Алматы облысында тарихтан сыр шертетін жәдігерлер аз емес. Қарғалы обаларынан шыққан бойы екі метрлік адам сүйегінің қаңқасы, 1930 жылдары қазіргі Наурыз елдімекені маңынан табылған алтын, күміс білезіктер – соның бір дәлелі.
Өткен ғасырдың 70-жылдары Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек», қазіргі «Атамекен» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде атақты түркітанушы, филология ғылымының докторы Ғайнеддин Мұсабаевпен бірге өңірдегі бірқатар тарихи ескерткішті бір апта бойы аралағаным әлі есімде. Қорабы салдырлаған (іші толған темір-терсек, алуан түсті тастар) көлігімен ескі қорымдарға барып, ойға шомып ұзақ тұрды. Маған биіктігін өлшетіп, қағазына жазып алды.
Сапар барасында Дегерес жақтағы таңбалы тастарға да табан тіредік. Ондағы сан алуан суреттерге қызыға қарадық. Әрбір өрнек өткеннен сыр шертіп тұр. Таңбалы тастарды санап, шегіне жете алмай жаңылыса бердік. Кеш те батып қалды. Ақтерек пен Тарғап жолы бойындағы «Доротельде» менің қайын інім тұратын. Сол үйге қонып, түнімен ғалымның ғибратты әңгімесін тебірене тыңдадық. Менің Қарғалы ауылында тұратынымды біліп, осы жердің арғы-бергі тарихын ақтарып, бір көсіліп еді.
Иә, Қарғалы – тұнып тұрған тарихи орындар мекені.
1939 жылы осындағы Шұға комбинатының жұмысшылары аң аулап жүріп, ойламаған жерден тау шатқалындағы бір үңгірден алтын мен басқа да қымбат асыл тастармен безендірілген әшекейлер тауып алады. Оны ғалымдар диадема дейді. Диадеманың қазақшасы – алтынмен әрленген әйелдердің басына киетін тәжі. Ондағы әшекей бұйымдар саны 300-ге жуық болған. Біразы Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде сақтаулы, қалғандары ұшты-күйлі жоқ болған. Қайда кетті, кім алды? Ол жағы белгісіз. Өлкетанушы Исламжан Иминов осыған іздеу салғанына біраз жыл болды. Мүмкін бір жерден хабары шығып қалар деп есептейді. Музейге тапсырылуын қалайды. Әшекей бұйымдарда ертедегі сақтардың, гректердің, қытай шеберлерінің қолтаңбасы анық байқалады.
Бұрынғы Қарғалы шұға комбинатының атшаптырым жері қазір бос жатыр. Бұл жердің табиғаты көздің жауын алады. Жаныңды жадыратады. Сұлулығына көз тоймайтын, тарихы тереңде жатқан осы маңға туристер аялдайтын орын салса, қандай керемет болар еді?! Тауда Кіші саз, Үлкен саз атты жұпар иісті кең жайлаулар бар. Аталарымыз «Қырық ирек» атап кеткен жолмен төмен түссең, қырғыздың Ақтұз өзені сарқырап ағып жатыр. Арғы беті – сыңсыған орман. Іші толған аң-құс. Демалыс орнын «Қарғалы тәжі» деп атасақ жарасып кетер еді. Осы ойымды көп жыл заңгер болып қызмет еткен комбинат директоры Айгүл Артығалиева да құптады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Исламжан талай есіктің табалдырығын тоздырды. Инвесторлар да бой көрсете бастады. Тек Туризм және спорт министрлігі жасыл шамын жақса, облыс, аудан басшылары бұл шараны қостайды деп ойлаймыз.
Тұрсынбек Ешенқұлов,
жазушы