Перейти к содержимому
Главная страница » АШЫҚ ПІКІР АЛМАСТЫ

АШЫҚ ПІКІР АЛМАСТЫ

      Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев пен тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Данияр Ахметов өңірлік кадр резерві мүшелерімен кездесті. Басқосуға қатысушылар ашық пікір алмасып, емен-жарқын әңгімелесті.

Рустам Маратұлы мемлекеттік қыз­метте өзіне сенімділік, белсенділік, бастамашылдық, жігер мен өршілдік секілді қасиеттердің мол жетістікке қол жеткізуге септігін тигізетінін тілге тиек етті. Әрбір адамның көздеген мақсаты­на ұмтылуы керегін алға тартқан облыс әкімінің орынбасары жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін, алдағы уақытта да осындай кездесулер ұйымдастырып, қызықтыратын тақы­рыптарды талқылауға болатынын жеткізді.
Әрбір қатысушы өзі туралы мағлұ­мат беріп, кадр резервіне өту мақсаты мен алдағы жоспары туралы айтты. Олардың арасында кадрлық резервтің арқасында басқарманың немесе бөлім­нің басшысы болғандар да болды. Басшыларға толғандырған сауалын қойып, кәсіби өсу жолында қажетті кеңес алды. Мансаптық мүмкіндіктер мен жұмысқа орналасу жолдары талқыланды. Мамандарды даярлау және бейімдеу жүйесін жақсартуға, сондай-ақ кадр резервін қолдауды күшейтуге бағытталған ұсыныстар сөз етілді.
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніме 5 жылдан асты. Еңбек жо­лымды жастар тәжірибесінен бас­тадым. Одан кейін ауылдық округ әкімдігі мен басқармаларда қызмет атқардым. Бүгінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы басқармасының бөлім басшысы лауазымында еңбек етудемін, – деді Нұрбол Дәрменов.
Облыстық өңірлік кадрлық резерві­не бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден іркілмей өткен 35 жастан аспаған жоға­ры білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілер енген. Іріктеуді облыстық кадр комиссиясы жүзеге асырған. Резервте болу мерзімі – 2 жыл. Осы уақыт аралығында өңірлік резервке алынған жастар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындала алады.
Келесі кезекте Данияр Ахметов мемлекеттік қызметтегі жинаған тәжі­ри­бесімен бөлісіп, әр адамның алдына мақсат қоя білуі және өз саласын жетік білуі керегін тілге тиек етіп, жас мамандарды күнделікті күйбең тірлікпен жүре бермей, жарқын жоба­ларға бастамашы болуға шақырды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ