Тарихы терең, жері бай Балқаш ауданында атқарылып жатқан істер ауқымды. Өңірді дамыту жұмысына жұдырықтай жұмылған тұрғындардың да табысы толымды. Ауыл шаруашылығын негізге алған ауданның былтырғы жетістігі көңіл қуантады. Жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік әл-ауқаты жоғарылап, экономикалық дамуы да оң динамика көрсетуде. Десек те, шешімін таппай тұрған өзекті мәселелері де баршылық. Бұл жөнінде Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетовтің Бақбақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Азат Үкітайұлының ел алдындағы есебіне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, аталмыш елдімекен халқының ұсыныстарына құлақ түріп, бірқатар өтініштерін қанағаттандырды.
Балқаш ауданына ат басын бұрған Марат Елеусізұлы алдымен Бақбақты ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің акт залында ауылдық округ әкімдерімен, өңірдегі шаруа қожалық басшыларымен, бизнес өкілдерімен кездесті. Басты байлығы ауыл шаруашылығы саналатын ауданның көктемгі егіс жұмысына деген дайындығын пысықтап, сапалы өнім санын арттыру барысындағы биылғы жоспардың жай-жапсарын сұрады. Алғашқы болып сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов өткен жылдың қорытындысы бойынша Балқаш ауданының ауыл шаруашылығы өндірген өнім көлемі 41,4 млрд теңгені құрағанын жеткізді. Ол өз сөзінде:
Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында мемлекет тарапынан жыл сайын қолдау көрсетіледі. Мәселен, өсімдік шаруашылығын дамытуға облыс бойынша 3,2 млрд теңге субсидия бөлініп, Балқаш ауданының шаруалары 44 млн теңге субсидия алған болатын. Биыл облыс бойынша 3 жарым млрд теңге тағы да қарастырылған. Былтыр ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқабы 29,2 мың гектарды құрап, 27,8 мың тонна астық бастырылып, 3 жарым мың тонна көкөніс дақылдары және 2,1 мың тонна картоп өнімі жиналды. Ағымдағы жылы егіс алқабын 29,6 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр, – деді.
Басқарма басшысы көктемгі дала жұмыстарына арналған арзандатылған дизель отыны бойынша ауданда 454,4 тоннаның өтінімі мақұлданғанын айтты. Ауданда техникамен қамтамасыз ету мақсатында төменгі пайызбен лизингке 25 бірлік техника алынған. Қуандық Сағатбайұлы «Кеңдала» бағдарламасының ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында тиімділігі зор екенін тілге тиек етіп, бағдарламаны пайдалануды ұсынды. Мал шаруашылығы жайлы да сөз қозғап, бұл саладағы өнім көлемі 23,7 млрд тенгені құрап, мал санының да артқанын жеткізді.
Келесі сөз кезегін алған облыстық су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов Балқаш ауданында 28 900 гектар суармалы жер бар екенін, аудан тұрғындары мен шаруа қожалық иелерінің сұрауы бойынша бұл жерді 2 басты канал суымен қамтамасыз етіп жатқанын айтты.
Бақанас және Тасмұрын су каналдары 1974 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Олардың қуаты бүгінгі таңда ең төменгі деңгейге жетіп, Бақбақты, Бірлік ауылдық округтеріндегі 14 мың гектар жерде су тапшылығы туындауда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Тасмұрын каналының басына қосымша 2 шлюз салу және 1 шақырым Іле өзенінің бойын тереңдету жұмыстарына қаржы бөлініп, соның есебінен өткен жылдың тамыз айында сметалық құжаты жасалып, мемлекеттік тексеруден өтуде, – деп өз сөзін жеткізді. Сондай-ақ Ғалым Қасымұлы су көлемін ұлғайту және су жүйелерін тазалау барысында да бірқатар істің атқарылып жатқанын баяндады. Өзенге құйылатын каналдарды, батпақты жерлерді тазартуға былтыр бөлінген қаржыға 4 техника алынса, биыл 500 млн теңгеге 6 техника алуға құжаттар дайындалып жатқанын айтты.
Келесі сөз кезегін алған аудан әкімі Азат Құтпанбетов ауыл шаруашылығы бойынша былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспар жайын тарқатты. Шаруашылықтар жоғары өнім алу мақсатында Бақбақты ауылдық округіне қарасты «Арслан Агро» ЖШС егістік алқапта Түрік мемлекетінің заманауи лазерлік тегістегішін пайдалана отырып, минералды тыңайтқыштар мен өңдеу гербицидтарын дрон арқылы енгізгенін, нәтижесінде жоғары өнімге қол жеткізгенін баяндады. Сондай-ақ биыл 6200 га арпа-бидай, 7000 га күріш егу жоспарланғанын айтты. Өз кезегінде сөз алған «Бірлік» шаруа қожалығының басшысы Әбдіжаппар Қыстаубаев ауыл шаруашылығындағы негізгі де өзекті мәселе осы су тапшылығы екенін алға тартып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы өндірілетін өнім көлемін былтырғыдан арттыру барысында аудан әкімі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына бірқатар тапсырма беріп, айтылған мәселелер міндетті түрде қаралатынын жеткізді.
Бақбақты ауылдық Мәдениет үйінде аудан әкімі Азат Құтпанбетов ел алдында есеп беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру барысындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Ауданның негізгі бағыты егін мен мал шаруашылығы екенін айтып, сапалы өнім өндіріп, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің еңбегі жоғары екеніне тоқталды. Тұрғын үй, құрылыс, жол жөндеу, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру салаларының серпінді тұстарын сөзіне қосып, бұл тұрғыда да биік межелер бағындырылғанын әңгімеледі. Аудандағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты екенін баяндап, тұрғындар тарапынан жолданған сұрақтарға жауап берді.
Есептік жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Елеусізұлы қозғалған мәселелердің барлығы ауқымды екенін алға тартып, қойылған сауалдарға өз тарапынан жауап берді. Ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі жайлы сауалға орай қазіргі уақытта ең алдымен үшауысымды мектептердің қатарын азайтып, әбден тозығы жеткен білім мекемелеріне жөндеу жүргізу жоспары алда тұрғанын, бұл тараптағы мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ жас мамандардың үй алу мәселесі бойынша былтыр берілген пәтерлердің саны биыл да артатынын, ең алдымен кезекте тұрған адамдарға, әлеуметтік осал топтарға пәтер кілті табысталатынын айтып, мұғалімдерге де өз кезегінде үй кілті берілетінін жеткізді. Ауыл емханасын кеңейту, дәрігерлер санын көбейту, маман тарту мәселесі де мүмкіндігінше қарастырылатынын алға тартты. Ауызсу мәселесі бірінші кезекте шешілетінін тілге тиек етті. Марат Елеусізұлы балабақшаларды жөндеу жайына да тоқталып, бұл орайда мәселені инвесторлар тарту арқылы шешу тиімді екенін айтты. Аудан, ауыл жолдары кезең-кезеңімен жөнделетінін, есептік кездесуге көтерілген мәселелер облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен аудан әкімі Азат Үкітайұлының бақылауында болатынын айтты.
Құралбек СӘБИТОВ
Балқаш ауданы