Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен «Шин-Лайн» және «Al-alameya Group» компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Басқосуды ашқан аймақ басшысы «Шин-Лайн» секілді ірі кәсіпорындарды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
– Облыс негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған. Халықтың 84 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, экспорттауға қатысты кез келген мәселенің біз үшін маңызды зор. Үкімет сүт-тауарлы фермаларды дамытуға көңіл бөліп отыр. Осы орайда жергілікті сүт өнімін пайдаланатын «Шин-Лайн» компаниясының «Shin-Line мен Al-alameya Group» арасындағы ынтымақтастық өңірдің дамуына қосылатын үлес болатынына сенімдімін. Компаниялар арасындағы ынтымақтастық экономикалық байланыстарды нығайтуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, озық технологияларды енгізуге де септігін тигізеді», – деген облыс әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экологиялық тазалығын мақтан тұтатынын баса айтты.
Келесі кезекте «Al-alameya Group» компаниясының иесі Шауки Абдулсатар Абду Сидик екіжақты ынтымақтастық аясындағы жоспарымен бөлісіп, өз көзқарасын білдірді.
– Біз ең сапалы балмұздақ жеткізушіні іздеу үшін сыртқы нарықты талдау нәтижесінде «Шин-лайн» компаниясын таптық. Бұл – Қазақстан өкілдерімен алғашқы келісіміміз. Бизнестің дамуы елімізге әртүрлі өнім түрлерін экспорттауға көбірек мүмкіндіктер береді. Балмұздақтан бастасақ та, бұл тек алғашқы өнім екенін түсінеміз. Алдағы уақытта жеткізілім түрлерін кеңейтуге дайынбыз, – деді аталмыш компания иесі.
– Бүгінде балмұздақтарды қазақстандық супермаркеттерден бөлек, Орталық Азия мен Ресей дүкендерінен табуға болады. Сонымен қатар, Қытай мен Моңғолияға және Кавказ елдеріне жеткізілуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы Қазақстанның балмұздақ экспорты 7,8 пайызға өсті және бұл динамика толығымен дерлік нарық көшбасшысы «Шин лайн» арқылы қамтамасыз етілген. Бүгінгі келісімінің арқасында келешекте қазақстандық балмұздақ Сауд Арабиясының Жидда қаласының сөрелерінен табылады. Болашақта серіктестеріміздің көмегімен парсы түбегіне сатылымға шығару жоспарда бар. Бұл мақсатқа жету бағытында Жидда қалаыснда зауыт салуды ойластырудамыз, – деді «Шин-Лайн» компаниясының президенті Андрей Шин.
Іле ауданында қоныстанған балмұздақ пен кеспе өнімдерін өндіретін «Шин-Лайн» компаниясы бес мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс көлемін жыл өткен сайын ұлғайтып келе жатқан кәсіпорынға қажетті сүттің 20 пайызын ғана өзге жақтан тасымалдаса, 80 пайызын облыс көлеміндегі шаруа қожалықтарынан алады.
Жиында өңірлік даму орталығының директоры Асқар Ағыбаев меймандарға облыстың инвестициялық әлеуетін жақты-таныстырды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы