Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде өткен муайтайдан Алматы облысы біріншілігінің қорытындысы шығарылды. Қазақстан чемпионатына жолдама үшін барлық жас санатындағы спортшылар: 10-11 жас аралығындағы балалар, 12-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар, 16-17 жас аралығындағы жастар және 18 жастан жоғары жастағы
ересектер бақ сынады. Барлығы 12 команда, 300-ден аса қатысушы. Олар 30-дан +91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 81 медаль жиынтығын сарапқа салды.
«Чемпионат жақсы деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығы сәтті өнер көрсетті. Олар ауқымды жарыстарға жолдама алу үшін күрделі іріктеу кезеңінен өтті. Сайыста өздерінің техникасын, күші мен төзімділігін көрсете білді.», – деп атап өтті Алматы облыстық Муайтай федерациясының президенті Айдос Ысқақов.
Соңғы жылдары бұл спорт түрімен шұғылданушылар саны артқан. Бүгінде Алматы облысы құрамасының сапында Қазақстанның алты дүркін чемпионы, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері, Анталия кубогының иегері Әдия Ізбасқан сынды үздік спортшылар бар.
«Тай боксымен жеті жасымнан айналысып келемін. Қазір 15 жастамын. Егер адам не нәрсені үйренгісі келсе және сол үшін еңбектенсе міндетті түрде жетістікке жетеді деп ойлаймын. Ендігі басты мақсатым – әлем чемпионы болу. Бірнеше мәрте жүлдегер болдым, енді алтын медаль алғым келеді», -дейді Әдия Ізбасқан.
Облыс чемпионаты әсерлі де тартысты өтті. Адия Ізбасқанмен қатар алдағы республикалық чемпионатқа іріктеуден өткен әлемдік жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері: Диана Певцова, Абдурахман Әбішев, Дидар Жаппарқұлов және Қанат Әлижан болды.
Жасөспірімдер және жастар арасында Альбина Насырова, Рамазан Әбішев, Әли Омаров, Юсуф Мұхтасип, Кирилл Ковалев, Ибрасим Азнахунов, Игорь Коваленко, Тимур Әміреев, Вадим Коробейников, Ярослав Галич сынды спортшылар да үздік деп танылды.
Облыс чемпиондары мен жүлдегерлері Іле, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандарының атынан сайысқа түсті.
Ересектер арасында ақпан айында Петропавлда Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында – наурыз айында Ақтөбеде, ал жасөспірімдер арасында сәуір айында Оралда республикалық деңгейдегі старт өтеді.