Кеген ауданының әкімдігінде өңір кәсіпкерлері бас қосты. Жиынға Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Еркін Майлыбайұлы, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев және өңір прокуроры Ермек Жамбылұлы қатысты. Жиын барысында аудан тұрғындарына кәсіпті бастау, кеңейту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайлану жолдары түсіндірілді.
Кәсіпкерлермен кездесудің алдында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Еркін Майлыбайұлы аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлымен кездесіп, мұндай кездесулерді жиі өткізудің кәсіпкерлік мәселелерін жүйелеуге және олардың шешімін табуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу ашық диалог түрінде өтіп, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойды.
«Нұрай» ЖШС өкілі өз кәсіпорнының есеп-шоты Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан бұғатталғаны туралы мәселені көтеріп, соның салдарынан 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алмай отырғанын айтты.
Көптеген кәсіпкер мен шаруа қожалық иелерін мазалайтын тағы бір өзекті мәселе – су тапшылығы. Бұл ретте аудан әкімі бұл мәселені шешу үшін тамшылатып суару технологиясына көшу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да бірқатар сұрақ қойылды. Кәсіпкерлер бағдарлама аясындағы қаржыландыру талаптары жайында сұрап білді. Барлық көтерілген мәселе Кеген аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Ауыпбаевтың бақылауында болады және олардың шешімін табу жолдары қарастырылады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы