Осыдан үш жыл бұрын Токиода болған Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 8 қоламен елге оралып, тарихтағы төмен нәтижені көрсетіп еді. Ел спорты дәл сондай мүшкіл халге түспеген. Ал Париж Олимпиадасы алтынмен басталып, артынша бірнеше жүлдемен жалғасты. Елдің мерейін өсірген спортшыларымыздың бұл жетістігі де тарих қойнауына еніп барады.
Жанын салып, барын көрсеткен спортшыларымыздан бір күнде Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай күміс медаль алды. Олимпиаданың барлық жеті салмағына барған боксшыларымыздан финалға шығып, жүлдеге жалғыз ие болған – Нұрбек Оралбай (80 келі). Ол алғашқы кездесуінде (1/8 финал) аустралиялық Каллум Питерсті (3:2), одан кейін ширек финалда әзербайжан Мурад Аллахвердиевті (5:0) айқын ұтты. Жартылай финалда жолыққан доминикандық Кристиан Пиналестен (3:2) айласын асырып, шешуші сында 29 жастағы әлем чемпионы (2017), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2020 жылғы Токио Олимпиадасы финалында бразилиялық Эбер Консейсаодан нокаутпен жеңілген еді), украиналық Александр Хижняктан жеңілді. Жекпе-жектен кейін тілшілерге келген Нұрбек дәл осы кездесуде барын салғандығын, келесі Олимпиададан алтын алуды мақсат тұтатындығын айтты.
Осыған дейін спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов күміс алып, Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо, 66 келі) қолаға қол жеткізсе, пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден жұптық сында Ислам Сәтпаев пен Александр Ле қола алған еді. Енді осы жүлдеге Демеу Жадыраев, Нұрбек Оралбайдың күмісі мен Назым Қызайбайдың қоласы қосылды.
Жалпы, Қазақстан құрамасы дәл қазіргі сәтте 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен турнирлік кестеде 28-орында тұр.
Серік ҚҰДАЙГЕНҰЛЫ