Екінші сыныпты тәмамдап, жазғы демалысқа шыққан кезім. Шілденің ми қайнатар ыстығы болғандықтан, өзім қатарлы екі-үш қызбен көлеңкеде қуыршақ ойнап отырғанбыз. Ұжымшарда есепші болып істейтін әкем Пармаш түскі асқа келді білем, бізге жақындау жерге атын байлап, үйге беттеді.
Екінші сыныпты тәмамдап, жазғы демалысқа шыққан кезім. Шілденің ми қайнатар ыстығы болғандықтан, өзім қатарлы екі-үш қызбен көлеңкеде қуыршақ ойнап отырғанбыз. Ұжымшарда есепші болып істейтін әкем Пармаш түскі асқа келді білем, бізге жақындау жерге атын байлап, үйге беттеді.
Жүзі жадыраңқы екенін көріп, мен де артынан ілесе кірдім. Өйткені ол кісі көңілденгенде, қандай өтініш айтсам да орындайтын. Үйдің үлкендері екі иығынан дем алып, буы бұрқыраған жез самауырдан шай ішуге кірісіпті. Әкем табалдырықтан аттай сала:
– Көке, сүйінші! Бауыржан балаң ертең Мәскеу пойызымен Алматыға өтеді екен, демалыс алған көрінеді. Батырды бүкіл жуалылықтар Бурный бекетінде күтіп алуға дайындалып жатқан сияқты, маған ауданнан жігіттер телефон шалды. Сізді куантпаққа түскі үзіліске ертерек келдім, – деді. Төрде отырған Сағындық атам Бауыржанның аты аталғанда орнынан тұра беріп, қолындағы ыстық шай құйылған кесесін түсіріп алды. Оған мән берген атам жоқ, ал кеп әкемді сұрақтың астына алды:
– Қай мезгілде өтеді? Уақытын білдің бе? Қасында кімдер бар екен? Мен оған қалай жолығамын?
– Жаңа үйге келе жатып Дәуірбайды көрдім. Оның айтуынша, ертеңгі пойыз Шақпақ бекетінде 10 минөтке тоқтайтын болыпты. Мүмкін, бұл Бауыржанның талабымен жасалған шығар. Әйтеуір өмірі тоқтамайтын осы бекетте пойыз біраз кідіретін сияқты. Баукеңді Бурныйдан емес, Шақпақтан күтіп алыңыз. Ертерек шықсаңыз, түске дейін жетіп аласыз. Арбаға Қаракерді жегіңіз, ол сізді шаршатпай апарады. Шақпақтан деп отырғаным, ол – шағын бекет, адам аз, үлкендердің көбі ауданнан күтуге дайындалуда.
Өзі де дегбірсіз атам шайды шала ішіп, далаға шықты да, айқайлап бүкіл әулеттің адамдарын есік алдына жинады. Әрқайсысына жекелеп тапсырма беріп, Бауыржанды күтіп алу қамына кірісіп кетті. Қорадан құрығы үлкен, байлаулы тұрған қара қойды шығарып, басын құбылаға қаратып, дауыстап Құран окып, соңын Баукеңе арнаған тілек-батамен бітірді де, мал союды Тәліпбай мен Досқұл ағаларға тапсырды. Бие байлайтын үйлердің келіндеріне ертеңгі қымызды ешкімге бермей, күбіден қотарып, осында алып келуді бұйырды. Өзі тері ыстайтын шоланға кіріп, местің ең үлкенін алып, ертеңге дейін ішіне қатықтың сарысуын құйып қоюды әжеме тапсырды. Біз құдықтан мұздай су алып, жаңа піскен майды соған салып қоюға кірістік. Ол суды ертеңге дейін әлденеше рет ауыстырамыз. Әйтпесе, күн ыстық, май еріп кетеді. Шешем Күлпаш өреге жайылған құрттарды төмен түсіріп, жаңадан тігілген дорбаға салып жатыр.
Әжем келіндеріне Баукең аға тары мен талқанды жақсы көретінін, интернатқа Құрманбек aғa екеуіне тары, талқанды көп тасығанын айта жүріп, 2-3 кесе тарыны ыстық сүтке бөктіріп койды, ондағысы ағаның тағы бір жақсы көретін асы – майтары жасау. Жаңа түскен Ұлдархан жеңешеме сары ірімшік қайнатуды жүктеді. Әжем үлкен көбежедегі ұнның түбінен сап-сары екі қазыны шығарып, ұннан тазартуға көшті.
Көп ұзамай екі ошақтың түтіні бұрқырап, бірінде үйітілген қойдың жас еті, екіншісінде әжем сақтаған сары қазы қайнап жатты. Біз анда-санда ошаққа қыста малдан қалған кәшекті салып қоямыз. Қойдың етін атам қазанға ішек-қарны, бас-сирағымен түгел салдырған. Өйткені батыр ағамның кәрі жіліктің етін, ішек-қарынды бәрінен жақсы көретінін атам біледі.
Таңертеңгі шайдан кейін атам арбаға ат жегу қамына кірісті. Әжем баласына апаратын тамақтарын келіндерінің көмегімен дайындап жатыр.Астына шөп салынып, үстіне текемет төселген арбаға тамақ жайғастырылып, атам мен әжем енді міне бергенде, мен айқайға бастым. Батыр ағаны менің де көргім келеді. Егер қайсарланып қалмай қойсам, әжем мені кейде қонаққа алып кететін. Сол әдіс жүзеге асты. Мен арбаға мінген сәтте-ақ атам ұзын қамшысымен Қаракерді тартып қалып, божыны қолына орай ұстады. Қашықтығы біздің Ынтымақ ауылынан 6-7 шақырымдай Шақпақ бекетіне түс болмай жетіп келдік.
Он шақты вагон тіркелген жолаушы пойызының ортасындағы бір есіктен әскери киімді кісінің сұлбасы көрінді. Атам солай қарай жылдам жүре бастады. Жүгімізді көтеріскен кісілер мен әжем атамның соңынан ерді. Пойыз тоқтар-тоқтамастан вагоннан секіріп түскен әскери кісі: «Көке!» – деп атама құшақ жая жүгірді. Екеуінің айқасқан құшақтары біразға дейін жазылмады. Айнала қоршаған адамдар, әжем жылап тұр. Атамның құшағынан босаған аға енді әжемді құшақтай сүйісті. Қасында тұрған мені көтеріп алып, маңдайымнан иіскеді де, үлкендермен сәлемдесе бастады. Жиналған топ көп емес, шағын бекетте 30-40 теміржолшы тұратын. Батырдың атаммен осы жерде бір сөйлесіп, он шақты жылдай аңсаған ата дәстүрін қайта жаңғыртқысы келген сияқты.
«Көке, әлі аңшылықпен айналысып жүрсіз бе? Жақсы ат, қыран бүркіт, жүйрік тазыдан нелеріңіз бар? Оташылығыңыз ше? Аяқ-қолы шығып, сынғандар бұрынғыдай әлі келіп тұра ма? Тері илеп, ыс салудың шебері едіңіз ғой! Шіркін, ыстаған ет, меске құйылған қымызды сағындық қой!
Атқа мықтылап мінуді үйреткеніңіздің соғыста пайдасы көп тиді. Менің жақсы атты жаным сүйетінін өзіңіз білесіз ғой, атқа арнап жазған «Солдат аты» өлеңім сіздің жүйрігіңізге арналған. Оны бәйгеге де салып, аударыспаққа да сонымен шығушы едіңіз-ау! Қаталдығыңыз ше, әскери бөлімде темірдей тәртіп орнатуым соның арқасы, көке!»
Ал атамның Бауыржан ағаға айтқандарының есімде қалғаны: Қаракердің ауылдағы бәйгенің алдын бермей тұрғаны, өткен қыста 70-тей түлкі ұстағаны, бір қасқыр соғып алып, өзі туралы газетте мақала жазылғаны. «Арыстан» атты жүйрік тазысы жақында көз тиіп ауырып қалғаны, оны ауылдағы Нұржігіт молдаға оқытып, мойнына тұмар жасатып таққаны. Бұрынғы бүркіті қартайған соң, бір жылдан бері жас бүркітті баулып жүргені, бірақ Манапбайдан басқа балалары бұл өнерге қызықпайтындығы айтылды. Соғыс кезінде Бауыржанның батырлығын газеттен оқып, радиодан естіп, мақтаныш еткенін айта тұрып, баласының арқасынан қағып қояды.
– Мен оңтүстік өңірде беделді болсам, Кұрманбек екеуіңнің арқаң. Интернатқа нан, тары-талқан тасыған еңбегімді ақтадыңдар, қозыларым! Айтпақшы, Құрманбекті көрдің бе, Мәскеуден қашан қайтпақшы? – деп екі жылдық жоғары партия мектебіне оқуға түскен ағамды сұрап қояды.
– Иә, елге қарай шығарып салды, оқуы бітуге таяу. Алла бұйыртса, Құрекең мен Сараны дәл осылай күтіп аласыз, – деп көңілін аулады.
Бауыржан аға пойыз жүруге белгі беріп, әжем апыл-ғұпыл алып шыққан тамақтарын екі әскери киімді жігітке өткізіп жатыр.
1958 жыл. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскенмін. Құрманбек ағаның үйінде тұрып жатырмын. Аға үш айға Бельгияға іссапармен кеткен. Бір күні Бауыржан ағаның үйіндегі Жаркен жеңгем келіп, мені өзімен бірге тұруға шақырды. Сара жеңгем рұқсатын берді. Бауыржан аға аяғын мертіктіріп алып, ауруханадан шыққаннан кейін демалуға кеткен еді. Жеңгем жалғыз қалыпты, аға келгенше қасында болуым керек. Мен келген күннің ертесіне Жаркен жеңгем (ол кісі атақты әртіс Қалибек Қуанышбаевтың қызы) құрбысы Шекетті ертіп, үшеуміз Бауыржан аға жатқан демалыс үйіне келдік.
Жеңгем ағa жатқан бөлменің есігін қақты. Есікті ашқан ағамның өзі болды. Мені көріп құшақтап, бетімнен сүйіп, ішке кіргізіп, карта ойнап отырған екі aғaғa таныстырды. «Бұл менің Күнтай кызым, қараңдаршы, қазақ қыздары осындай болуы керек емес пе? Қазақы келбет, сызылған мінез, кесілмеген шашы», – деп мақтанды.
1960 жылы 50 жылдығын тойлауға Жуалыға келгенде аудандық Мәдениет үйінің мінберінде тұрып, Жаркен жеңгеме: «Қатын, тұр, менің еліме иіліп сәлем ет, осы елдің келінісің», – деді. Кезінде ағаның осындай мінездерін кейбіреулер ерсі көрген. Бұл – ата салтын ұмытпа дегені екен.
Ағаның туған әпкесі Үбиан қайтыс болғанда, көңіл айтуға бүкіл ел барған. Қатар түзегеңдердің басында таяққа сүйеніп, бүгіліп жылап тұрған батыр ағамды көрдім. Кешке отбасымызда ол кісіні әңгіме еткенімізде атам:
– 1942 жылдың қақаған қысында Момыштың інісі Момындық қайтыс болып, қан майданнан арнайы пойызбен Бауыржан келген. Біз алдынан 2-3 ерттеулі ат алып шығып, күтіп алғанбыз. Талапты ауылына жақындағанда, Бауыржан «Бауырымдап» ат қойды, соғып тұрған бораннан оның не айтқанын түсінбеді ме, артында келе жатқан әскери көмекшісі «Бауыржан, Бауыржан» деп ол да ауылға қарай шапқан, – деп еске алды.
Ауылдағы келіндер босанса, ағадан сүйінші сұралатын, уақытын бөліп, соларға жөргек-жаялық жіберетін. Туған жерге келгенде қайтыс болғандарды түгендеп, Құран бағыштайтын. Парыз бен ар-ұятты қасиет тұту – Батыр ағаның өзіне біткен ерекшелігі еді. Бауыржан аға қазақтың ұлттық ою-өрнегіне көп мән беріп, қолы боста қайшымен әсем оюлар ойғанын қалай ұмытамыз? Ол ою-өрнектер бір альбом болды. Қазір Бақытжанның үйінде сақтаулы. Өмірінің көбі әскери қызметпен өткен, кейіннен жазушылықпен айналысқан ұлы тұлға әр облысқа, өлкеге тән ерлердің, әйелдердің ұлттық киімдерінің ерекшеліктерін де тез айыратын. «Батамен ел көгерер» деген терең философияны ұғынған аға үлкендерден бата алуды қалайтын. Соғыс кезінде Жамбыл атасына арнайы келіп сәлем берген, батасын алған. Кейіннен жалғызы Бақытжанды да Жамбылдан бата алуға алып келген. Өмірінің соңына дейін өзі де көптеген Бауыржандарға бата берді емес пе?!
Бауыржан ағаның «Ұшқан ұя» кітабын оқыған адам халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қаншалықты білгенін, көкпар, бәйгеге өте құштар болғанын сезінеді. Ол кісі тіл мәселесін де бұдан 50 жыл бұрын көтермеп пе еді? «Тілі кедей елді мәдениетсіз, надан халық деп санайды» деп ағамыз соғыста жүріп-ақ жазған. Сол асыл жанның өнегесінен үлес алып өскен жанның бірі – менмін. Әруағың жебеп жүрсін, Батыр ағам!
Күміс Пармашқызы,
Мәдениет қайраткері,
Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы