Бірегей жазушы Бердібек Соқпақбаевтың әдеби әлемі әлі де зерттеуді қажет етеді. Бүгінде қаламгердің ғасырлық мерекесі ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ көлемінде тойлануда. Туған жеріндегі дүбірлі тойдан кейінгі ауқымды шара Әзербайжан елінде жалғасты.
Бакудегі Халықаралық кітап көрмесінде қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туынды – «Менің атым Қожа» повесінің әзербайжан тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді. Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Елшісі Әлім Байел қатысты. Елден Бердібек Соқпақбаевтың қызы және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен бір топ делегация барды. Қазақ балалар әдебиеті классигінің Әзербайжандағы тойына сол елдегі қалам ұстаған қауым да арнайы келді. Бәрі де жазушының талантын жан-жақты талдап, шығармашылық дарынына тәнті екенін жеткізді. Жазушыға деген құрметтің ерекше екенін тілге тиек етті. Расымен, Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, соны соқпақ, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті жазушы. Қаламгердің еңбектерін ең алғаш өзге тілге тәржімалауды жазушының қызы Самал Соқпақбаеваның өзі қолға алған. Ғасыр тойында асылдың тұяғы әкесінің шығармасын әзербайжан тіліне аударған аудармашыларға алғысын білдірді.
– Менің әкем Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықаралық деңгейде тойлануда. Бұл істің басы-қасында жүрген азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді. Бүгінгі шараға қолдау көрсеткен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова мен Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлына рақмет айтамын. Қазір әкемнің «Менің атым Қожа» шығармасы 70-ке жуық тілге аударылған. Бүгін, міне, әзербайжан тіліндегі нұсқасы оқырманға жол тартты. Сондықтан, аудармашыларға деген алғысым шексіз, – деді Самал Соқпақбаева.
Мерейтойлық шарада арнайы көрме де өтті. Бердібек Соқпақбаевтың көзі тірісінде қолданған 20-ға жуық жеке заты көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, қазақ музыка өнері дәріптелген концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Делегацияны бастап алып барған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев жиылған жұртқа облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді. Оған қоса өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени сабақтастық нығая түсетініне сенім білдірді.
– Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Бұл – ең алдымен жазушыға деген, тұтастай алғанда, елімізге деген үлкен құрмет! Күні кеше Әзербайжан Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы өзара байланысын ерекше атап өтті. Нәтижесінде, 24-26 қыркүйек аралығында Астана төрінде Әзербайжан мәдени күндері өтіп, «Физули – 530» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Ал бүгін өздеріңізбен қауышып, әзербайжан тіліне аударылған «Менің атым Қожа» кітабының тұсаукесері өтуде. Бұл шара тарихы мен құндылығы, мәдениеті мен әдебиеті ортақ, рухы бір екі елдің достық қарым-қатынасын нығайтып, түркі дүниесінің тұтастығын бекемдей түседі, – деді басқарма басшысы.
Бұған дейін Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының жазылғанына 40 жыл толуына байланысты ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымның қолдауымен шығарма түрік тіліне аударылып, тұсаукесері Райымбек ауданында өткізілген еді. Сонымен қатар, жазушы тойы 20-21 қыркүйек күндері Райымбек ауданында ұйымдастырылып, шара аясында қаламгердің еңселі ескерткіші бой көтеріп, әдеби жиын мен бәйге ұйымдастырылды. Ал алдағы уақытта балалар әлеміне жол салған талантқа арналған игі шара Түркияның Стамбұл қаласында өтеді. Ал әдеби шараның қорытындысы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Париж қаласында түйінделмек.
Ақбота ОРАЛҚЫЗЫ,
Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама
басқармасының баспасөз хатшысы