Перейти к содержимому

Еңбегі ерен

13 қаралым

Адам өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Сөйтсе-дағы кемел жас 63-тің орны мүлдем ерекше екені баршаға мәлім. Ағалық ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер бұл шақтың зейнет жасы аталуы бекер емес-ау. Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиет тоғысқан, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты азамат Ерғали Білдебайұлы бұл күнде зейнет жасына шығып, ел ағасы атанып отыр. Ол – мінезіне көркі сай, өз ісіне жауапты, білімді, ақылды азамат әрі өнегелі әке.

Туған жерге ту тіккен Ерғали Мамыров 1963 жылы 23 ақпанда Кеген ауданы Күрметі ауылында дүниеге келген. 1980 жылы орта мектепті бітірген соң, Шелек ауылындағы әскери «ДОСААФ»-та шоферлық курста оқыды. 1981 жылы Алматы қаласындағы политехникалық техникумының «Астық шаруашылығын қорғау және сақтау» мамандығына түсіп, 1984 жылы оқуын тәмамдады. Арасында Германияның Галле қаласында әскери борышын өтеп қайтты. Алғашқы еңбек жолын 1984-1986 жылдары Кеген, Жалағаш ауылындағы астық қабылдау пунктінде зертханашы, технолог болып бастады. 1986-1989 жылдары «Таушелек» ешкі кеңшарының №1 фермасының шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1989 жылы Айтжан Түркебаев атындағы орта мектепте жұмыскер, 1991 жылдан дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа ор­наласты. Білімін жетілдіруде Ерғали Білдебайұлы 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «География-экология пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуын тәмамдады.
1996 жылдан аталмыш мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, педагог-ұйымдастырушы қызметін 2008 жылға дейін атқарды. 2007 жылдан бастап әке жолын қуып, 2020 жылға дейін Күрметі ауылындағы Ә.Ниязбеков атындағы негізгі мектеп директоры болып қызмет атқарды. Мектептің материалдық-техникалық базасы мен оқу-тәрбие жұмыстарын заман ағымына сай ретке келтірді. Мектепте оқушы аз, маман жоқ, ауылда жұмыс жоқ, үйленген жастар тұрақтамай, жаппай қала жаққа кете бастады. Кейіпкеріміз соны ескеріп, мектеп жанынан 20 орынды шағын орталық ашып, бес адамды жұмыспен қамтыды. Аудан орталығына барып жүріп, мектепті күрделі жөндеуге кіргізіп алды. Сатыдан Күрметіге баратын асфальт жолдың салынуына да өз ықпалын тигізді. 2020 жылдан Айтжан Түркебаев атындағы мектеп-лицейінде мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары және география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келді.
Қазақта «Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боласың» деген тәмсіл бар. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп, алғыс арқалаған жанның жалпы жұмыс өтілі – 45 жыл. Ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдаған Ерғали Білдебайұлы – көп жылдан бері білім сала­сында үздіксіз еңбек етіп келе жат­­қан, өзінің білімі мен біліктілігін дәлелдей білген білікті маман. 2014 жы­лы республикалық ғылыми-әдістеме­лік «Мектеп директоры» журналының №1 санына «Ауыл мектебіндегі оқу-тәрбие үрдісі» атты мақаласы жарияланып, ғылыми-әдістемелік «Сыныптағы тәрбие» журналының №1 нөміріндегі «Саяхат сабақ» атты ашық сабағы республика мұғалімдеріне іс-тәжірибе ретінде таратылды. 2015 жылы Республикалық оқу-әдістемелік «Мұғалім.кz» журналының №4 санына «Кембридж оқу бағдарламасының құндылықтарын меңгеру – уақыт талабы» атты мақаласы, 2016 жылы облыстық «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін дамыту» атты әдістемелік жинағына «Дүниежүзілік мұхит» және «Атмосфера және оның қасиеттері» атты ашық сабақтары, 2016 жылы «Қазақстандық ЖОО мен орта мектептерде тәрбие мен білім беру: ізденіс және даму перспективалары» атты әдістемелік оқу құралына «Дүниежүзінің табиғат ресурстары» атты ашық сабағы, «Тәуелсіздікке – 30 жыл», «Жаңа кітап – жан азығы» атты мақалалары аудандық «Қарқара» газетіне жарияланды.
Мол тәжірибесі мен қабілетін білім саласына жұмсаған Ерғали Білдебайұлының еңбегі еленбей қалған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, республикалық «Өрлеу. Білім. Ғылым-технология» порталының «Ұлағатты ұстаз» және «Құрметті мектеп директоры» төсбелгісі, бірнеше мәрте аудан әкімінің Құрмет грамотасы, партия Алғыс хаты, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасы, ҚР Оқу – ағарту министрінің Құрмет грамотасы, Алматы облыстық әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталуы – ұстаз еңбегінің айнасы.
Ұлағатты ұстаз осынау 39 жыл мектеп өміріндегі және оның ішінде 30 жылғы басшылық қызметінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде адал қызмет істеп, экономикамыздың өсуіне өз ықпалдарын тигізуде. Ә.Ниязбеков, А.Түркебаев атындағы мектептердің гүлденуіне өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар Ерғали Мамыров көп жылдан бері аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, Саты ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарып келеді. Ұжымына, ауылына сыйлы азамат. Бір ұл, бір қызынан алты немере сүйіп отырған үлгілі отбасы. Зайыбы Сайра Мамырова да көп жылдан бері ұстаздық қызметте. Бүгінде кейіпкеріміз көп жылғы бейнетінің зейнетін көретін жасқа келіп отыр. Ұлы ақын Абай Құнанбаев «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұстаз еңбегінің маңызын атап өткен. Сондықтан ұстазға құрмет – білімге құрмет, ұстазға алғыс – ұрпақ болашағына жауапкершілік.
Қауырт тірліктен ешқашан жалық­пайтын, жұмысын жанындай жақсы көретін азамат дарыны мен қабілет­қарымын, білімі мен білігін өңірдің өркендеуіне жұмсап, бейнетінің зейнетін көрер шаққа да жетті. Ел игілігі жолында өзіңіздің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетіңізді кеңінен көрсетіп, көптеген жаңашыл істердің ұйытқысы бола беруіңізге тілектеспіз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы