-13 °c
Qonaev
Friday, May 23, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар Әлеумет

    Суықтөбе назардан тыс қалмасын

    23.11.2024
    in Әлеумет, Барлық жаңалықтар, Қоғам
    Суықтөбе назардан тыс қалмасын

    SAMSUNG CAMERA PICTURES

    0
    SHARES
    5
    VIEWS

             Ұлан-ғайыр жері бар қазақ елі киелі жерден кенде емес. Тасына тарих тұнып, қойнауына құт қонған Суықтөбе де сондай. Осы төңіректегі жұрт ежелден оны қасиет тұтады. Жүз шақырымнан көзге шалынатын тау небір құпия-сырды ішіне бүгіп жатыр.

    Суықтөбеде аң-құстың көп бол­ғанын әкелеріміз жиі айтушы еді. Арқар, таутеке, елік, барыс сияқты сирек кездесетін аңдарды көрдік дегендерді мұнда дейін еститінбіз. Қазір оның бірін де кездестіре алмайсыз. Бұрын аңшылар тек өзіне керегін ғана аулайтын болса, қазір аң-құсты ату адамдардың ермегіне айналды. Жол талғамайтын көліктерімен таудың басына дейін шығып, жыбырлағанды мүлт жібермейді. «Қызыл кітапқа» енген сол аңдардан бүгінде бірен-саран қалды ма, жоқ па, қайдам? Оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан Суықтөбенің табиғатын сақтауға мемлекет тарапынан бір пәрмен керек-ақ.
    Тау әсіресе биылғы берекелі жылы ерекше құлпырды. Жаз мезгілінде бөктерді хош иісі мұрын қытықтай­тын гүлдің неше түрі түкті кілемдей көмкерді. Жайлау төрі төрт түлік өргізген малшыға да, бал шайқаған омарташыға да жайлы болды. Қойнау­дағы құйқалы қыртыстың шөбі қалыңдап, кей тұсы, тіпті адам бойы­нан асты. Биікке бой түзеген ақбас Алатаудың етегіндегі ел-жұртқа оны суреттеп жату артық болар. Тек бір аңызды келтірсек жеткілікті.
    Сонау бір замандарда осы өңірді шүршіттер жаулап алып, қырық жылдан астам уақыт орнығып қалған екен. Қарасай батыр бастаған ел тізе қосып, оларды ата қонысымыздан қуып шығады. Сонда тауға бауыр басып қалған шүршіттер зар жылапты. Суықтөбені сағынғандары сонша, «барып кел, көріп кел» деп өз аралары­нан астыртын біреуін жібереді.
    Жасырын келіп-қайтқан адам таудың табиғатына тамсанып, көрген-білгенін жыр қылып тілмен айтып тауыса алмай тұрғанда, аузының суы құрып тыңдағандар:
    –  Суықтөбені көріп қайттың ба, ендеше әкелші, әкетай, сол көрген көзіңді, – деп бейшараның екі көзін ойып алған екен дейді. Айырылып қалған жұмақ мекенге деген қимас­тықтан-дағы.
    Суықтөбе туралы қызықты аңыз-әңгімелерді балалар жазушысы, осы өңірдің перзенті Мұхаметжан Етекбаев індете жазып қалдырған. Осынау түгін тартсаң, майы шығатын шұрайлы өлкені қаумалаған дұшпаннан қорып, небір батыр өтті. Оның ішінде Қарасайдың тікелей ұрпағы Сұраншы мен Саурықтың ерлігі Сүйінбай мен Жамбылдың жыр-дастанына арқау болған.
    Бұдан жеті жыл бұрын Суықтөбеге саяхат жасағандар қатарында болған едік. Сондағы көріністер әлі көз алдымызда. Күні бойы өрмелеп тау басына шығып, Көк Туды желбіретіп қайтқанбыз. Құзына қыран ұя салған Суықтөбеге көтерілгенде бойымызды ерекше сезім биледі. Әсіресе таудағы таңбалы тастардың Қарабастаудағы әлемге әйгілі таңбалы тастарға ұқсас­тығы таң қалдырды. Сондай петро­глифтер Суықтөбенің қия бетінде де бар екені еш жерде айтылмай келеді. Сонда олар көпшілікке белгісіз күйінде тағы қанша уақыт жатпақ?
    Бұл Суықтөбенің басынан не заман, қай кезең өтпеді десеңізші?! Тау етегінде маңызды археологиялық ескерткіш – орта ғасырлық Қастек қалашығының орны табылған. Шиен ауылында туып-өскен өзіміз де оған қарап, там­санумен келеміз. Сонау отызыншы жылдар зобалаңында қызылдардың озбырлығына қарсы тұрған Омарбек Жантайұлына пана болған тау бұл. Ел-жұртымды қор қылмаймын деген Омарбек осында әскер жиып қол бастаған. Есіл ерді күшпен ала алмаған қызыл өкімет ақыры айла-шарғымен, жымысқы жолмен мерт еткеніне де осы Суықтөбе куә. Ұрпағы батырға бүгінде таудың теріскей тұсында қылыш түрінде биік белгітас орнатқан. Мұнда ашаршылық жылдары да қанша адамның сүйегі шашылып қалды екен көмілмей?! Қалмаққырған, Қандыжар, Қособа, Қарауылтөбе деген атау­лар жаугершілікті білдіреді. Үлкен төбелер бірнеше адам бірге жерленген обалар болар бәлкім. Бала кезімізде жартас түбінен ақбөкеннің мүйіздерін көретінбіз. Соған қарағанда, қуаңшылық жылдары Арқадан ауған киікке де пана болған сияқты. Оқушы кезімде жазғы каникулды жайлауда үлкен әкемнің қолында өткізетінмін. Сонда бір жылы тауды тікұшақ бірнеше күн бойы шыр айналғаны есімде. Ертеңнен кешке дейін құзды, сай-саланы шарлады. Жер бауырлай төмен ұшып, таудың ыңғыл-шыңғылын түгін қалдырмай түгел шолып шыққандай болады. Сонда қойшылар: «Алтын іздеп жүр-ау осы, тауда алтын бар дегенді ертеректе еститінбіз», – деген. Рас-өтірігін қайдам, «Таңертең күн сәулесі алдымен түскен жартастың астына ат басындай алтын жасырылған» деген сөзді де құлағым шалған.
    Алтынды қайдам, Кеңес заманында мұнда қорғасын қоры бар деп, таудың күншығыс жағында Шынасыл сайын­да шахта қазып, зерттеу жұмыстары жүргізілген. Енді сонда алтын өндіре­тін инвестор табылып, жергілікті жұрт табиғатты бүлдіреді деп бұған қарсылық танытып жатқан көрінеді. Ал сол сайдан оңға көз жіберсеңіз, жоғары кернеулі электр сымдары тартылған үлкен бағаналар тізбегі тау асады. Бұл – Қырғызстанның су электр стансасы мен Алматы қаласының арасына қуат тасымалдайтын жүйе. Осы маңда қанша мал жайылса да, шөбі тез жетіліп, үнемі көкпеңбек болып жататын Көктөбе жайлауы, Екіаша, Сулысай, Нарбота сайы, Үшкір, Қапсалаң, Қаңлысай, Қырғызсай сияқты көптеген жер-су атауы бар Сарыжазыққа шықсаңыз, сонау көз ұшындағы Қастек асуын көресіз. Оны Белата деп те атайды. Ертеде Белата деген батыр елін сол асуда жатып қорғап, ешбір жауды бері өткізбей, көрікті мекенге көз алартқан дұшпанның мысын құртыпты. Бірақ батырдың ажалы ақыры аңдыған жаудан болады. Сүйегі де сонда деседі осы күнгі жұрт. Бір өкініштісі, 2010 жылдары қырғызбен арада шекара тартылғанда, түсініксіз себеппен бейіті сым-қоршаудың арғы жағында қалып қойыпты.
    Суықтөбе туралы білгенімізден, білмегеніміз көп. Қазіргі дереккөзде таудың абсолюттік биіктігі 3273 метр, ұзындығы 85 шақырым деп көрсетіліпті. Осындай аумақты алып жатқан көрікті мекен аялы алақанды қажет етеді. Тек тауда ғана өсетін еңлікгүл, тау қызғалдағы, рауғаш, алтын тамыр сияқты өсімдіктер мен құрып бара жатқан аң-құсты біржолата жойылудан сақтап қалу, тарихын зерттеу, тіпті көркейту дәл бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиіп отырғаны анық. Осы мақсатта мемлекет тарапынан тиісті шаралар қажет. Бәлкім, өлкетану музейін ашып, соның құзырына бекіткен жөн болар?!

    Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Жамбыл ауданы

    Ұсынымдар

    ІІМ: Алматы облысы жол апаты ең көп адам құрбан болатын өңірлер қатарында

    ІІМ: Алматы облысында жол апаты жиі болады

    2 years ago
    Былғары қолғап үздіктері анықталды

    Былғары қолғап үздіктері анықталды

    4 months ago
    Жаңбыр суы да өндіріске жаратылмақ

    Жаңбыр суы да өндіріске жаратылмақ

    10 months ago
    Ой салған аға хаты

    Ой салған аға хаты

    8 months ago
    Ел тыныштығы –  ең маңызды мәселе

    Ел тыныштығы – ең маңызды мәселе

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.