Алматы облысы – еліміздегі экономикалық әлеуеті жоғары, дамыған индустриялық-аграрлық өңірлердің бірі. Биыл да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты артуда. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін, сандарды сөйлетсек.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы 9 айда облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткен. Атап айтсақ, өнеркәсіп саласы 105,4 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 105,1 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс салаларында да оң динамика тіркелген. Сондай-ақ осы уақыт ішінде 777,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға жоғары. Биылғы жылы ай сайын өңдеу өнеркәсібі 0,3 пайызға, сауда 2,5 пайызға, ал құрылыс 16 пайызға артқан. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мамандарының сөзінше, биыл өңірдің экономикасының 6 пайызға өсуін қамтамасыз ету үшін барлық саладағы жоспарды орындауға басымдылық беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қонаев қаласында инженерлік желілер мен өнеркәсіптік аймақтарды дамыту жұмысы жүргізілуде. Басқарма мамандарының айтуынша, өңірдегі экономикалық өсім аймақтың тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі саналады. Ондағы оң көрсеткіштердің бәрі өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Ерзат АСЫЛ,
Қонаев қаласы