санайтын, шынайы сөзге емес, хайпқа сенетін, лайықтыға емес, лайкқа еретін біздің қоғамда газет-журнал оқудан гөрі жеңіл-желпі ақпаратты малданатындар көбейген. Осыдан келіп тұщымды ой, салиқалы пікір айта алмайтын, желөкпе әңгімелерге, жеңіл дабыраларға әуес ұрпақ өсіп келеді.
    Баспасөзге жазылу науқаны кезінде тұрғындар бұрынғыдай поштаға өздері бармайды. Есесіне көк сөмкесін арқалап, үйді-үйді аралап, газет-журнал насихаттап пошташылардың жүргенін көреміз. Ілуде біреуі жазылмаса, қазір газет оқиын деген адамдар азайды. Бәрінің айтатыны бір пікір. «Жаңалықты – интернеттен оқи саламыз, газеттің қажеті не?» дейді селқос қалыпта.
    Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш ардақ­тылары қазақтың көзін ашсам, көкірегіне сәуле ұялатсам деп қызмет етсе, қазір сол сәулені сөндірудің алдында тұрғандаймыз. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыз­дың аты деп, газетіміз­дің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет… жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік!» – деген еді Алаштың Ахметі «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №1 санында. Иә, олар қазақ баласына қызмет етті. Газет арқылы, сөз арқылы. Ал қазір қазақ баласы сөздің қадірін қашырып, тілімізді шалажансар күйге түсіріп жүр. Мынау қысқа ғұмырда малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып жүрген жайымыз бар. Өте өкінішті…

    Түйін:
    Міне, осындай түрлі тіршіліктің бітпес түйіткілдері Шерағамның «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» дейтін журналистерінің шерін шемен етуде. Мылтықсыз майданның жауынгерлері қазіргі әскерден қашқан жастардай қаламын тастап, амалдың жоғынан тұрмыстың қамын күйттеп кеткен. Ал барын да, нарын да журналистикадан тауып, өз мамандығына адалдық танытқандар өлместің күнін кешіп келеді. Әсіресе, аудандық басылымдардың жағдайы мүшкіл. Мардымсыз жалақы, ауыр жүк, оларды да қажытқан. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әділеттің ақ туын желбіретсем дейтін қалам иелерінің жағдайын ешкім елеп ескеріп жатқан жоқ. Десе де ұлтқа деген махаббат, сөзге деген сүйіспеншілік, журналистикаға деген адалдық олардың сағын сындыра алмайды. Өйткені баспасөздің бәсі биік. Ендеше, қаламын қару еткен, қағазын қалқан еткен, газетті ары, әділдіктің бары санаған қаламгерлер қауымы қазақ журналистикасының биіктей беруі үшін тер төгеді. Болашаққа шүбәсіз сенеді. Әлі біздің ұлттық басылымдар әр үйдің төрінде тұратын күн туады.

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Ұсынымдар

    Еңбекшіқазақ ауданында 120 отбасы баспаналы болды

    Еңбекшіқазақ ауданында 120 отбасы баспаналы болды

    2 years ago
    Көшпенділер әлеміне саяхат жасады

    Көшпенділер әлеміне саяхат жасады

    2 years ago
    Ардагерге құрмет

    Ардагерге құрмет

    2 months ago
    Орталық Азиядағы көшбасшыға айналды

    Орталық Азиядағы көшбасшыға айналды

    10 months ago
    Желтоқсан желі ызғарлы

    Желтоқсан желі ызғарлы

    6 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.