Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылғы қоңыр күздің алғашқы күнінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бүгінде жұртшылықтың сенімін нығайтып, болашаққа деген үмітін үкілейтін маңызды құжатқа айналғаны ақиқат.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы да көңілімізден шықты. Онда айтылған мәселелер – мемлекетімізді жарқын болашаққа бастайтін қадамдар. Әсіресе, елімізде электр қуатына деген қажеттілік күн санап артып келе жатқан бүгінгі уақыт бедерінде атом электр стансасын салу маңызы зор. Сондықтан Президент атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігін атап көрсетті. Осыған орай 6 қазанда жалпыхалықтық референдум өтетінін жариялады.
«Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз, – деді Президент.
Егер АЭС салынса, біріншіден, еліміздегі электр қуатының тапшылығы жойылады. Екіншіден, заманауи өндіріс орындарының қатары көбейеді. Бұл – Қазақстандай жерінің көлемі жағынан ешкімнен кем соқпайтын мемлекеттің дамыған елдермен терезе теңестіре алатын дәрежеге қолы жетеді деген сөз. Сондықтан жаңалықты жатсынбай қабылдап, болашақтың қамы үшін жасалынар алып құрылыстың еш кідіріссіз елімізден ірге көтеруін қуана құптап, ұйымшылдықпен қолдау білдіргеніміз жөн. Жолдауда айтылған мәселенің бәрі орынды, көңілге қонымды болды.
Бекболат БІРБАЕВ,
Райымбек аудандық ардагерлер кеңесінің
төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы