Қырдың самал желін аңсап жүрген күндердің бірінде Райымбек ауданы Тегістік ауылында тұратын досым Айдар Мұхамадиев телефон шалды. «Біз жаққа біраз күнге келіп, демалуға қалайсың?» – деді. Қуана келістім.
Тегістік ауылындағы қара шаңыраққа бір түнеп, ертесі Айдар, Сабырхан үшеуміз жеңіл автокөлікпен Кіші Қақпақты өрледік. Дегерестегі Кәміш досымыз бен зайыбы Гүлмираның шаңырағына атбасын тіредік. Ақ пейілмен құшақ жая қарсы алды. Көптен көрмеген жандармен дидарласып, мәре-сәре болдық. Қонақтардың құрметіне сойылған марқаның еті дереу қазанға түсіп, бүлкілдеп қайнай бастады.
– Сендерге бір сырымды ақтарайын, – деді Кәміш бәрімізді өзіне қаратып. – 30-жылдардағы дүрбелеңде үлкен әкелеріміз бас сауғалап Қытайға өтуге мәжбүр болған. 1961 жылы әкем Нұрым мен шешем Балдай атамекенге қоныс аударыпты. Алматының күнбатыс жағындағы «Каменка» елдімекенінде тұрған. Сол жылы ақжолтай болып, дүниеге мен келіппін. Ата-анам нәрестесіне есім қоярда өздерінше ырымдап: «Елге аман оралдық. Ең үлкен олжа осы. Сондықтан мынау елдімекенге сәйкес етіп, баланың есімін Каменка қоялық», – депті. Молдаға азан шақыртып, беттерін сипапты. Сөйтіп, менің құжаттағы атым – Каменка. Бірақ ағайындар Кәміш деп атайды, – деп «жаңалығын» мәз бола жариялады.
Осы орайда көп нәрсе еске түседі. Негізінде жаңа туған сәбиге есім таңдауға келгенде, қазақтың шешім қабылдауында ерекшелік аз емес. Оған дәстүр талабы тұрғысынан қараған. Өйткені есімнің адам өміріне ықпалы айрықша деп білген. Мәселен, Шоқан Уәлиханов ат қоюдағы ырымды әдет-ғұрыпқа жатқызса, Сейіт Кенжеахметұлы «Ырым – халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып, ұлттық ерекшеліктің бір саласы» деген.
Ежелгі дүниетанымда адамның аты-жөні оның жанымен тікелей байланысты деп түсіндірілген. Егер шын ныспысын қаскөй адамдар біліп қойса, оны дуалауы мүмкін деген түсініктер болған. Содан баланың азан шақырып қойған атын туралап айтпай, оны еркелету мағынасында жанамалап атау қалыптасқан. Өмірде оның неше түрлі мысалдары бар. Абай – Ибраһим, Шоқан – Мұхамедқанапия, Мұқағали – Мұхамедқали деген секілді.
Бала ержеткенде кәмелеттік сынақтан өтіп, «алғашқы ерлігін» жасап, елдің көзіне түскенде оған «титул» аттар таңылған. Мәселен, Әбілмансұр – Сабалақ болып ержетеді де, жекпе-жекте Шарышты өлтірген соң Абылай деген мәртебелі есімге ие болған. Ойымды Кәміш достың сөзі бөліп жіберді.
– 1967 жылы анам Балдай, 1968 жылы әкем Нұрым дүниеден озды. Әрі қарай екі әпкемнің қолында тәрбиелендім. Сарыжаздағы кәсіптік техникалық училищесін бітірдім. 1980 жылы әскер қатарына шақырылып, соның арқасында Ресей, Украина, Беларусь Республикаларының бірнеше қаласын көрдім.1982 жылы Қақпаққа оралдым. Бір күні шаруашылықтың бас мал дәрігері Бақытбек Манапов ағамыз жолыға қалды.
– Әй, інім, сен кіші мал дәрігері екенсің ғой. Онда қарап отырма, дереу жұмысқа кіріс, – деп қолқа салды. «Сен Көкшұқырдағы ұжымшардың қозыларына бар», – деді бастығым. Көкшолаққа мініп алып дереу жолға шықтым. Қаратұмсықты айнала бергенімде, артымнан қуып жеткен ақсақалға сәлем бердім.
– Қайда жол тарттың? – деді қария.
– Бас мал дәрігердің тапсырмасымен Көкшұқырдағы қозыларды емдеуге бара жатырмын.
– Жөн екен. Бірақ, балам, мынаны есіңе сақта. Көкшолақты келесі жолы мінбе, – деді әлденені ескерткендей. Соны айтты да, өз бағытына бұрылып кете берді. Мына сөзге бәлендей мән бермедім. Сол күні Ақтастағы Малдыбай шопанның үйіне түнедім.
Ертесінде іссапарды әрі қарай жалғастырдым. Көкшұқыр асуының ортан беліне келгенде кенет Көкшолақтың сүрініп кеткені. Тіпті омақаса құлап, 3-4 мәрте аунап түсті. Мен допша домалап бір шетте қалдым. Аузымды әрең икемге келтіріп, «бісмілләмді» айтып орнымнан тұрсам, сау екенмін. Көкшолақ та сілкініп барып қалыпқа түсті. Қысқасы, бір бәледен Құдай қақты.
Орталыққа оралған соң дереу Көкшолақты ұжымшардың басқа атына ауыстырдық. Кейін сұрастырсам, маған жолыққан әлгі қария Текес ауылының тұрғыны Қабділда есімді ата екен. Көріпкелдік қасиеті бар болып шықты. Бұрын мұндайға сенбеуші едім, енді иланбасқа еш күмәнім қалмады, – деді Кәміш қыр хикаяларын шерткендей желпініп. Мен көріпкелдік жайында толғана бастадым.
Осындай қасиетке ие адамдар сыртқы және ішкі күштердің әсері арқылы тылсым байланысқа түсіп, болашақтағы оқиғалар туралы, жоғалған заттың немесе адамның мекені жайлы жекелеген ақпараттар бере алады. Адамның денсаулығы жөнінде ғылыми медицина әдіснамасы мен құралдарын пайдаланбай-ақ болжамдар жасайды. Бір қызығы, қабілет иелерінің өздері де, ғалымдар да көріпкелдік жайлы тұжырымды түсіндіріп бере алған жоқ, бере де алмайды. Ол – бір Алланың құзыретінде!
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне байланысты бақсы, балгер, жауырыншы, түс жорушылар жайлы әңгімелер мен аңыздар көп. Мысалы, Жаратушы иеміздің құдіретімен әйгілі болған Мөңке би, Майқы би, Асан қайғы, Абылай ханға ақылшы болған Бұқар жырау, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы және тағы басқаларын айтуға болады. Ал дүниежүзіндегі ең атақты көріпкелдер – француз дәрігері, сәуегей жұлдызшы Мишель де Нострадамус, болгариялық Ванга. Көріпкелдік қасиет адамдардың ұлтына, жасына, жынысына және басқадай сипаттарына қарамайды. Олар әрбір құбылысты болжап, тылсымнан келетін бағытқа сүйенеді.
Ойымды тағы Кәміш достың ақжарқын дауысы бөліп жіберді.
– Ұжымшарда жүріп, сендерге бүгін дастарқан жайып отырған Гүлмирамен таныстым. 1986 жылы екеуміз отбасын құрдық. Берікбол есімді ұлды болдық. Жекешелену кезінде «Сырым» деген қожалық құрдық. Берікбол мен келінім Ерсәуле кәсіпкерлік жолымызды ойдағыдай жалғастырып келеді. Сұңғат, Сымбат, Сырым, Сабыржан есімді төрт немере сүйіп отырмыз. 2021 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым. Ұрпақтарға жарқын болашақ, береке, бірлік тілеймін! – деді.
Кетер кезде Кәміш пен Гүлмира ата дәстүрдің тағы бір қырын еске салды. Бұйымтай сұрауымызды талап етті. Бұл – жомарттыққа, ақкөңілділікке, көркем мінезге тәрбиелейтін ежелгі салт. Сөйтіп, қырдағы қазақ үйінен демалып қана емес, шаңыраққа құт әкелетін рухани танымдарға да байып қайттық.
Болатхан НҮСІПБЕКОВ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі