Алматы облысы әкімінің өкімімен Димаш Абдуарсұлы Қожабеков облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Димаш Абдуарсұлы 1986 жылы Алматы қаласында туған, білімі – жоғары. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «электроэнергетика», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «құқықтану және экономика негіздері», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болып бастаған. Әр жылдары «Қазэлектромонтаж» АҚ-да, Алматы қаласы әкімі аппаратында, «Алматы қаласы шаруашылық басқармасы» ЖШС-да, ҚР Президенті іс басқармасының Алматы қалалық әкімшілік ғимараттар дирекциясында, Алматы қаласындағы №5 перзентханада, Алматы қаласы мен Қостанай облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Азаматтық қоғам істері комитетінде, Алматы облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінде инженер-сметашы, веб-дизайнер, заңгер, бөлім басшысы, басшы орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет етті.