Облысқа іссапармен келген Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов жергілікті бизнес қауымдастығымен жүздесіп, қосымша құн салығының маңыздылығын түсіндірді.
Жиынды ашқан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Дүйсекенов басқосудың мақсат-міндетіне тоқталды. Алғашқы сөз Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновке берілді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен Астанада өткен кездесуде құн салығы мөлшерлемесінің тым жоғары екенін айтып, осы мәселені Үкіметке қосымша қайта қарауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ел көлемінде Үкіметтің бастамасын талқылайтын 6 жұмыс тобы құрылып, өңірлерді аралауда. Бұған дейін Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында болдық. Бүгін өздеріңізбен дидарласып, салық реформасын, қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру жайын талқыламақпыз. Біз қосымша құн салығын 16 пайызға көтеруді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ бірқатар қызмет түрлеріне 10 пайыз төмендетілген мөлшерлеме енгізуді жоспарлаудамыз. Халықаралық тәжірибені қарап шықтық. Көпшілігінде қосымша құн салығының шекті мәні әлдеқайда төмен немесе мүлдем жоқ. Дамыған елдерді айтпағанда Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда шекті мән Қазақстанға қарағанда төмен. Кейінгі кезде бюджеттің бос қоржынын толтыруға Ұлттық қордан трансферттерді алуды көбейттік. Бұл жалғаса берсе, Ұлттық қорды тауысып алу қаупі туындайды. Сондықтан бұл реформа аса қажет. Қосымша құн салығының мөлшерлемесі артса, жыл сайын бюджетке 4-5 трлн теңге қосымша түсім түседі деп есептеп отырмыз. Бұл Ұлттық қорға тәуелділікті азайтады, – деген вице-министр ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірушілер қосымша құн салығынан босатылу жоспарланғанын, алдағы уақытта қосымша құн салығын көбейту барысында есепке қою шегінің мәні 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетілетінін тілге тиек етті.
Вице-минстрдің айтуынша, инфрақұрылым мәселесі Алматы облысында шешілмей келеді. Алатау қаласы бойынша да дайындалған бірқатар жобаларға қаражат болмай тұр екен. Қолға алынған жаңа салық реформасы қолданысқа енгенде түскен қаражат есебінен бизнеске қолдау көрсетіліп, еліміздің инфрақұрылымы жақсаруына септігін тигізеді. Келесі кезекте облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы сауда және қызмет көрсету жөніндегі салалық кеңес төрағасы Әсет Талғатбек арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемелерді төмендетіп, салық төлеу жүйесін жеңілдетуді ұсынса, «BilimInvest» ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова салық реформасын іске асыруда білім саласына қолдау көрсетудің назардан тыс қалмауын қаперге салды. Жеке кәсіпкер Қамбар Баекенов Қонаев қаласында ойын бизнесін дамыту жайлы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты Гүлжан Исканова салық жүйесіндегі өзгерістер туралы пікірін ортаға салды.
Жиын соңында бизнес өкілдері елордалық мейманға сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Бауыржан Әлібекұлы төменгі мөлшерлеменің қайта қарастырылатынын, сауда-саттыққа қосымша құн салығы салынбайтынын айта келе, барлық ұсыныс-тілек сараланып, Парламентке жолданатынын жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,
Қонаев қаласы