Есағаң бір қарағанда, қомпаң жүріс қарапайым көрінгенмен, елден ерекше, басы бүтін бөлекше болмыс болатын. Ескімен сіңісе алған, жаңамен жанаса алған, кәрімен «қария», жаспен «жария» адам еді, бармен берісе алатын, жоқпен бөлісе алатын, ақынмен ақылдас, батырмен иықтас дос бола алатын мәрттігі бар жан еді. Сонысымен қоса қоғамының қасқыры, заманының тазысы бола білді. Олай дейтінім, Есағам алпысқа толар-толмас шағына дейін айтатынын айтып, жазатынын жазып, бірнеше кітабын елдің қолына, оқырманның алдына жеткізіп, әдемі әндерін әншінің аузында жаттатқызып үлгеріп кетті.
Есенқұл Жақыпбековті бүкіл ел болып телевизиялық айтыстан таныдық. Оқушы кезімде-ақ рухани әкем Қаныбек Сарыбаев айтысқа баптап жүріп, ақпалықта Көпбай Омаровты, қызыл тілдің шақпасына келгенде осы Есенқұл мен Шорабекті бізге үлгі етіп көрсетті. Көпті көрген Көпбай ақынның бойындағысын алып үлгермедік, 1989 жылы дүниеден озды, ал соңғы екі құрдастың сахнадағы еркелік пен тентектіктеріне талай айтыстарда куә болып жүрдік. Есағаңмен жақын таныстығым студенттік кезімнен басталған.
«Жұматай нояндарының» қатарынан 1991 жылы Бауыржан Үсенов дүниеден жас кетті. Соның қазасына көңіл айту үшін Шорабекпен еріп Есенқұл ақынның үйіне барғанбыз. Сонда Есағаңның «Жұлдыздар бәрін болжайды» деген өлеңін әнімен айтып ағынан жарылғаны бар. Осыдан бастап сөзімізде сырластық, ойымызда үндестік, айтар әңгімемізде ортақтастық пайда болды. Ұзынағашқа қонаққа мен барып, ол арқа-жарқа аға боп ауылым Қожатоғайға іздеп келіп, «ақындарша» араласып кеттік. Күнді түнге, түнді таңға атырған естен кетпес кездесулер мен кеңесулер, өмір мен өнер туралы таңсық толғанулар. Ақын арқылы, ақындық арқылы небір елдің небір ерлерімен таныстық, өңіріміз көгеріп, өрісіміз кеңіді, өміріміз өзгеріп, өнеріміз өркен көрді. Ақындықты балаң буын, жігіттік шақ, кемел, сосын өміршең кезең деп бөлсек, ол бір жігіттік шақтың жілік майы молайған тұс болатын.
1993 жыл – қылшылдаған 19 жасым. Бірде «Есаға, болашақ келініңіздің туған күніне ән шығардым» деп домбырамды көтеріп келдім. «Сөзін сізге ғана жаздырамын» деймін, «Ойпыр-ай, ойпыр-ай» деп қайта-қайта тыңдап: «Мелодия, не деген мелодия! Уах! Уах! Мынау бір керемет ән екен» деп тамсанып отырып, бір пәсте «Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз, Аңсаумен өткен өмірге мынау не етерміз-ді» жалғады да кетті. «Бұл бір махаббаттың гимні болатын болды!» деп Есағаңның қуанғаны-ай, сондағы. «Туған күніне мынадай әнді тартуға алған қызда арман жоқ шығар. «Әй, Жәкен, ертең екеуің үйленгенде, келіннің бетін мен ашып, бір малды болып қалайын!» дегені бар еді, дуалы ауыз екен, сол «Өзін аңсатқан» келінінің бетін кейін Есағаң өзі ашты.
Осы бір бақытты сәттерді ағамыз тірі кездің өзінде талай-талай рахаттана есімізге алып едік, енді, міне, еске алар естелік ретінде қағазға түсіріп отырмын:
Тіреп қойып маңдайыңа маңдайды,
Еркелеуші-ем, тілмен қасып таңдайды.
Ыңылдасам ырғағына тербеліп,
Біз ән жазсақ, Сіздей кім сөз арнайды.
Шығарған әнімді өзіме-өзім мен қимай, әннің сөзін ол кісі өзіне-өзі қимай, сәтті шыққан ортақ дүниені үлпілдектей үлпілдетіп, арғы жағынан қарап, бергі жағынан қарап, бір «кәйп» болған кезіміз еді бұл.
Есағаңды еске алып естелік жазып отырып, аруақты елдің бірталай ерлерінің есімін ауызға алмай болмайды. Әуелі, АЛЛА! Бір жағынан Қарасайдай хас батырдың рухы, екінші жағынан Сүйінбай мен Жамбылдай жыр алыптарының рухы көтерген Есенқұл Жақыпбековтің елі «Елім деген ақындар мен батырларға, ақыным мен батырым деген жұртқа» кенде емес. Арғысы мен бергісін былай қойғанда, Кеңес ағамдай Есенқұлдың өз сөзімен айтқанда «Ақ би» досы, Орынтайдай елағасы, Еркін батыр, Ермек ақын мен Ақан, Айдостай інілері бар Есағаңда да арман жоқ. Ал, халқының қамын жеп шейіт болған Қаныбек батырдың орны бір бөлек. Ер Қаныбектің барында Есағаң ерке ақын еді. Мен Қанекеңді елдің жақсысы мен жайсаңын жинаған оңтүстік өңірінің үлкен бір жиынында көргенмін. Қасында Иличбек, Болысбек, Мұратбек, мәрт Мұса, марқасқа Марат, атбегі Ғабит, марқұм Әбендей бір топ баһадүрлері бар Қанекең Темірландағы Додай ақсақалдың ұлдары Құрмансейіт, Құрматхан, ақын Құрмаш, Ғалымжан атты азаматтардың ауылында қонақ болған. Сол жиындағы менің Шорабекпен айтысыма, айтқан термелеріме қара сөз, қызыл тілдің қадірін ардақтаған Қанекең разы болып еді. 1993 жылы Есағаң батырымен мақтанып отырып мақтап, жақынырақ таныстырды. Мен де сол отырыста баяғының батырларымен кездескендей күй кешіп, көңіл толысып, ағымнан жарылып, ақ жүрекпен арнау айттым. Сөзімді жүрекпен қабылдаған батыр сол жерде астындағы темір тұлпарын түсіп берді. Талай жерде ел алдына шығып жүргенмен жап-жас жігітпін ғой, аузына бүкіл ел қарап отырған азаматтан мынадай сый күтпеген едім, төбем көкке жетті. Иә, қазақы мінез – мәрт көңіл, жомарт пейілдің үлгісін көргіңіз келсе, Есенқұл ақынның ауылына барыңыз.
Сөзіме дәлел бір жайт, сол бір жылдары бәнәйі себеппен жазым боп, Есағаңның үйінде 6 ай жатқан жағдайым бар. Сөздің реті келгенде, екі дүниеде де жақсылыққа молыққыр, сондағы Меңсұлу жеңгейдің алты айда бір өзгермей аяғынан тік тұрып қылған қызметін ерекше ізетпен айтып өткім келеді. Өзге не десе о десін, ақынға сый, құрмет көрсетудің мысалын жеңгейден алу керек. Сол жатыста Есағаңмен арғы-бергі тарихты тереңірек қаузап, Ұлы елдің ұлық ерлерінің ұлы-ұлы істеріне әбден қанықтым-ау. Ақын үшін өкшесі жерге тимей жүгірген жігіттерге қатты разы болдым. АЛЛА оларға разы болсын! Разы болып отырып, «Әй, Есаға, Сіздің елдің жігіттері-ай, Сіздің елдің жігіттері-ай» дей беріппін ғой. Қаға берісті қалт жібермейтін Есенқұл ақын сөзді қағып алды да, «Ал, Жәкен, мен «Біздің елдің жігіттері» деген өлең жазамын, сен соған ән шығар» деп салды. Тақырыпқа ол да, мен де дайын болып тұрғандықтан ба, ол да «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі, Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы» деп сөзін үйіре берді, мен де домбырамды қағып, қағып сөздің сазын иіре бердім.
Оның да көзінде жас, менің де көзімде жас. Сөз де жазылып бітті, әні де дайын болды. Ортақ дүниемізді екеулеп көтеріп, Қаныбек батырдың үйіне бардық, ол да нөкерлерімен екен. Түгел отырып тыңдады. Әнді айтып беріп едім, батырдың жүрегі қарс айрылды. Елі үшін жан пида, жан мен тәннің жарақатына марапатын алған хас батыр тұғырына шығып толысқан арыстандай қатты толқыды. Бұл сәтті мен ешуақытта ұмытпаймын және осы сәтті көрсеткен құдайға шүкір. Есағаңның да басында осы бір тылсым күйдің болғанына күмәнім жоқ, оны өзі де айтып жүрді ғой.
Өз басым өмірімді де, өнерімді де «1993 жылға дейін және одан кейін» деп бөліп қарасам, «Жыршының көбі жыртақы, Қызнақсып тұрар қиылып» деп Майлықожа бабам айтқандай, ақындығым, айтыскерлігіме де сол бір оқиғалардан кейін басқаша жауапкершілік қабылдаған адаммын. Соның бәріне себеп болған қайран, Есағам-ай, әулием-ай!
Жақсы өлеңнің ұйқасындай жанымыз,
Қабысатын сөзіміз бен әніміз.
«Өзіңді аңсап», «Жігіттер» бас қосармыз,
Сары абызым келген шақта сары күз.
Есенқұл ақынды соңғы рет дүниеден өтер күнгі түсірілген телевизиялық бағдарламада көрдім. Жолға шығып бара жатыр едім, Есаға: «Әй, қожа, телетүсірілім дегенің мұрағат қой. Ертең кім бар, кім жоқ. Екеуміз махаббат пен жігіттіктің гимнін жаздық емес пе? Бұл хабарға сен қатыспасаң, кім қатысады? «Біздің елдің жігіттерін» өзің айтып шық» деген сөзінен аса алмай жоспарды өзгерттім. Келсем, таңертеңнен бері оны түгелдеп, мұны түгелдеп жүгіріп жүрген ағамыз сәл шаршау көрінді көзіме. Оның үстіне алдыңғы түсірілген хабар тым көп уақытты алған екен, біраз күтіп қалдық. «Жігіттердің төресі 60 жаста» атты түсірілім барысында көңілі қатты толқып отырған Есенқұл ақын бағдарламаның орта тұсы ауғанда біртүрлі күйге түсті. Жүргізуші кезекті «Біздің елдің жігіттеріне» бергенде, ойымда ештеңе жоқ, бұл әннің шығу тарихын «Есағаң өзі көзі тірісінде айтып берсін» деппін ғой. Ол кісі де шын ықыласымен әннің тарихын тізіп түгелдеді. «Мен кейде ақындардың әулиелігінен қорқам, «Ерте туып, еш заманның мандайына сыймаған» деп айтпауым керек пе еді» деп жыламсырап, тебіренгенін бәріңіз көрдіңіздер. Талай жыл жүрегінің бір бұрышында тығып келген ойын ашып айтып жаны байыз тапты ма екен, түсірілімнің соңына қарай ақын жаны аспандап кеткендей көріне береді маған. Таспаны қайта-қайта көремін де осы ойға келе беремін.
Жәкен ОМАРОВ,
әнші, композитор