«Сабақ беру – үйреншікті шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер», – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, қоғам дамуында білім беру жүйесінің негізгі міндеті – мұғалім біліктілігін арттырып, сабақтың сапасын арттыру. Осыған орай, Кеген аудандық білім бөлімі оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Тасашы орта мектебінде «Табысты сабақ нәтижелеріне жету жолдарын айқындау» тақырыбында семинар өтті.
«Табысты сабақ» жобасы аясында ұйымдастырылған шара мектеп мұғалімдерінің кәсіби дағдыларын жетілдіру және көшбасшылықты дамыту, сондай-ақ жоспарлау және оқыту тәжірибесін жақсарту мақсатында әріптестер арасында белсенді ынтымақтастық құруға арналған.
Кеген ауданы білім бөлімі оқу-әдістемелік орталығының қызметкері Нұргүл Толымбекова мұғалімнің заманауи әдістерді қолдана отырып, оқушыларды сабаққа белсенді қатыстырудың маңызы зор екенін атап өтті.
Семинарға келген педагогтерге мектептегі лабораториялық кабинеттер және қосымша білім беру бойынша үйірме жұмыстары таныстырылды. Бастауыш сынып мұғалімі Света Аққасова «Ұлы дала мұрасы» аясында қазақтың ұлттық құндылықтарына негізделген интеллектуалды-танымдық ойын ұйымдастырды. География пәні мұғалімі Сәуле Жанатбекқызы «Демографиялық саясат», ағылшын тілі пәні мұғалімі Аида Нұрғожаева «Parts of the body» және тарих пәні мұғалімі Айдын Мырзағалиев «Қазақтардың 1860-1870 жылдардағы азаттық күресі» тақырыптарында ашық сабақ өткізді. Мектеп директоры Нұргүл Абықанова шараны қорытындылады.
Жалпы тәжірибе алмасу семинары жоғары деңгейде өтті. Мұғалімдер, талдау жұмыстарын жүргізіп, қысқа мерзімді жоспар бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін қандай педагогикалық технологиялар қолдану керектігі жайында пікір алмасты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы