Қазақ поэзиясындағы жыр алыптарының өміріне назар салсаңыз, таңғалатын бір ұқсастықты байқайсыз. Ең алдымен олар пайғамбар есімдерін иеленген.
Мұсылман қауымы дүние есігін ашқан сәбиге жақсы да мағыналы ат қоюды ұнатқан. Діни наным бойынша, олай етудің адамның тағдырына оң әсері бар деп болжанған. Мәселен олардың қатарына Ілияс Жансүгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Иса Байзақовтарды жатқызуға болады. Хакім Абай мен «дала қоңырауын» соққан Алтынсариннің азан шақырып қойған аттары – Ибраһим. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов пен азаттық жыршысы Махамбеттің шын есімдері де сүйікті пайғамарымыз Мұхаммедтен (с.а.у) шыққандығы белгілі.
Ал Мұқағали – Мұхамедғали! Әкесінің есімі – Сүлеймен. Мағжан да иман ұялаған шаңырақта дүниеге келген. Атасы Жұмабай қажылыққа барған, дінге берік ел адамы болыпты. Немересі дүниеге келгенде «Сенің атың – Әбілмағжан!» деп сәбидің құлағына азан шақырып ат қойған екен.
Абай, Мағжан және Мұқағали мұсылмандық түсініктің түбіне терең үңілген. Мәнін, мағынасын түсінген. Абай ауыл молдасынан сауат ашып, білімін Семейде жалғастырды. Мағжан – атақты «Ғалия» медресесінің шәкірті. Мұқағали діннің негіздерін Тиын әжесінен үйреніп, шым-шымдап бойына сіңірген. Кейін ислам қағидаларына шынайы қызығып, өз бетінше ізденген. Олардың ортақ көзқарастары ұлы ақиқатты тануында еді.
Данышпан Абай Жаратушымыз туралы ойлы өлеңдерімен оқырмандарын оятты. Айналасын тазалық әлеміне жетеледі.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахиқ біл… – деді.
Абайды дайындықсыз оқи алмайсыз. Ондағы әрбір тіркес нақтылығымен және тереңдігімен сергітеді. Мен алғашқы кітабымның біріне «Иманигүл» деп Абай сөзінен атау бергенім сондықтан болатын.
Қазақта «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген аталы сөз бар. Академик Зейнолла Қабдолов «Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев!» деген екен. Сол Мағжан кеңес өкіметінен не көрмеді?! «Ескішіл», «діншіл» деп шеттетілді. Жала мен жаза, азап пен қорлық алқымынан алды. Солай етсе де асыл ақын шыдады, ақ жолынан, хақ жолынан таймады. Алладан үміт үзген емес.
Ант етіп айырылмасқа бірігейік,
Ас-сусыз мың бейнетпен жол шегейік.
Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,
Көл қылып қан аралас жас төгейік, – дейді жасымай да жасқанбай.
Мұқағали жырлары осы үрдістің үшінші кезектегі жалғасы. Ақын өлеңдерін дінсіз қоғамның атеистік жүйесіне арналған қарсылықтың белгісі деп қабылдаймыз.
Алла – ақиқат!
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын, жолы бөтен!
Немесе,
Я, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым!
Өзің – өмір, өзің – қуат, қорғансың.
…Я, Аллам! Адамдарға қас қылма,
Сорлы қылма көк аспанның астында.
Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр,
Жамандыққа, жауыздыққа бастырма! – деген толғаныстары Абаймен, Мағжанмен толық үндеседі.
Абай, Мағжан, Мұқағалилардың ақиқатқа бетбұрған ұмтылыстары өміршең шығармалар жасаудың қайнар көзіне айналды. Сондай қасиеттерімен де ерекшеленеді.
Қайрат Жолдыбайұлы,
дінтанушы ғалым