Бір топ Сенат депутаттары жұмыс сапарымен Талғар ауданында болды. Қонақтарды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов бастап келді. Сапар бағдарламасына сәйкес олар еліміздегі ең ірі және жоғары технологиялы Green Eco жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.
Мәртебелі меймандарды қарсы алған жылыжай директоры Роман Шнайдерман оларға өзі 2016 жылы негізін қалаған заманауи кәсіпорынды аралатып, бүгінгі жетістігі, алдағы мақсаты және кездесіп жатқан азды-кем қиындықтары жайында айтып берді. Кәсіпорын жайлы толыққанды ақпарат алып, мейлінше танысуға көркем безендірілген стенд және ЛЭД экран арқылы ұсынылған сипаттама көп көмегін тигізді.
Green Eco жылыжай кешені Панфилов ауылдық округінің аумағында 1,3 гектар жерде орналасқан. Директордың айтуынша, ол бесінші буындағы бірегей жылыжай. Негізінен көксөк пен салат және сәндік бұтақты ағаштарды өнеркәсіптік жағдайда өсірумен айналысады. Осыған байланысты өсіру және қызмет көрсететін екі аймақтан тұрады. Көксөк пен салаттар ағынды конвейерлік гидропоника жүйесі бойынша арнайы ыдыстарда өсіріледі. Бұл жерде ауаның жағдайы толық бақыланады, ақылды көлегейлеу жүйесі жұмыс істейді, қосымша жарықтандыру, басқарылатын газды орта бар. Кәсіпорынның өзіне тиесілі артезиан құдығы, су жинау ыдыстары, бірнеше сатылы суды сүзгіден өткізу және минералдандыру жүйесі болғандықтан, өсімдіктерді суғаратын судың да сапасы өте жоғары.
Компанияның ішкі саясатына сәйкес, қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, көксөктерді өсірудің тек экологиялық таза әдісі ғана қолданылады. Әр он күн сайын барлық өнім тексеруден өтіп, жаңа фитокарантиндік сертификат беріледі. Кәсіпорын күніне 15 мың, жылына 3,5 миллион қорап өнім шығарады. Ай сайын 60 мың, жылына 5 миллион дана топтап буылған балғын көксөк сатылады. Басқаша айтқанда, әр күні Қазақстанның түкпір-түкпіріне балғын көксөк тиелген 12 үлкен жүк көлігі жөнелтіледі.
Кәсіпорын директоры жылыжай кешенінде өсірілетін көксөктер мен өндірілетін өнімдердің экологиялық таза және әлемдік сапа талаптарына жауап беретінін айтты. Қонақтарға 10 түрлі салат, 5 түрлі салат микстері, көксөк түрлері таныстырылды. Сондай-ақ буып-қораптау желісі орналасқан қызмет көрсету аймағы, дайын өнім сақталатын қоймалар мен тоңазытқыштар көрсетілді. Жылыжайдағы өнім жиналған соң көксөк өсу үдерісін тоқтату үшін тоңазылатын камераға қойылады екен. Кәсіпорынның жұмысымен кеңінен танысқан сенаторлар мен тиісті сала мамандары директордың өз аузынан қазіргі жұмыс істеп тұрған кешеннен басқа келешекте өсімдіктер өсіру және оларды өңдеу үшін оның екінші кезегі іске асатынын да естіді. Егер біріншісінде буып-қораптау және тиеу аймағы болса, екінші кезең аяқталған соң өсірілетін өсімдіктер түрін көбейтіп, оның көлемін айына 105 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл дегеніңіз – айына өндірілетін өнімнің мөлшері 700 бірлікке жетіп, жұмыс орындарының саны 200-ден асады деген сөз. Ал компанияның өнімдері Қазақстанның дерлік барлық қаласында сатылатын болады.
Сенат депутаттары және олармен бірге келген қонақтар жылыжай кешенімен танысудың екінші бөлігінде сәндік бұтақты ағаштар өсіру үдерісімен жан-жақты танысты. Роман Шнайдерманның айтуынша, бұл бағытта да Қазақстанның сұранысын толық қанағаттандырумен бірге кешеннің өнімдерін шетелдерге экспорттауға бағатталған жоспар жүзеге асырылып жатыр. Келешекте бұл кешен тіпті өзіндік ауылшаруашылық хабына айналуы тиіс.
– Бірақ қазірше шешілмеген бір мәселе бар, елімізде баламасы жоқ осындай жоғары технологиялы жылыжай кешені қай салаға жататыны белгісіз. Біз не ауыл шаруашылығы, не басқа салаға жататынымызды білмейміз. Бұл – кешенді дамыту үшін тиісті мемлекеттік қолдау, жеңілдікті несие алу, инвестиция тарту мәселелерінде белгілі бір қиындықтар туғызады. Осы тұрғыда көмек берсеңіздер екен, – деді Роман Викторович.
Сенаттың Әли Бектаев бастаған Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің жұмыс тобы кешенде өндірілетін экологиялық таза өнім адамның денсаулығы үшін және қоршаған ортаны көркейту үшін өте пайдалы екенін айтып, кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ сенаторлар айтылған өтініш, тілектер ескеріліп, бірегей кешенді дамытуға нақты көмек көрсетілетінін жеткізді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы