-13 °c
Qonaev
Friday, June 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Ауыл шаруашылығы

    Жылқы жайын баққан білер

    27.01.2025
    in Ауыл шаруашылығы, Барлық жаңалықтар
    Жылқы жайын баққан білер
    0
    SHARES
    18
    VIEWS

           Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің І форумында түлік төресі жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты мәні зор мәселе көтергені белгілі. Әрине, халқымыздың ғасырлар бойғы талайлы тағдыры, тыныс-тіршілігі мінсең көлік, жесең ас, ішсең сусын осынау қасиетті түлікпен тығыз байланыста өріліп келеді.  Қонысын малының өрісі билейтін қазекеңнің  айрықша қадір-қасиетке ие жылқының абыройын аспандатып, қадірін арттырудан жаңылмай келе жатқаны да сондықтан. Мемлекет басшысының келелі басқосуда көтерген мәселесі де түлік төресіне деген осындай қадір-құрметтен туындап отырғаны анық.

    Қасиетті Тәңіртау етегі, Райымбек баба мекенінде де осынау қасиетті түлікті молайтуға бүгінгі таңда айрықша ден қойылып отыр. Қазір мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтарының бағымындағы жылқы санының жыл санап еселеп артып келе жатқаны осыны аңғартады. Жуырда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кемелжанды бас қылып, аудандағы мал қыстату науқанының барысымен танысу мақсатында Қарасаз ауылдық округіне қарасты Тұзкөл өңіріндегі жылқы отарларының бірінде болғанымыз бар. Осы  сапарымызда жоғарыда айтылған әңгіменің шындығына нақты көз жеткіздік.

    Тұзкөл өңірі ежелден мал шаруашылығына қолайлы аймақ саналады. Ауыл көлемі шағын болса да тұрғындары төрт түлік малымен күн көрісін ажыратып, шаруасын шалқытудан жаңылған емес. Шаруасы сайлы елдің тұрмысы майлы, көңілі жайлы. Таяқ тастам жердегі Қаратау аталатын биік тау – ауылға әрі қалқан, әрі төрт түліктің жазы-қысқы несібесін ажырататын қасиетті мекен. Қияғы мен қоғасын, жусаны мен жуасын сүр қазыша кертіп жейтін малдың қақаған қыста да қылшығы қисаймайды. Шелді мал – төлді. Көктем туысымен қыстан қоңды шыққан төрт түліктің соңынан төл жамырап, Қаратаудың етегі мен жота-жоны ерекше күйге бөленеді. Сөйтіп, мал шаруашылығының қаншалықты дамып жатқанынан хабардар етеді.

    Сапар барысында алғаш жолықтырғанымыз – осы ауылдың тұрғыны Дәурен Нүсіпов дейтін азамат болды. Еңсегей бойлы, қақпақ жауырынды, қара торы жігіт ағасының амандықтан кейінгі сөз саптасы мал шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен, еңбек десе жанып тұрған жан екенін аңғартып тұр. Айтуына қарағанда, өз иелігіндегі «Қаратау» атты шаруа қожалығында осы өңірдің табиғатына тән жылқы, сиыр, қой-ешкі өсірумен айналысып келе жатқан көрінеді. Қожалықтың негізін қалаушы – әкесі Қасымжан екен. Кеңес үкіметі кезеңінде Ленин атындағы ұжымшарда әр түрлі қызметтер атқарған Қасымжан еңбектің нағыз топайкөгі атанған жан болыпты. Шаруашылық таратылып, ортақ өгізден оңаша бұзаудың қамын күйттеген шақ туғанда бұл кісіге де жылқы, сиыр мен қойдан үлес тиген екен. Істің ығын білетін малсақ жан ілікке жілік жалғап, алдындағы малды өз төлі есебінен көбейтуге бар қажыр-қайратын жұмсап, шүмектете тер төккен. Еңбегі жанып, қойы отарға, сиыры табынға, жылқысы екі-үш айғыр үйірге жеткен. Мал өсірудің қыр-сырын балаларының тұңғышы осы Дәуренге де үйретіпті. Ата кәсіптің қадір-қасиетін жан-тәнімен сезіне білуге тәрбиелепті. Әкесі өмірден өтіп, бар жұмыстың тізгіні Дәуреннің қолына тигелі бері де міне, жиырма жылдың жүзі болыпты. Содан бері әке көтеріп берген туды жықпай, осынау төрт түлікті бағып-қағып, басқа бас, тұяққа тұяқ жалғап келе жатқан жайы бар. Жазда малы Шалкөденің «Көкшұқыр» аталатын өңірін, күзде «Ақшалдың бұлағын» біраз күн жайлайды. Ал Қаратаудың теріскейі мен күнгейінен қыс бойғы нәпақасын айырады. Қожалықтың меншігіне тиген 350 гектар жердің 10 гектарына көпжылдық шөп егеді. 23 гектары табиғи шөптің еншісінде. 250 гектар жайылым – жыл он екі айғы азығы. Биыл жаз бойы күтіп-баптаған шабындық алқаптардан 450 орам (руллон) шөп дайындапты. Оның тең жартысын қыстауға жеткізіп, қалғанын ауылдағы үйінің ауласына жинапты. Шаруақор жан шөп шабу науқанында да  қол көмегін аса қажет ете қоймайды. Өз қаражатына сатып алған «МТЗ-952», «МТЗ-82» тракторларын, шөп шабатын «КДП», орам жасайтын «Вагнер» агрегаттарын, соқа тырмағын техникалық қуатында іске қосып, бар шаруаны тындырады. Аталған техникалардың жүргізушісі де, жөндеушісі де өзі. Бір кездері Сарыжаздағы кәсіптік-техникалық училищеден алған фермерлік-инженерлік мамандығы да бүгінде жемісін беруде. Шаруақор жігіттің әңгімесіне қаныға отырып, жылқы түлігіне қарай ойыстық.

    – Қазір иелігімде 100-ге жуық жылқы бар. Бәрі де «Жабы» аталатын өзіміздің өңірдің тұқымы. Жылқының көбеюі де, азаюы да қыстағы ауа райына байланысты. Қолға қарамай, көбіне тебінмен шығатын бұл түлікке қыстың қатаң болуы айтарлықтай зиянын тигізеді. Қатты аязда құлын тастап қоятын жайттар көп кездеседі. Жылқы тұқымын асылдандыру арқылы көбейту бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе. Мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетілсе, жылқы шаруашылығын дамытуға кеңінен жол ашылар еді, – дейді Дәурен. Айтуынша, өзі де жылқы тұқымын асылдандыруға ден қойып жүрген көрінеді. Өткен жылы Ресейдің «Дончак» аталатын тұқымынан шыққан айғыр сатып алыпты. Тағы бір бөле-жара айтқаны, осыған дейін мемлекет тарапынан айғыр сатып алуға ғана субьсидия беріліп келген екен. Осы көмек биеге де қаралуы қажет. Сонда қолбайлау болып келе жатқан өзекті мәселелер шешімін табар еді. Бұл орайда «Құлан» бағдарламасының да үлес салмағы ерекше болмақ. Қалай дегенмен де халқымызбен тағдыры тамырлас жылқы малын асылдандыра отырып көбейтуге әркім-ақ мүдделі болғаны жөн. Сонда ғана түлік төресінің бағы жанатыны анық. Бұл ретте атакәсіпті өмірлік нәсіп еткен Дәурен Нүсіповтің атқарып жатқан ісі өзгелерге үлгі етуге тұрарлық.

    Жұмабек ТҰРДИЕВ,

    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Қайыс тіліп, қамшы өреді

    Қайыс тіліп, қамшы өреді

    3 months ago
    Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы өтіп жатыр

    Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы өтіп жатыр

    2 years ago
    Аналар – асыл жандар

    Аналар – асыл жандар

    7 months ago
    ЖЕР — ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

    ЖЕР — ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

    2 months ago
    Алматы облысының ХҚКО-ларында Қарттар күніне арналған шара өтті   

    Алматы облысының ХҚКО-ларында Қарттар күніне арналған шара өтті  

    8 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.