Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас және Алматы қаласындағы Бас консулы Гвидас Керушаускаспен кездесті. Басқосуда алғашқы болып сөз алған Марат Елеусізұлы биыл екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 32 жыл толып отырғанын, осы уақыт ішінде Литваның сенімді серіктеске айналғанын атап өтті.
– Біздің мемлекетіміз Литва елімен ірі сауда-саттық қарым-қатынаста. Бұған дейін бірлескен бизнес-форумдар өтіп, екі ел кәсіпкерлері тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта да бірлескен іс-шаралар жалғасын таппақ. Біздің облыста Литва капиталының қатысуымен 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Алматы облысы Еуразиялық экономикалық одаққа шығатын Қытай мен Орта Азия республикалары арасындағы көлік дәлізі саналады. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін барлық алғышарт бар. Литва Республикасы кәсіпкерлікті қолдау бағытында әлемдік рейтингте жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Осы орайда литвалықтардың тәжірибесі қызығушылық тудыруда. Инновациялар мен зерттеулерді қолдау – Литваның ұлттық басымдықтарының бірі. Бұл елдің Үкіметі инновациялық секторларды қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Былтыр облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары қабылданды. Оның шеңберінде өңірдің артықшылықтары айқындалды. Осы тұрғыда облыстың индустриялық аймақтары мен «Алатау» мамандандырылған экономикалық аймағы ауыл шаруашылығы, автомобиль жасау, жиһаз, тамақ өнеркәсібі және құрылыс индустриясы сияқты бағыттар бойынша бірлескен жобаларды іске асыру алаңына айналуы мүмкін. Шағын кәсіпорындар үшін өнеркәсіптік парктер бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Біз литвалық инвесторлардың осы платформаға белсенді қатысуын күтеміз, – деген облыс басшысы Литваның туристік бағытының Еуропада тез дамып келе жатқанын айта келе, осы ретте тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар екі елді жақындастыратын маңызды фактордың бірі – тарихи жады екенін тілге тиек етіп, Қазақстанның қарапайым тұрғындары соғыстан кейінгі жаппай депортациялау жылдарында литвалық отбасыларынан көмегін аямағанын еске салды. Бүгінде Іле ауданында – 26, Талғар ауданында – 31, Еңбекшіқазақ ауданында – 23, Қонаев қаласында 21 литва этносының өкілі тұратынын айта кетті.
Келесі кезекте Эгидиюс Навикас өз елінің экономикалық жетістігін сөзіне арқау етті. Елшінің айтуынша, Литвада инфляция 1,2 және жұмыссыздық 6,8 пайыз деңгейінде болса, жаһандық рейтингте Wi-Fi жылдамдығының қолжетімділігінен 1-орынды, халықтың цифрлық дағдыларының болуы бойынша 4-орынды, ұлттық киберқауіпсіздік индексінде 4-орынды иеленетініне облыс басшылығының назарын аударып, туризм, көлік және логистика, инвестиция тарту, ішкі сауда, өнеркәсіп, тағы басқа салаларда былтыр қол жеткізген табыстары төңірегінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар екі елдің Экология министрлігі бірлескен жобаларды талқылап жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында литвалық қонақтар өздерін жылы қабылдап, емен-жарқын әңгімелескені үшін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке ризашылықтарын білдірді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ