-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Жоғары сапа кепілі

    27.07.2024
    in Барлық жаңалықтар, Кәсіпкерлік, Экономика
    Жоғары сапа кепілі

    Тігін фабрикасы

    0
    SHARES
    6
    VIEWS

                Талғар ауданындағы «CLOTWELL» компаниясы – отандық брендке айналған және өңірдің экономикалық жетістіктеріне салмақты үлес қосып келе жатқан үздік тігін өндірістерінің бірі. Оның басты мақтанышы – «DonCano» брендімен белсенді демалыс үшін киімдер үлгісін әзірлеу және тігу.

    Бұл кәсіпорын туралы айтқанда, ең алдымен, мұндағы өндіріс мұнай, құрылыс, тамақ өнеркәсібі, әскер, медицина үшін және экономиканың түрлі салаларына арналған басқа да әртүрлі арнайы корпоративті киім­дер тігуге негізделгенін баса айтқан жөн. Сондай-ақ мұнда дәмханалар мен мейрамханалар, қонақүйлер мен демалыс орындары, жарнама компанияларында еңбек ететін қыз­меткерлер үшін униформалар мен басқа да киім үлгілері тігіледі. Компания киім тігуде тұтынушылардың кез келген талабын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтарды қолданады. Негізгі артықшылығы – әлемдік өндірушілердің ең жақсы материалдарын пайдаланады және жоғары сапалы өнім мен жақсы баға ұсынады. Оған көпжылдық тәжірибеге ие және біліктілігін үздіксіз асырып келе жатқан кәсіби тігіншілер коман­дасы толық мүмкіндік береді.
    1991 жылы Олег және Валерия Кулешовтар оқуларын бітіріп, Қазақ­станға келеді. Жас мамандар ә деген­де мұнда әйелдер және балалар костюмдерін тігіп-сатуға мол мүмкін­дік бар екенін көреді. Бірақ өз кәсіп­тері және жаппай өнім шығару тәжі­рибелері болмағандықтан, қосалқы мер­дігерлік келісімшартын жасап, іске кіріседі. Өкінішке қарай, аутсорсинг бойынша жұмыс істеу тәжірибесінің жоқтығынан «Жаппай өнім өндіру» жобасы сәтсіздікке ұшырайды. Десе де Валерия біраз тоқыма жіптерін сатып алып, балаларға арналған біршама үлгі әзірлеп, барлығын өз машинасында тігіп шығады. Жас кәсіпкерлердің қуанышына орай, барлық өнім базарда табысты сатылып кетеді.
    Осылай бірнеше жыл өздерін сынап көрген олар 1995 жылы өз өндірісін ашуға шешім қабылдап, «CLOTWELL» компаниясының негізі қаланады. Алғашында 70 шаршы метр жерде орналасып, төрт адам алты тігу машинасында түйе жүнінен көрпе жасайтын шағын цех ашады.
    2000 жылғы ауыр дағдарыс кезінде жас компания аумағы 1972 шаршы метр жеке өндірістік ғимаратын сатып алады. Жұмысшылар саны да артып, 12 адамға жетеді. 2003 жылы алғаш рет өнімдерін экспортқа шығарып, түйе жүнінен тігілген жылы көрпелер Ресей Федерациясына жөнелтіледі. 2004 жылы компания жаңа жоба бастап, негізгі күшті түрлі өнеркәсіп салалары үшін арнайы киім тігуге бағыттайды. Сөйтіп, құрылыс ком­паниялары тұрақты тұтынушыға айналады. 2006 жылды компания­ның әбден аяққа тұрып, жетілген кезі деуге болады. Осы кезден бастап «CLOTWELL» өз тұтынушыларына көрпе, төсек, ұйықтау қапшықтары, арнайы киім сияқты кең түрлі өнімдер ұсына бастайды. 2009 жылы компания мемлекет мұқтаждығы үшін әскери униформа жеткізіп берушіге айналады. Осылай бұл компания отандық тауар өндіруші мәртебесін алады. Өндірілетін барлық өнім сертификациялаудан өтеді. Олардың қатарына күштік құры­лымдарға арналған арнайы киім де кіреді.
    2011 жылы компанияның жоғары басқару құрамы «Даму» кәсіпкерлік­ті дамыту қоры» АҚ бағдарламасы бойын­ша толықтай біліктілігін арт­тыру­­дан өтеді. Ал 2012 жылы «CLOTWELL» мемлекеттік сатып алуларға табысты қатысады. Дәл осы жайт компанияның әрі қарай дамуына жол ашып, өндірістік мүмкіндіктер кеңейеді. Өндірілетін өнім түрлері де көбейіп, олардың қатарына аңшылық және балық аулауда қажетті зат­тар, заманауи ұйықтау қапшықтары қосыла­ды. Осы жылдан бастап, ком­пания шетелдік өндірушілермен заманауи жіптер сатып алу жөнінде келісім жасасады. Сондай-ақ өндірістік үдерісті автоматтандыру басталады. Осыған орай автоматты машинкалар, бағдарламалар, кеңсе техникалары сатып алынады. Кәсіби кеңсе аппараты қалыптастырылып, Сапа менеджменті және Қоршаған ортаны қорғау жүйе­лері енгізіліп, ИСО 9001:2009, ИСО 14001:2006 сертификаттары алынады.
    2013 жылы көрпе және төсек бұйым­дарын тігу қайта басталып, «Даму» қорының шағын және орта кәсіпкерлік топ-менеджментін оқы­ту бағдарламасы бойынша тиісті маман­дар біліктіліктерін арттырады. 2015 жылы «Даму» қорымен бірге «Үлкен мырзалар» бағдарламасы бойынша компанияның менеджменті және стратегиясы үстінде тиянақты жұмыс жүргізіліп, ол үшін «Сала үздігі» сыйлығымен марапатталады. Сондай-ақ жаңа өндірістік модульдің құрылысы және автоматтандырыл­ған жабдықтар сатып алу үшін ШОБ бағдарламасы бойынша 6 пайыздық үстеме мөлшерімен қаржыландыру мақұлданады. Соның арқасында 2016 жылы аумағы 920 шаршы метр болатын жаңа өндірістік модуль мен автоматтандырылған заманауи құрал-жабдықтар іске қосылады. Компания отандық тауар өндірушілердің «Жасампаз» консорциумының құра­мына енеді. Өнім сапасын арттыру мақса­тында құрал-жабдықтар паркі жаңартылады.
    2017 жылы «Даму» қорының бағдар­ламасы бойынша талдау жүр­гізіліп, компанияның 2020 жылға дейінгі даму құжаты жасала­ды. Еуро­палық қайта құру және даму банкімен әріптестік орнап, KAIZEN философиясының негізінде өндіріс­тік үдерістердің тиімділігін арттыру жүйесін енгізуге қол жетеді.
    «CLOTWELL» тоқыма өнеркәсібі тарихы бір ғасырдан асатын АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей сияқты елдерден шикізат жеткізе­тін ең үздік компаниялармен жақ­сы қарым-қатынас орнатқан. Өнді­рілетін өнімдер халықаралық және Қазақстан Республикасының Ұлт­тық стандарттарына толық жауап береді. Сапа және міндетті қызметтің маңыздылығына мән бере отырып, компания Geiba Kaizen, ISO9001 Ұлттық сапа сертифи­каты жүйелерін енгізген. Арнайы коман­да ең күрделі сұраныстарды қанағаттандыру мақса­тында жеңіл өнеркәсіптегі әлемдік әзірлемелерді күнделікті бақылап отыр. 2018 жылы өндірістік және менеджмент үдерістерін халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жақсарту және дамыту мақсатында шетелдік мамандар­дың қатысуымен «Халықаралық консуль­танттар» жобасы, сондай-ақ автоматтандырылған заманауи жабдық­тар сатып алу басталыпты. 2019 жылы құрал-жабдықтар жаңартылып, аумағы 1000 шаршы метр қосымша өндірістік қуат іске қосылған және тоқыма өнеркәсібіндегі халықаралық көшбасшылар – «Polartec», «Westex» компанияларының кездемелерінен өнімдер өндіруге эксклюзивті құқық берілетіні жөнінде келісім жасалған.
    «Polartec» маталары әуел баста АҚШ армиясы үшін шығарылған. Зертхана­ларда және нақты жағдайларда сынақ­тан өткен соң ол жаппай өндіріске жіберіледі. Бұл матаның басты ерекшелігі – тез тозбайды, салмағы өте жеңіл және барлық жағдайда АҚШ, Еуропа, Азия елдерінің заманауи тоқыма өнеркәсібі технологиясында қолдана беруге болады.
    Ал Westex – жоғары температура, артық жүктеме, химиялық әсерден қорғайтын ірі арнайы маталар өндіру­шілердің алғашқы бестігіне кіреді. Бұл компанияның материалдары әскери құрылымдардың, өрт сөндіру қызметтерінің, химия және тау-кен өнеркәсібінің мұқтаждықтары үшін пайдаланылады. Келісімшарт жасаудағы мақсат – агрессивті ортада пайдаланған жағдайда қорғану үшін барынша халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы киім шығару. «Westex» материалдарынан тігілген киім – сыртқы әсерлерден қорғаудың кепілдігі.
    «CLOTWELL», сондай-ақ, аса ірі «Milican» тоқыма холдингінің әріп­тесі. Бұл холдингтің негізгі бағыты – АҚШ армиясының мұқтаждығы үшін материалдар әзірлеу. Бұл холдингтің әскерилер үшін материалдар дайындау тарихы бір ғасырдан асады, өзінің арнайы зертханасы бар, Американың экспедициялық қызметтерімен де тығыз байланыс орнатқан. 20 жылдан аса уақыт ішінде «CLOTWELL» ЖШС өнімдер түрін айтарлықтай кө­бейтті. Қазіргі кезде Қазақстан Рес­публикасының шекара қызметі, ҰҚК Шекара институты, «Қазтрансойл», «Қазмұнайгаз», «Рахат» фабрикасы, «Алина», «Coca-Cola» және басқа компаниялар оның тұрақты тапсырыс берушілеріне айналды.
    Компания жыл сайын Қазақстанда, ТМД және алыс шетелдерде өтетін көрмелерге қатысып келеді. 2015 жылы «CLOTWELL» инвестиция­лық мақсатта 85 миллион теңгеге қаржыландырылды. Несие қаржылары­ның есебінен компания қосымша тігу машиналарын сатып алып, жаңа цехтар құрды. 2017-2019 жылдары негізгі өндірістік ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізсе, 2019-2020 жылдары өз қаржысы есебінен қосымша қойма салды. Жаңа құрал-жабдықтар мен қосымша өндірістік ғимараттардың арқасында компания 2018 жылдан бастап өндіріс көлемін анағұрлым ұлғайтты. Сол жылдан бастап бұл кәсіпорын айналым қаржыларын толықтыруда тұрақты түрде несиелік лимитті пайдаланып келеді. Ол қаржы келісімшарттарда көрсетілген тапсырыстарды орындау үшін шикізат, материалдар сатып алуға пайдаланылады.
    Қазір «CLOTWELL» ЖШС Алматы қаласы және Алматы облысында ар­найы киімдер тігетін ірі компаниялар­дың қатарына кіреді. Қалыптасқан тәжірибе, жоғары сапа және сенімді жеткізіп берудің арқасында оның тұрақты сатып алушылары да көп. Компания жақында ғана Кәсіпкерлік­ті дамыту ұлттық жобасы аясында мамандарды оқытатын өз орталы­ғын ашып, алғашқы түлектерін де шығарды. Алдағы қысқа мерзімде Өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен 3 пайыздық мөлшерлемемен құрал-жабдықтар лизингін қаржыландыру­ға қол жеткізіп, тігін өндірісін одан әрі жаңғырту және автоматтандыру көзделіп отыр.
    Қандай қиын кезде де өз істері­нен қол үзбей, кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекет қолдауын тиімді пайдалана отырып, тығырықтан шық­­қан, өнімдерін отандық брендке айнал­дырған кәсіпкер Кулешовтардың бұл мақсатқа жететініне күмән жоқ!

    Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

    Талғар ауданы

    Ұсынымдар

    «Жедел жәрдем» көлігін сыйға тартты

    «Жедел жәрдем» көлігін сыйға тартты

    4 months ago
    Аналардың үлгілі ісі

    Аналардың үлгілі ісі

    10 months ago
    Әкім: Жерді пайдалануда салық салудың жаңа режимін енгізу қажет

    Әкім: Жерді пайдалануда салық салудың жаңа режимін енгізу қажет

    2 years ago
    Жылдам хабар алғызған

    Жылдам хабар алғызған

    8 months ago
    Тренд пе, дерт пе?

    Тренд пе, дерт пе?

    4 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.