ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Максим Рожин, Жанарбек Әшімжан және Мақсат Толықбай жұмыс сапарымен Қарасай ауданында болып қайтты. Олар жақында ғана «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылған білім ошағы мен екі логистикалық бағыттағы өнеркәсіптік нысандарды аралап көрді. Халық қалаулыларын аталған нысандардың жұмысымен Қарасай аудандық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов және аудан әкімінің орынбасарлары Бексұлтан Ақылбек пен Адис Сейдахматов таныстырды.
Жаңадан пайдалануға берілген мектептердің бірі Қарасай ауданының Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында орналасқан. Құрылыс жұмыстарын «BI Global» ЖШС жүзеге асырған бұл білім шаңырағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған болатын. Мұнда орта біліммен қатар оқушылардың тұлға ретінде дамуы үшін тамаша жағдайлар жасалған.
Аталған оқу ошағының директоры Гүлмира Райысова атап өткендей, Кемертоған ауылындағы бұрынғы орта мектепте шамамен 6 мың бала оқыған. Жаңа білім ұясы осы мектептің жүктемесін едәуір жеңілдеткені рас. Бүгінде «Жайлы мектепте» 87 сынып бар және 2 мыңға жуық бала оқиды. Оқушыларды қабылдау әлі де жалғасуда. Мектептің 2500-3000 шәкіртті қабылдауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар мұнда 300 мұғалім еңбек етеді. Ал оқыту процесі екі ауысымда жүргізілуде.
Депутаттар түрлі сыныптарды аралап көріп, бейнелеу өнері, музыка, хореография, қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттерін, жиынжай мен спортзалдарын тамашалады. Олар сондай-ақ еңбек шеберханаларының жұмысымен де танысты. Оқушыларға тамақ дайындауды үйретіп, тігін ісіне баулитын шеберханалар қажетті құрылғылармен толықтай жабдықталған.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның айтуынша, 2024 жылы ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 оқу ошағы ашылды. Соның нәтижесінде үшауысымдық мектептер саны 12-ден 2-ге дейін қысқарған. Биыл Бұлақты және Жалпақсай ауылдарында жаңа мектептер ашылады деп күтілуде. Бұл үшауысымды білім беру мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.
Осыдан кейін Елтай ауылдық округіне ат басын тіреген депутаттар екі ірі логистикалық нысанды аралады. Көкөзек ауылының маңында «Imagine Apple Logistics» ЖШС алып нысанның бірінші кезеңін іске қосуға дайындалып жатыр. Кәсіпорын директоры Ләззат Абдрахманова бұл компания «Apple City Corps» ұлттық дистрибьюторының еншілес ұйымы болып саналатынын жеткізді. Компания әлемге әйгілі «Procter & Gamble», «Mondelez», «JDE» сынды компаниялардың өнімдерін тарататын болады.
Жобаның жалпы ауданы 85 мың шаршы метрді құрайды, оның 40 мың шаршы метрі бірінші кезекте игерілмекші. Жоба қуаттылығы жылына 200 мың тонна жүк тасымалдауды қамтамасыз етеді, ал 2031 жылға қарай қуаттылық 500 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде. Аталған кәсіпорын үш контейнерлік терминалдан тұрады. Біріншісінде тұрмыстық химия, екіншісінде азық-түлік, үшіншісінде тоңазытқыш жабдықтары сақталады. Үшінші терминал биылғы жазда іске қосылмақшы.
Қазіргі уақытта бұл жерде 200 адам жұмыс істейді, ал болашақта жұмыс орындарының санын мыңға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл жобада жергілікті тұрғындарға арналған әлеуметтік жеңілдіктер жақсы қарастырылған. Сондай-ақ компания айналадағы аумақты абаттандырумен айналысуда, атап айтқанда, жолдарды асфальттау және жарықтандыру, Боралдай трассасында айналма жол салу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар балаларға арналған ойын және футбол алаңдары, көлік жуу орны және өз ұңғымасы бар.
Қазіргі уақытта 20 гектар аумақтың тек 8,8 гектары пайдалануда. Қалған аумақ 2028-2030 жылдары толық игерілетін болады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3D қоршау, төрт күзет орны және қолжетімді бақылау жүйесі орнатылған.
Ақсеңгір ауылында халық қалаулылары одан да ірі логистикалық парк – «Focus-Aksengir» компаниясына тиесілі заманауи қойма кешенінің жұмысымен танысты. 2023-2024 жылдары бұл жобаның жалпы инвестиция көлемі 15 миллиард теңгені құрады, ал жалпы көлемі 70 миллиард теңге болады деп болжануда.
Бұл кешен үшін 95 гектар жер бөлінген. Жер учаскесі 2023 жылдың мамыр айында сатып алынды, ал құрылыс жұмысы шілде айында басталды. Әрбір нысанды іске қосу барысында 1500 жұмыс орны қосымша ашылады, барлығы 4500 адам еңбек етеді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы 2030 жылға дейін толық аяқталып, 10-12 мың жұмыс орны ашылмақшы.
Тағы бір айта кетерлігі – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы маңында да ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта оның жоспарлау жобасы әзірленуде. Бұл жерге жатақхана салу көзделініп отыр. Ал мамандарды іріктеуде басымдық жергілікті тұрғындарға беріледі.
Депутаттар өңірде атқарылып жатқан іргелі істермен таныса келе, мұндай сапарлар өңірдің даму барысын бағамдауға, сондай-ақ су құбырлары, жол сапасы, медициналық мекемелер мен ауылдық Мәдениет үйлерінің мәселелерін шешуге көмектесетінін атап өтті. Ол жергілікті жердегі мәселелер туралы мағлұмат алып, оларды бірлесіп шешуге және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы