Алматы – Бішкек автожолының 19 шақырымында күн сайын орын алатын көлік кептелісі жүргізушілер мен жолаушыларды әбден мезі қылғаны рас. Бұл мәселені шешу мақсатында «QazAvtoJol» компаниясы Алматы филиалының мамандары аталған учаскедегі жолды кеңейту жұмыстарын бастады.
Осыған байланысты Іргелі, Жалпақсай, Алмалыбақ, Әйтей, Долан, Құмтоған, Райымбек ауылдарында және Қаскелеңде қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Онда «Алматы – Бішкек» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 19-27 шақырымында күрделі жөндеу жобасын жүзеге асыру мәселесі талқыға салынды. Осыған орай, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу қолға алынған.
Қаскелеңдегі аудандық кітапхананың оқу залында өткен қоғамдық тыңдауға «QazAvtoJol» компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Абзал Ақжолов, аталған филиалдың бөлім бастығы Жанат Өтепбергенов, «Қаздорпроект» ЖШС өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Ашық әңгіме барысында жоба туралы түсініктемелер берілді. Күрделі жөндеу жұмыстары 19-шы шақырымнан басталып, «Үлкен Алматы айналма жолы» арқылы 27-ші шақырымда аяқталады деп күтілуде. Маңызды мәселе төңірегінде мамандар мен тұрғындар өз пікірлерін білдірсе, кейбіреулер жолды кеңейту барысында ағаштардың кесілетіндігіне алаңдаушылық танытты. «QazAvtoJol» өкілі жол жиегі ағашсыз қалмайтынын ескертті. Ал құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі туралы әзірге белгісіз, себебі негізгі жұмыстар әлі алда.
Жанат Өтепбергеновтің пікірінше, жолды кеңейту барысында жер телімдері иелерінен келісім алу қажет. Егер бұл мәселе жергілікті атқарушы биліктің көмегімен шешілсе, жұмыс айтарлықтай жеңілдейтіні сөзсіз. Жоба әлі де ойластырылып, талқыланып, жетілдірілуі керек, сондықтан оның түпкілікті мақұлдануы ағымдағы жылдың күзінде жоспарлануда.
Басты мақсат – Алматы-Бішкек жолының 19-27 шақырым аралығындағы кептелістерді азайту екені мәлім. Себебі Қарасай және Жамбыл аудандарынан Алматы қаласына қатынайтын адамдар көп. Статистика мәліметі бойынша, осы трасса арқылы тәулігіне 70-80 мың көлік өтеді екен. Сондықтан көлік кептелісін болдырмау үшін жолдың бұл бөлігін төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейту аса маңызды.
«Қаздорпроект» ЖШС өкілінің айтуынша, жолды кеңейту барысында көптеген елдімекен маңында бірнеше айналма жол және 10-нан астам жаяу жүргіншілер өткелі салынатын болады.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы