Халқымыз «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» деп тазыны ерекше қастерлеген. Күні кеше ғана Халықаралық кинология федерациясының (FCI) Бас комитеті Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берді. Бұл шешім – қазақы тазыны халықаралық деңгейде толық тану, яғни мойындау деген сөз.
Сан мың жылдан бері қазақтың сән-салтанатын білдіретін, саятшылықтың белгісі саналатын құмай тазы туралы 2019 жылдары кинологтар ерекше көңіл бөлмесек, мүлдем жоғалтып аламыз деп дабыл қақты. Дәл осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тазының ұлттық құндылық екенін айтып, оған айрықша көңіл бөлу туралы тапсырма берді. Ал 2022 жылы Мемлекет басшысы қазақтың асыл тұқымды иттеріне қатысты арнайы заң нормалары тағайындалуы керек екендігін алға тартты. Содан кейін қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша жиын да өтті. Сол жылы қараша айының соңында ҚР Парламенті Мәжілісінде тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасы мақұлданды. 2023 жылдың үшінші қаңтарында Заң күшіне енді. Президент: «Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді.
Міне, содан бастап құмай тазы мен төбетке көңіл бөліне бастады. Оны өзіміздің бренд ретінде тіркеу үшін 2023 жылдың көктемінде Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали Бельгияның Тюэн қаласында халықаралық кинология федерациясының (FCI) өкілі Ив Де Клеркпен кездесті. Кездесу кезінде халықаралық ұйымға мүшелікке өту талқыланып, ресми түрде өтініш тапсырылды. Былтыр 22 тамызда бұл ұйымға мүше болғанымыз хабарланды. 6 күннен соң Женевада өткен World Dog Show – 2023 әлем чемпионатында Тұмар мен Вангелия есімді екі тазымыз топтан озып, бас жүлдені еншіледі. Қазақстан мұндай ауқымды халықаралық жарысқа алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, тазыларымыз мыңдаған ит арасынан алдына қара салмай, әлем назарын аударды. Сөйтіп, қазақ тазысының жаһанға жаңа жорығы басталды.
Соңғы 2 жыл ішінде осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды. Тиісті заңға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқаулары мен көрмелер өткізілді. Соның нәтижесінде Қазақстан әлемдік ұйымның сеніміне ие болған.
– Біз «Kazakh Tazy» дербес тұқымын таныту үшін халықаралық кинология федерациясының (FCI) барлық талаптарын орындадық. Соның ішінде ел аймағында асыл тұқымды иттерді кең ауқымды тексеру жүргізілді. Иттер маңызды генетикалық зерттеулер қамтылған кешенді медициналық тексеруден өтті, нәтижесінде қазақы тазының бірегейлігін айқындайтын бұлтартпас айғақтар ұсындық. Тарихи зерттеулерде 4 мың жылдан астам тарихы бар ит тұқымының шығу тегі мен дамуы толық қамтылып, қазақы тазы тұқымының атауы түпкілікті бекітілді. Арнайы монотұқымды иттер көрмесін ұйымдастырып, FCI-дың стандарттау және ғылым комиссиясының мүшелері тазы тұқымына жататын 100 итті зерттеуіне мүмкіндік туғыздық. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді. FCI Бас комитетінің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақ тазысы ресми түрде әлемге танылды. Тазы – біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі, сондықтан ұлттық ит тұқымын сақтау әрі насихаттау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұл күн шежіреде тарихи күн ретінде қалатынына сенімдіміз, – деді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Еліміз тазы тұқымының иесі деген мәртебені халықаралық кинология федерациясында тарихи жетістік ретінде бағалады. «Бүгін сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. FCI стандарттау жөніндегі комиссиясы мен FCI ғылыми комиссиясы ұзақ рәсімдерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын! – деп ағынан жарылды FCI президенті Тамаш Яккель.
Тазы өте кірпияз. Оның күтімі, тамағы бөлек болуы керек. Сондықтан да оған кім көрінгенің қолы жеткен жоқ. Сері жігіттің қазынасына баланған қазақ тазысы сан алуан аңыз бен саф алтындай өнер туындыларына арқау болды. Енді, міне, осы бір құндылығымыз әлем назарына іліне бастады. Табиғат сыйға беріп, тарихтың талай сынынан өткен қазақ тазысы талай белесті бағындыратыны шүбәсіз.
Ерзат АСЫЛ