Перейти к содержимому
Главная страница » Тігіншілік – үлкен өнер

Тігіншілік – үлкен өнер

      Бес жыл бұрын көпбала­лы ана Назира Қамзаева өз кәсібін ашып, сүйікті ісін табыс көзіне ай­налдырам деп ойлаған жоқ еді. Ал бүгін Тұздыбастау ауылында тұра­тын жеке кәсіпкер жан-жақ­тан тапсырыс алып, өндіріс көле­мін ұлғайтуды, тіпті өнімін шетелдік нарыққа шыға­ру­ды да жоспарлап отыр.

2005 жылы тұрмысқа шығып, отбасылы болған Назира балаларымен үйде отырып қалған жоқ, тірші­ліктің қамымен жақын же­де орналасқан азық-түлік дүкенінде сатушы болып істеді. Алайда «Шеше көрген тон пішер» дегендей, ол кішкентай кезінен тігінші­лікке әуес болды. Күнделікті күйбеңнен босай қалса, қолына ине-жібін алатын. Сөйтіп әп-әдемі дүниелер тігетін. Осыны байқаған әпке-сіңлілері мен құрбылары: «Сенен керемет тігінші шығады, неге өз кәсібіңді ашпайсың?» – дейтін. Әр нәрсеге бір нәрсе себеп болатыны өмірде талай дәлелденген ақиқат қой, осы себеп болды ма, әлде өмірдің өзі біртіндеп осыған әкеле жатты ма, әйтеуір Назира өзінің жеке тігіншілік кәсібін ашуға бел буды.
Осылай өз білгенінің үстіне қосымша оқып, кәсібін әлдеқашан жолға қойған таныс тігіншілерден де жалықпай үйреніп, 2011 жылы жеке кәсібін ашты. Кәсіпкерді әр­қашан ғимараттардың ішкі көрінісі, перделердің дизайны қызықтыратын. Өйткені, Назираның ойынша, олар бөлмелерді әдемі көрсетеді және адамдарға ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан да кішкентайынан инені құрал ретінде қолданып, талай әдемі шағын дүниені өз қолымен жасаған ол енді үлкен іспен айналысқысы келді. Тіпті 2020 жылы тәжтажал індеті­не байланысты ел көлемінде карантин жарияланған кезде де қол қусырып отырған жоқ, көпшіліктің сұранысын қанағат­тандыру мақсатында шұғыл түрде бетперде тігу­ді жолға қойды. Дәл осы кездері үлкен көлемде перде тігетін жеке цех ашу туралы ойға келді. Әрі қарай бәрі біртіндеп ұлғая берді. Кәсіпті дұрыс ұйымдастырып, нысаналау үшін біліктілікті арттыру курсында оқыды, интернет арқылы перде тігу технологиясын қосымша үйренді, өзінің «Инстаграм» парақ­шасын ашты. Соның арқасында тапсырыс беру­шілер мен дайын өнімді сатып алушылар қатары күрт көбейді. Жұмысын бірнеше тігіншімен бастаған шағын цехта қазіргі кезде 16 адам еңбек етеді, оның үстіне тағы 4 адам қосымша онлайн түрде қашықтықтан жұмыс істейді. Жалақылары да жаман емес. Алматыға қатынап, кептелісте уақыт жоғалтып, жүйкелерін де жұқарт­пайды. Барлығы дерлік қыз-келіншек, ана болғандықтан, есесіне артық уақытын бала тәрбиесіне, үй шаруасына арнайды.
Кәсіпкер өз иелігіндегі цехқа шетелден, оның ішінде Ресей, тіпті Америкадан да тапсырыс түсетінін айтты. Цех жанындағы дүкенде маталардың түр-түрі бар. Ол – тапсырыс берушілер кез келген уақытта қалаған матасын таңдап, тиісті тапсырыс беруі­не ыңғайлы болуы үшін жасал­ған жағдай. Нарықтық қатынас жағдайында жарна­ма тауар қозғалтқышының рөлін атқарады десек, Назира «Инстаграм» парақшасында цехтың қызметі туралы ха­барландыру мен жарнама беруге, өнімнің суретін орна­лас­тыруға да үлкен мән береді.
– Бізге көптеген елден, тіпті алыс шетелден де тапсырыстар түсе бастады. Сөйтіп о баста менің жай ғана әуестігім болған іс табысты кәсіпке айналды. Құдайға шүкір, бес балам бар, бірақ үй жұмысы, кәсіпкерлікпен айналысу – бәріне үлгеріп жүрмін. Көп жағдайда отбасы мүшелері ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетеді. Өз басым көпбалалы аналар үйіші тіршілігімен ғана айналыспай, жеке кәсібін ашып, табысты жұмыс істей алады деп ойлаймын. Барлығы адамның өз тілегі мен еңбегіне байланысты. Өмірдің өзі еңбекпен, оның жемісімен қызық. Тек оның көзін таба білу керек. Дана бабаларымыз «Еңбектің көзін тапқан, бақыттың өзін табады» деп бекер айтпаған ғой, – дейді бүгінде шетелдік нарықты игеруге бекем бел буған кәсіпкер Назира Қамзаева.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы