Перейти к содержимому
Главная страница » Ауыл балаларына арналған олимпиада

Ауыл балаларына арналған олимпиада

    «El umiti» корпоративтік қоры алты жыл қатарынан ауыл мектептерінің 6-сынып оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасын өткізіп келеді. Олимпиаданы ұйымдастырушылар білім додасының мән-маңызын түсіндіру мақсатында облыс мектептерін аралауда. Сондай бір кездесу Іле ауданы Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясында өтті.

Жиында «El umiti» корпора­тивтік қоры олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Абылайхан Қайроллаев сөз алып, «Мың бала» олимпиадасы ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтайтын және оларға қолдау көрсететін аса маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті. Бес жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінде оқитын 754 мыңнан астам оқушы қатысқан. Олардың 5 мыңы олимпиада жеңімпазы атанып, 1800-ге жуық оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданған. Өткен жылы респуб­лика көлемінде 76600 оқушы олимпиадаға қатысып, Қызылорда, Жамбыл облыстарының оқушы­лары көш бастаған. Биыл алғашқы жеңімпаздар мектепті аяқтайды. Алты жыл бұрын жеңімпаз атанған 121 бала бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен.
Келесі кезекте сөз алған «Жас дарын» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Нұржігіт Қайыржанов «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына Алматы облысынан 16 мың оқушы қатысып, 41-і жеңімпаз атанғанын, бүгінде 12 оқушы өз қалауларымен мамандандырыл­ған білім мекемелерінде оқып жатқанын жеткізді.
«Мың бала» олимпиадасына қатысу – тегін. Олимпиадаға қатысам деушілер 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында тіркеле алады. «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Тестілеу сәуірдің 1-і мен 10-ы аралығында 1000bala.elumiti.kz сайты арқылы жүргізіледі. Сынақ екі бөлімнен тұрады: логикалық ойлау, кеңістіктік ойлау. Тест 40 сұрақты қамтиды және шамамен 90 минутты алады. Тестілеуді камерасы бар ноутбук арқылы немесе интернетке қосылған веб-камерасы бар компьютерден тапсыруға болады.
Олимпиаданың екінші кезеңі сәуірдің 28-30-ы аралығын қам­тиды. Бұл кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілінде оқытатын оқушылар үшін қазақ тілі, орыс тілінде оқыта­тын оқушылар үшін орыс тілі, ағыл­шын тілі, жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компью­терлік тестілеуден өтеді. Тест 100 сұрақтан тұрады және 150 минутқа созылады.
https://ro.elumiti.kz/ сайты арқылы олимпиадаға дайындық жүргізуге болады. Онда дайын­дық тесттері бар. Апелляциялық шағым қарастырылмаған. Үздік нәтиже көрсеткендер «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейі және республикалық физика-математика мектебі сияқты мамандандырылған оқу орын­дарына түсу мүмкіндігіне ие болады.

Бағдат ШОЙБАС

Іле ауданы