Қалада тұрамыз ғой. Көшеден қалаға сыймай жүрген қазақтарды көп көрем. Олардың бет-әлпеті, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеген сөзі «мен қалалық емеспін, далалықпын» дегенді айқайлап айтып тұрады. Сонда да тағдырдың жазуы, тіршілік жолы оларды кең даладан қуып әкеліп қарбаласы көп қалаға тықты. Олар есіп соққан желдің уілінен бүгінде ышқынған көліктің гүрілін көбірек естиді. Сонысына іштей разы еместей көрінеді маған. Разы еместігі, әлгі мен байқағандай, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеген сөзінен анық аңғарылады.
Енді осыған қарама-қарсы жаратылыс бар. Ол – ауылда жүрген қалалықтар. Ондай типтегі адамдарды да ара-тұра көріп қалам. Әрине, қалаға сыймай жүргендерге қарағанда ауылға сыймайтындар көп емес, бірақ бар. Миллиондар мекен қылған қалада жүрсе де, өздерін ауылдағыдай ұстайтын адамдар секілді, олар ауылда тұрса да, қаланың адамындай көрінеді. Бәлкім өздері де соны сезбес, білмес. Сырт көз байқайды бәрібір.
Өзім туып-өскен ауылда қала адамдарынша жүріп-тұратын екі-үш кісіні білем. Біріншісі Жұмаділ ағай еді. Халық ақыны Есдәулет Кәндекұлының баласы. Алматы барып, француз тілін оқыған. Тілмен бірге еуропалық мәдениетті бойына сіңірген дегдар тұлға еді. Қалада тұратын, құлашын кеңге сермейтін-ақ білім-білігі болғанмен, бар өмірі тау етегіндегі Ақтеректе өтті. Ұлдан жалғыз болған соң қара шаңыраққа ие болу керек, әке мен шешенің аманаты бар, сол жауапкершіліктер арда ұлдың арманын тұсаулап, алысқа ұзатпады. Мектепте мұғалім болды, директор болды, ұстаздық дәрежеге көтерілді. Бірақ ауылда жүріп-ақ алысты көретін, қаладан келген мықтылардың кез келгенімен тең дәрежеде сөйлесетін, сол мықтыларға өзін мойындатқан адам еді. Белгілі журналист-жазушы Гүлзейнеп Сәдірқызының «Ауыл академигі» деп мақала жазғаны бар. Алып-қосары жоқ, дәл баға.
Біз мектепте жүргенде тоғызыншы сыныпта «Адамгершілік» деген сабақ болатын. Қазір ойласам, мектеп бағдарламасынан тыс факультативтік сабақ ретінде жүрген секілді. Сол «Адамгершілікті» Жұмаділ ағай жүргізетін. Өзінің авторлық жобасы десе де болады. Ол кез – тоқсаныншы жылдардың тоқырау тұсы. Жұмыссыздық жайлаған, ұрлық-қарлық үдеген, ауыл-ауылда арақ сатқыш комерсанттар көбейген, бұрыш-бұрышта солардың тұрақты тұтынушылары гүжілдесіп жататын шақ. Жұмаділ ағай осындай жат қылықтардан жастарды өздігінше қорғап бақты, өзінше майдан ашты. Әр сабаққа тыңғылықты дайындалып келеді. Бір жолғы сабақта ішімдіктің зияны туралы сөйлесе, келер жолы соны бәріміз талқылаймыз. Енді бірде ұрлық туралы дәріс оқиды. Дәрісінің жартысын өлең сөзімен өреді. Тақырыпқа сай өлең жазып, сонысын өзі мәнерлеп оқиды, оқушыларға жаттауға береді. Әлі есімде. «Баласы да ұры боп шыға келеді, ұрлықтың етіменен ауызданып» деп келетін жеріне келгенде әкесін суық жүрісті деп жұрт айыптайтын бір құрдасыма күдіктене қарайтынмын. Әй, балалық-ай!
Ауылда емес, қалада тұруға жаралғандай көрінетін келесі бір кісі – Асқарбек ағай. Ағай деп кеткенбіз. Мұғалім болмаса да, солай айтамыз. Өйткені біздің ұстазымыз, сыныбымыздың жетекшісі Салтанат апайдың жұбайы. Ауыл әкімдігінде жұмыс істейді. Толқындаған бұйра шашы бар, қыр мұрын, қияқ мұртты кісі. Шалбарының қыры сынып, жағасы кірлеп жүргенін көрмеппін, үнемі сұлу торы аттай жасанып жүреді. Мінезі де жайлы. Асықпай жүреді, ақырын сөйлейді. Ауыл әкімдігіне көшені көшіріп айқайлай кірген ашулы адамдар Асқарбектің ерін ұшымен сөйлеген сөзінен кейін мезетте сабырын таба қалады. Асқарбек ағайды бірінші рет көрген бейтаныс біреу қаланың көпқабатты үйінде өскен, ақсаусақ біреу деп ойлап қалуы кәдік. Бірақ, шын мәнінде, Асқарбек ағай шаруаға епті, қара жұмысқа да мықты. Үйіне барсаң, шашылып жатқан айыр-тырма түгіл, бір тал шөп таппайсың. Малды да жайғап, бау-бақшаны да гүлдендіріп қойғаны. Сөйтіп жүріп үстіне қылпық жұқтырмас, киімін кір шалдырмас тазайын. Ал Салтанат апай екеуі қолтықтасып көшеге шыққанда, клубта өтетін би кешіне бет алған қыз-жігіттей көрінетін.
Өзім ауылдан гөрі қалада тұруға лайықты деп санайтын тағы бір ағам болды Досан деген. Негізгі сөз сол туралы. Әрине, өткен шақта әңгіме айтуға мәжбүрміз. Былтыр аяқ астынан дүние салды, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Біз алаөкпе болып доп қуалап, көшенің шаңын кешіп жүргенде ол шашын қайырып, шалбарына қыр салған бозбала-тын. Киім киісі, жүріс-тұрысы қатар-құрбысынан бөлек еді. Алқын-жұлқын жүрісі жоқ, тентек-телімен бір ісі жоқ, мектепке тура барып, тура қайтатын. Өзінен кішіге әлімжеттік жасағанын, үлкенге тілін безеп, тәжікелескенін естіген де, көрген де емеспін. Атам марқұм бізге кейігенде: «Қарашы, әне, Дәрменбайдың баласын», – деп үлгі қылушы еді. Шынымен үлгілі еді, мектепте де жақсы оқыды. Тәртіпті, тәрбиелі. Бес қыздың артынан туған кенже ұл болғандықтан шығар, мінезі де биязы еді. Ауыл адамдары құмар келетін көп дүниеге ол қызықпайтындай көрінетін. Өзі қатарлы жігіттер ат жаратып, көкпар тартып аласұрып жүргенде ол мұнтаздай киініп алып, кітапханаға кетіп бара жататын. Кітап қолтықтап қайтып келе жататын. Құдды қаладан қыдырып келген бала дерсің, атқа міне алмайтын, шалғы тартып, кетпен шаба алмайтын. Әрине, әр адамның өз әлемі болады, өзіндік әуес ісі (хобби) бар. Досекеңдікі кітап еді. Әсіресе көркем әдебиет пен тарихқа қызықты. Болашақ мамандығын таңдағанда да сол арнадан алыстамады. Абай атындағы АлМУ-да (қазіргі ҚазҰПУ) тарих және мемлекеттік құқық саласы бойынша білім алды. «Егемен Қазақстан» газетінен еңбек жолын бастап, бірқатар мекемеде жауапты қызмет атқарды. Қарап отырсам, біз мектептің жоғары сыныбында жүргенде Досан студент болған екен, біз студент болғанда ол қызметке араласыпты. Ал біз қызметке араласқан тұста ауылға қайтты. Мұнда да оны ауылға қайтарған сол баяғы қазақы мінез, ұғым мен түсінік. Ұлдың кенжесі, яғни қара шаңыраққа ие болу керек. Әкеден сегіз жасында айырылған, әлпештеп өсірген жалғыз анасы бар. Зейнеткер. Жалғыз қалдыру немесе қыздың қолына қарату тәрбиеге томпақ, дәстүрге қайшы.
«Досан ауылға келді» дегенді естігенде таңғалғанымыз рас. Біздің ұғымда ол қалада тұруға тиіс секілді еді. Үлкен қызметтерге жететіндей мүмкіндігі бар деп білетінбіз. «Әй, көп болса, бір-екі жыл тұрақтар. Қайта қалаға оралар» дегенбіз. Қателесіппіз. «Досан ауылға келді» дегенді естігеннен кейін бір-екі жылдан соң «Досан әкім болды» деген хабарға тағы елең ете қалдық. Бұл жолы таңғалмадық, бәрекелді дестік. Қоңсы тұрамыз, үйі біздің көшенің шет жағында. Жазғы демалыста ауылға барғанда кездесіп, әңгімелескеніміз бар. Реңін аздап күн қақтағанмен, баяғы сырбаз қалпы. Жүзі жайнап тұр, энергиясы қайнап тұр. «Болыс болдым, мінекей» деп менменсу жоқ, барынша кішіпейіл. Астында әкімдерге берілген ақ «Нива», аққұба өңді жігіт пен ақ «Ниваның» тыным таппайтыны байқалады. Елдің шаруасына білек сыбана кірісіп кеткендей. Ауылдың ой-шұқыры көп жолдарын жөндеу, әрбір үйге ауызсу құбырын кіргізу, кембағал жандарға көмектесу, жастарды қызметке тартып, олардың тұрақтап қалуына жағдай жасау секілді жоспарларын айтты. Әрі оның бәрін өйттім, бүйттім деп өзіне меншіктегісі жоқ, ақыл берер ақсақалдарды, арқасүйер ағаларды алдыға салып сөйлейді. Лексиконында «мен» жоқ, есесіне «біз» көп. Жеке бастың жай-күйінен гөрі көптің мәселесіне бас қатырады. Индивидтік құндылық алға шыққалы қоғамшыл тұлғаларды таппай қалғанымыз бар. Соның бірі сөйтсем ауылда жүр екен. «Біз былай істегелі жатырмыз», «бізде былай ғой» деп қойып ауылдан шығып, қаланың, қаладан шығып, қалың қазақтың мәселесін айтады. Байқаймын, жан-жақты, тарихтың да, саясаттың да ұңғыл-шұңғылын еркін кезеді. Қоғамдық құбылыстарға терең сараптама жасай алады, айсбергтің төбесінен гөрі тұңғиықтағы тұсына көз жіберуге бейіл.
Аз-кем әңгіме барысында көңілім толып, ауылға жаңашыл, жігерлі әкім келген екен деп қуанып қалдым. Жоспар-жобаларының ішінде әсіресе жастарды ауылға тарту туралы ойы ұнаған. Өйткені соның алдында ғана жеңгемнен мектепте бала саны азайып кеткенін естіген едім. Бұрындары мектеп бітіру кешінде үш-төрт сынып қатар тұрып, мектептің салтанат залына сыймай жатушы едік. Әрі әр сыныпта жиырма-отыздан бала болатын. Ал соңғы мектеп бітірушілер бір сыныпты әзер толтырғанын естіп, жағамды ұстағам. «Неге?» деген сұраққа жеңгем де ойланбай жауап берді. «Ауылда жастар аз, барлығы өздерің құсап қала жағалап кетті, кәрі-құртаңдар бала таппайды ғой енді», – деген сөз соңын әзілге бұрып. Енді осы мәселені реттеуге әкім кіріспек екен. Ол қаншалықты өнімді боларын қайдам, бірақ ниеті дұрыс. Мәселенің өзектілігін түсінеді. Жастар кетсе, бала азаяды, бала азайса, мектеп кішірейеді, мектеп кішірейсе, мұғалімдер қысқарады, жұмыссыздық жайлайды, ауыл тозады. Осылайша, бір мәселеден келесі мәселе туындай береді. Әкім осыған қарсы тұрып, қайрат қылмақ. Соған қуандым. Әкімдік сайлауға түсер тұста сайлауалды бағдарламасына да осы мәселені енгізіпті, енді соны біртіндеп іске асырмақ. Осы және өзге де тақырыпта біраз пікірлесіп, өз ұсыныстарымды, көрген-білгенімді айтқансыдым.
Біздің ауылдың аты – Ақтерек. Алматы облысының Жамбыл облысымен шектесер тұсында жатыр. Жотасын Қоңыртөбедей тауға тіреп, аяғын әйгілі Аңырақайға қарай көсіліп тастап жатқан елдімекен. Тәуелсіздік алғалы ауылды алты адам басқарған екен. Біз сөз еткен Досан Дәрменбайұлы соның ішіндегі ең жасы болды. Қырыққа жетер-жетпес шағында әкім болып, ел басқарды. Жаманаты шыққан жоқ. Әнет бабаның Қазыбек биге айтатынындай, ӘКІМ («Ә» – әділ, «К» – көпшіл, «I» – ілтипатты, «М» – мейірман) болды. Елуге жетер шағында дүниеден озып кете барды.
Мартжан ӘЛІМҚҰЛОВ,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы:
– Мен Ақтерекке әкім болып келгенде Досан Әбдіжанов бас маман болатын. Әкімдіктің негізі жұмыстарын, есеп беру, әсіресе компьютерге байланысты тындырымды істерін көріп, мен де негізінен соны жалғастыруға тырыстым.Оның үстіне сондай сыпайы, адамгершілігі мол, әділетті әрі жаны таза еді. Зайыбы Раушан мен балаларына деген көзқарасын біле бастағаннан кейін оны тіпті жақсы таныдым.Әкімдіктегі ең жас маман болса да, жаңалыққа жаны құштар, өте білімді, алғыр еді.Сондықтан да мен жұмыстан ауысарда аудан әкіміне ойланбастан, әкімге лайықты деген ұсынысты айтқан едім. Содан кейін әріптес болып жұмыс істестік. Досан баламдай көрген, досымдай болған, үлгілі шәкіртім әрі қызметтес, әрқашан үлкендік жолымды тыңдайтын, кішіпейіл, жайсаң мінезді, көңілі таза, қайталанбас ерекше жан ретінде жадымда сақталып қалды. Оның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.
Базарбай ДӘНЕҒҰЛОВ,
зейнеткер:
– Досан 2008 жылы Ақтерек селолық округінің әкімі болып тағайындалғаннан кейін шаруа қожалықтарының басшыларымен, әсіресе «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіповпен ынтымақтаса отырып, село тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруде қыруар жұмыс атқарды. Шаруа қожалығы мүшелерінің алаңсыз жұмыс істеуі үшін малдың жем-шөбі, отыны уақытында беріліп тұрды. Жыл сайын аумағы 120 шаршы метрден кем емес тұрғын үйлер көптеп салынып, пайдалануға беріле бастады. Орталық алаң жөнделіп, басқа кейіпке енді. Селолық округ әкімдігінің ғимараты толық жөндеуден өтті. Досан тірі болғанда әлі талай жұмыс атқарылып, біздің Ақтеректің көркеюіне атсалысатын еді.
«Whatsapp» желісінде ауылдастарға арналған топ бар. Сол топтың белсенді қолданушысы Досан ағамыз еді. Былтыр, яғни 2023 жылы, шілденің үші күні таң атпастан сол топта ақ тілек ақтарылды. Ауылдан шыққан белді кәсіпкер, меценат Темірлан Шайнүсіпов 63 жасқа толған екен. Құттықтауды бастаған, туған күнді елдің есіне салған – Досан ағамыз. Өзі өмірде аға тұтқан, үлгі-өнегесін алған азаматқа арнап тілек жазып, өзгелердің жылы сөз айтуына бастамашы болды. Ал түс ауа сол Темірлан ағамыз ауылдастар тобына қаралы хабарды жеткізді. «Бағана ғана мені туған күніммен құттықтап, қуанышымызды бөлісіп отырған Досан бауырымыз қайтыс болды» деген жазбаны оқығанда сенер-сенбесімізді білмей, ары-бері қоңырау шалғанбыз. Ешкімге өкпе артпайтын, ешкімді жау тұтпайтын, кеңпейіл, бала көңіл, біз өзіміз ауылдан гөрі қалаға лайық көретін Досекең, Досан ағамыз ауырмай-сырқамай, жылап келген өмірден күлімсіреген күйі өте барыпты. Өмірінің соңғы жылын әкесінің қара шаңырағын жаңартуға арнаған еді. Ескі үйді бұзып, жаңадан еңселі баспана тұрғызған. Соған да кіріп, қоныстойын тойлап үлгермей кетті. Бірақ «Орнында бар оңалар» деген, бүгінде сол үйде өмірлік жары Раушан жеңгеміз бес баласымен тұрып жатыр. Жақсы әкенің өмірінің жалғасы, арман-мұратының мирасқоры – солар. Бұл да болса көңілге медеу, дәтке қуат!
Есболат АЙДАБОСЫН
Жамбыл ауданы