«AMANAT» партиясының облыстық филиалында атқарушы хатшы Ерлан Жақыповтың қатысуымен өткен партиялық бақылау комиссиясының мәжілісінде автомобиль жолдарының қысқы кезеңдегі жай-күйі мен күтіп-тазалау мәселесі талқыланды. Жиынды облыстық мәслихат депутаты Амангелді Сембаев жүргізіп отырды.
Облыстағы ортақ қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5715 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1783 шақырымы – республикалық, 3370 шақырымы – облыстық мәндегі, 66 шақырымы – ақылы жол. Қысқы кезеңге дайындықты облыстық мәндегі жолдарда 7, ал аудандық және қалалық жол тораптары үшін 13 мердігер ұйым жүзеге асырады. Қазіргі таңда облыстық бағыныстағы жолдар үшін 117 техника мен 10,6 мың тонна көктайғаққа қарсы материалдар дайындалса, аудандық жолдар үшін 256 техника мен 7 мың тонна көктайғаққа қарсы материал әзірленген.
Республикалық күрежолдарға ерекше назар аударылған. Мысалы, өткен аптада Қонаев қаласына жақын жердегі жолда қызметтік міндетін атқарып тұрған патрульдік полиция қызметкері қаза тапты. Депутаттар жолдағы қауіпсіздік қарды уақытылы күреу мен жол жабындысын дер кезінде өңдеуге байланысты екенін атап көрсетті. Халық жолдың қардан уақытылы тазартылмауы және өңделмеуінің салдарынан Қаскелең қаласында және Боралдай ауылы көшелерінде кептелістің тұрақты көрініске айналғанын айтып шағымдануда. Бұл мәселелерді әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериалдар растайды.
Салыстырмалы түрде алғанда ҮАААЖ (Үлкен Алматы айналма жолы) бен республикалық трассаның қысқы күтіліп-ұсталуы елеулі айырмашылықты көрсетіп отыр. Ақылы жолға заманауи технологияларды қолдану мен техниканың жеткілікті болуының арқасында анағұрлым сапалы қызмет көрсетіледі. Ал республикалық трассаларда техниканың жеткіліксіздігі тиісті жұмыстарды уақытылы орындауды қиындатады. Мысалы, республикалық жолдарға қызмет көрсетуге 95 дана техника пайдаланылады, ал бұл бүкіл жол торабын қамтуға мүлдем аздық ететіні сөзсіз. ҮАААЖ-да қар борап тұрғанда да жол қозғалысы тұрақты қалпын сақтаса, басқа трассаларда кептеліс орын алып, жол жабындысының жеткіліксіз болуынан көліктер апатқа ұшырап жатады. Дегенмен, атап айтарлық жақсы өзгерістер де бар. Жақын күндері республикалық жолдар техникалық паркі 10 жаңа машинамен толықтырылмақ, тағы 2 техника Маңғыстау облысынан жалға алынбақ. Бұл жол жабындысын өңдеудің уақытын қысқартып, апаттық жағдайлар қатерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жиналыста облыс пен Алматы қаласы арасындағы қозғалыс белсенділігіне, әсіресе қарбалас шақта қатты сезілетін автокөлік кептелісі мәселесіне назар аударылды. Халық қалаулылары бұл мәселе мегаполисті Үлкен Алматы айналма жолымен қосатын радиалдық жолдар құрылысын жандандырғанда ғана мүмкін екенін баса айтты. Мұндай магистралдар көлік ағынын таратып, қолданыстағы күрежолдың жүктемесін азайтып, облыс тұрғындарының жолға кетер уақытын қысқартуға мүмкіндік туғызады.
Облыстық бағыныстағы жолдар мәселесі де жіті қадағалауды қажет етеді. Оларды күтіп-ұстау үшін жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. Асханасы, демалыс бөлмелері және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлы орналасуын қамтамасыз етуге арналған генераторлармен жабдықталған 7 жылыту пункті құрылған. Алайда, депутаттардың айтуынша, қалың қар жауған кездері бұл шаралардың аздық етуі мүмкін.
Жиналыста жолдарды күтіп-ұстауды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі мақұлданды. Бұл ретте материалдар қорын толықтыру, техникалық паркті жаңарту, инфрақұрылымды дамыту мәселелері сөз болды. Жолдардың талапқа сай болуы – қауіпсіздікті күшейтіп, үздіксіз қозғалыс пен аймақ тұрғындарының жайлы сапарын қамтамасыз етері сөзсіз.
Бейбіт МЕКЕЕВ