Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, белгілі қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова жұртшылықпен кездесті. Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейінде «Ата мұрасына адал келін» тақырыбында өткен жылы жүздесуге өңірдің зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, тұрғындар жиналды. Рухани-танымдық шараны Үмбетәлі ақынның немересі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, суретші Әуелбек Ысқақ ашып, кеш қонағына сөз берді. Зейнеп Ахметова тағылымды әңгіме бастап, қоғамдағы жайттарға жеке көзқарасын білдірді. Ұлт құндылықтарын ұлықтаушы қайраткер не айтты, оны өз сөзімен баяндайық.
–Мені мақтап жатырсыздар, бірақ мақтау деген өзі есірткі секілді, естіген сайын еліктіреді. Үнемі мақтау естіп үйренген адам шындықты жоғалтып алады. Көп мақтау естігеннен айналамның бәрі керемет деп ойлап, кемшілікті көрмейді. Қателік осыдан шығады. Қазақ айтады «Мақтаусүйгіш адамның талтаңы көп» деп. Шынында да, талтаңдап жүріп, бір жерде сүрінеді. Асыра мақтау адамды бұзады. Мен мақтаудан қорықпаймын. Неге десеңіздер, ол мақтау маған емес, қанша мақтаса да, оның барлығын атаға қарай өткізіп жіберемін. Өйткені кімге кім келін болмай жатыр? Небір белгілі адамдардың да атақты келіндері бар. Бірақ соларды өзінің айналасы ғана болмаса, қалың көпшілік, қарапайым қазақ біліп жатқан жоқ. Мен көшеде келе жатсам, адамдар мені танып, амандасып, бірге суретке түсіп жатады. Қазақстанның қай түкпіріне барсам да, қасиетіңнен, айналайын, қазақтың есігі мен төрі дайын тұрады. Соның барлығы атаның биік рухы, қасиетті аруағының арқасы.
Ата секілді бүкіл алты Алаштың ардақтысы болған, иісі қазаққа ортақ ұлы адамның шайын қайнатып беру бақытына ие болмай-ақ, қарапайым бір қазақтың қара шалына келін болсам да, мен сол міндетімді атқарар едім. Атама істеген қызметімді оған да жасар едім. Бірақ көрдіңіздер ме, «Күріштің арқасында күрмек су ішті» дегендей, төбемде ата тұр. Менің аманат арқалап жүрмін дейтінім содан. Өйткені атам марқұм маған ешқашан соғыс жайлы әңгіме айтқан емес, есесіне халқымыздың сан ғасыр сарабынан өткен, бабаларымыздың қалдырған асыл мұрасын айта беретін. Ол өзі шежіре еді ғой. «Балам, мен сені сөз ұғады деп айтамын. Менің айтқанымды сен ертең балаңа айтасың, ол өз баласына жеткізеді. Осылайша қазақтың иісі сақталады», – дейтін. Бұл – маған деген үлкен сенім, мойныма артып кеткен парыз. Неге соны маған айта берді? Ертең соны өзгелерге, қатарластарына, өкшебасарларына жеткізсін дегені. Өзімді аманат арқалаушы деп санайтыным содан. Жазған кітаптарым да сол бабаларымыздан қалған асыл қазыналар, атамның құлағыма сіңіргені.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді. Мен уызыма жарыған перзентпін. Атаның алдына келгенге дейін ата-анамның мықты тәрбиесін көрдім. Анам марқұм 9 ұл, 1 қыз – он құрсақ көтерген, арпа ішінде бір бидайы мен екенмін. Құдайдан тілеп алған қызын алақанға салып аялап отырып-ақ тас-түйін тәрбиеледі. Алақан лезде жұдырыққа айналып шығатынындай, «Жалғыз болсаң өзіңе жалғызсың, қылығың жалғыз бола ма, ертеңгі күні барған жеріңде маған сөз келтірейін деп пе едің?» деп аямай жұмсап, қатал ұстады. 5-6 жасымда-ақ орамалдың шетін тоқитынмын. 8-9 жасымда нанды дұрыс жаюды үйрендім. Сонда жеңгелерім бар, үйде жұмыс істейтін адам жеткілікті болса да, анам ертеңгі күні келін болып барған жерінде өзіне сөз келмесін, тәрбие, тектілік көрмеген демесін дегені екен.
Құдайға шүкір, тұрмысқа шыққанда үй шаруасына дайын болдым, бірден қазан-ошағымды ұстап кете бардым, тиісті міндетімді орындадым. Мінеки, тәрбие. Егер анамның сондай тәлімінен өтпесем, мен атаның қолына су құюға жарар ма едім, әй, қайдам?! Шешем өмірден өтер-өткенше қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, бүкіл тәлім-тәрбиесінің үкісін қисайтпай ұстаған адам еді. Бізді, балаларын да солай үйретті. Менің жоғары оқу орнында оқығаным, білімдегі жетістіктерімде шаруасы жоқ, «Мынаны істеуің керек» дейді, бітті, істейсің. Тұрмысқа шығар алдында да соны құлағыма қайта-қайта құйды. Маған айтқаны: «Сен енді қара қанат құссың, ұшып кетесің, басқа бір үйдің түтінін түтетіп, отын жағып, қазанын қайнатасың. Бір ер-азаматтың ыстық-суығына төзесің. Жұбайыңмен жақсы боламын десең, отыңның басы берекелі болсын десең, ең алдымен қарапайым нәрсені санаңда берік ұста. Үйің таза, тамағың дәмді болсын, күйеуіңнің жағасы кірлемесін. Сырттан келгенде «Қайда болдың?» деп сұраушы болма», – деді.
Бір қарағанда, қарапайым ғана талап болғанымен, мұның өзі отбасының мықты болуы, өзара сыйластық үшін өте үлкен жауапкершілік. Жартыны жарып жейтін, бүтінді бөліп жейтін татулық, бірін-бірі түсінісетін ынтымақ осындайдан басталады. Асылы, балаға «дәл мынадай болуы керек» деген аспаннан түскен тәрбие формуласы жоқ. Әрбір отбасының өзіндік дәстүрі болады. Балаға ең алдымен бағыт беруші – ата-ана. Егер мен анамның еркелетіп отырып-ақ жанымды шығарардай мықты мектебінен өтпеген болсам, ата секілді, «көктемдей құбылмалы мінезім бар» деп өзі айтқандай, қайшылықтардан жаралған адамға төзу, бабын табу өте қиын соғар еді. Әрине, бәрі бірден керемет болып кетті деп те айта алмаймын. Талай жыладым, сүріндім, қателестім де. Бірақ соның барлығынан өмірлік сабақ алдым.
Жалпы, қыз бала ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір үйге келін боларын сезеді. Оны мен де білдім, бірақ «арыстанның апанына» түсіп кетем деп еш ойламаппын. Айналып келгенде, «Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ» дегендей, көзімізді тырнап ашқаннан көрген тәрбие іргетасының мықтылығынан ғана атаның аумалы-төкпелі мінезіне көндім деп ойлаймын. Ол, қайталап айтамын, анамның еңбегі.
Кейінгі апамыз (енем) қайтыс болып, атаны күтіп-қарау керек болды. Шерхан, Кәкімжан ағалар бар, бәрі «Аталарыңның қолына келулерің керек» деді. Телестудияда қызмет істейтінмін. Сонда «Әлі жаспын, жоғары білімім бар, қызмет қай уақытта болса да, табылады» деген ойға келдім. Ал ата секілді адамның қолына су құйып, шайын қайнату бақыты менің маңдайыма жазылған болса, қызметімді тастап, атаны күтуге баруым керек деп шештім. Қазір ойласам, кеңес кезінде өз еркімен қызметті тастау ол да ерлік екен ғой.Сонда небәрі 25 жастамын, Ержаным 3-те. Ата айтты: «Сендер көшіп-қонып алыңдар, мен тауға демалып қайтам», – деп санаторийге кетті. Оған дейін асүйден ғана қайтатынмын, атаның ар жағындағы бөлмелерін көрмегенмін. Еркіндік тигесін бөлмелердің бәрін аралап көріп, ретке келтірмек болдым. Екі жағында терезесі бар кабинетінің бір қабырғасы түгел кітапқа толы сөре, ортада үлкен жазу үстелі тұр, оның екі жағында төрттен тартпасы бар, үстінде жазу машинкасы, үйілген бірнеше кітап, қолжазба, үстел үсті қағазға толы екен. Бақытжан қағаздарына өте ретті болатын, соған үйренген байғұс басым атаның бей-берекет шашылып жатқандай көрінген үстел үстін жым-жылас қылып жинадым. Кітабын кітапқа, қағазын қағазға қосып, сүртіп тазартып, машинкасының қасына таза парақтар қойып, бір мақтау еститін шығармын дедім ғой.
Ата бірер күн ерте келді. Есіктің қоңырауы үздіксіз шырылдағаннан-ақ Бақытжан: «Бұл әкемнің почеркі, есік ашылғанша түймеден қолын алмайды», – деді. Ашып, сәлем салдым, «Қоныстарың құтты болсын!» деп үйге кірді. Бірден асүйге жүгірдім шай қоймаққа, ар жақтан ұлы шықты. Бес минут өтер-өтпестен таудан тас құлағандай күркіреген ашулы дауысы естілді. Бақытжанның маған: «Өзі тәртіпке бағынбайтын адамның қағаздарында не шаруаң бар еді?» – дегеніне ата: «В адвокатах не нуждаюсь», – деп тыйып тастады. Ашуы басылған соң: «Балам, мой беспорядок – это есть высший порядок», – деді. Қағаздарының ретін өзі ғана білетінін кейін білдім. Кешірім сұрадым. «Балам, бұдан былай жылағың келсе, суды сарылдатпай-ақ жылай бер», – деді менің жуынатын бөлмеге қамалып алып жылағанымды сезіп. Одан кейін қағаздарына тиіспейтін болдым.
Осындай мінез көрсеткенде үндемей құтылуды үйрендім. Ол оңай емес, тіпті қайдағы біреу үшін маған қатты сөз естуге тура келетін. Бірақ одан өкінген жоқпын. Асылы, үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған емеспін. «Басқа бәле тілден» демей ме, сөз қайтарудан дау шығады. Үлкенмен сөз таластырмау керек, өйткені сен де солардың жасына жетесің. Адам жасы келгенде бала мінезді болады, артық-ауыс сөзін көтере алсаң, өзі-ақ басылады. Ата өзі артық кеткен кезде маған: «Әй, балам, мен артық кетіппін, кешір», – дейтін. Мен сол сөзді бірінші рет естігенде қатты таңғалдым. Анандай ұлы адамның өз қателігін түсініп, келін екеш келінінен кешірім сұрауы дегеніңіз, енді, одан өткен ұлылық бола ма?! Қателігін мойындап, кешірім сұраудан арланбаған. Ал баласы Бақытжанның мінезі «Ағаштың бұтағы иір болғанымен, тамыры бір» дегендей, әкесіне ұқсайтын. Екеуі лезде сөзбен шартпа-шұрт болып, лезде қарқылдай күліп, әңгімелесіп отыратын.
Ата үстелді тарс еткізіп ұрып, «Көзіме тура қара!» дейді. Көзіне тура қарау мен үшін өртке секіріп кеткенмен бірдей еді, көзі өңменіңнен өтердей өткір. «Менмін» дегендердің өзі көзіне тура қарай алмайтын. «Алдыңда қазулы көр тұрса да, шындықты айтудан тайсалма!» – дейтін. Менің де шындықты бүгіп қала алмайтынымды меңзеп, марқұм Бақытжан: «Келін – ененің топырағынан» деуші еді, осы сен атаңның топырағынан болып кеттің, айтарыңды айтып салып қарап тұрасың», – дейтін. Ата: «Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпаз болма, жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа», – дейтін бізге. «Мен өлген соң да тірілердің ішінде жүремін. Қайда барсаңдар да алдарыңнан шығамын», – дейтін. Қазір қарап тұрсам, Қазақстанның қай түкпіріне бармайын, атаның атында мектеп, көше, аттас адамдар көп, есімі күнде аталып, шынымен де, алдымыздан шығады. Өткен жазда Павлодар облысына шақыртумен барып, Екібастұзда бір әдемі көшемен келе жатсақ, қала әкімі: «Апа, қандай көшемен келе жатқаныңызды білесіз бе?» – деді. Сөйтсем көше атаның атында екен. Екі жағына жағалай ағаш егілген, кең, керемет көше. Ал артында іздеушісі жоқ, аты өшіп кеткен адамдар қаншама?
Құдайға шексіз сенемін, бірақ қазаққа мүлдем жат, бұрын болмаған сенімді тықпаштап жүргендерді көргенде шыдай алмаймын. Қараңыздаршы, мысалға, әр адам ұлтымен бірге туылады. Біз қазақ болып туылдық. Сен ұлтыңмен туылған екенсің, ұлтыңның тілі, ділі, оның бүкіл қадір-қасиеті, салт-дәстүрі, тарихы, елі, жері – барлығы саған тиесілі. Ал дін содан кейін келеді. Сенің Құдайды іздеуің, белгілі бір сенімге енуің есейгенде болады. Адамда дін өзгере беруі мүмкін. Христиандықты қабылдаған қандастарымыз немесе мұсылман болған ағылшын, орыс, басқалар бар. Сонда дін өзгермелі, ал ұлт – туғаннан біреу ғана. Сен мың жерден ағылшынша сайрап, орысша қақсап, арабша ыңыранып тұрғанмен, бәрібір қазақсың. Ұлт өзгермейді. Тіпті бір ауыз ана тіліңді білмесең де, қазақ болып туылдың екен, сен – қазақсың. Құдайға сен, өйткені дүниені жаратқан бір Ұлы Күштің бары бәрімізге аян.
Әсіредіншіл кейбір молда, әлдекімдер сонау құмның ішіндегі арабтардың орта ғасырдағы салт-дәстүрін «осы таза дін» деп бізге тықпалайды. Мысалы, қап-қара түспен тұмшаланып киінуді алайық. Қазақтың қай әйелі қара орамал тағады? Қара орамалды күйеуі өлгенде салады, оны «қаралы әйел» дейді. Қазақ қыздары күйеуге тигенге дейін басына орамал тартпаған. Кәмшат бөрік, үкілі тақия киген. Соған лайықтап шашын күткен. Шашқа шашбау, үзбе, шаштеңге, шолпы сияқты небір әдемі бұйымдар таққан. Мұсылман екенбіз деп соның барлығынан бас тартсақ не болмақ?
Өздерін таза мұсылман санап жүрген әсіредіншілдер беташар жасатпайды екен. Неге дегенге, мұны Құдайға серік қосу, адамға табыну, күнә деген бірдеңелерді айтады. «Сөйлепсің» деймін мен! Қазақ «Адамға табынба, жаманға жалынба» деген. Адамды құрметтейді, сыйлайды, бірақ табынбаған. Тамаша салтымызға олай жала жабуға болмайды. Беташар деген жаңа түскен келінге келген жерін таныстырып, әулетіне де, аруағына да құрмет көрсету ғой. Келінді де елге таныстыру. Беташарда әдемі өсиет сөздер тұнып тұр. Сонда соның бәрін тәрк ету керек пе екен? Міне, тілді қай жағынан құртпақ болғаны көрініп тұр.
Мен айтам, ал жарайды, олай болса Меккеге барып, Қағбаны жеті рет айналу қара тасқа табынған болмай ма сонда? Ол ғарыштан келсе де, бәрібір Құдайдың жаратқаны ғой. Қолының ұшын соған тигізу үшін аяғының астында адам өліп жатса да қарамайды, мың, миллион адам соған жету үшін шыр айналады. Сонда қисын қайда десем, жауап бере алмайды. Қазақтың Құдайға сенімі керемет мықты. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген қазақ сонда дінсіз бе екен?! Бір ауыз сөзбен-ақ түйіндеп қойғанын көрмейсіз бе? Қазақтың өзінің ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрі, ұлттық қадір-қасиеті шариғатқа, Құранға титтей де қайшы келмейді. Ал әлдекімдер ортадан килігіп, «анауың дұрыс емес, мынаны жасауға болмайды» деп бүйректен сирақ шығарып, бәрін шектегісі келеді. Бабаларымыздан бүгінге жеткен салт-дәстүріміз Исламнан бұрын қалыптасып, мыңдаған жылдардың сүзгісінен өткенін ұмытпайық. Қазақтың Құдайға сенімі ерекше, таза.
Адам қоғамда толыққанды өмір сүруі үшін белгілі бір ереже, шектеу керегі рас. Ол – заң, дін, әрбір ұлттың бағзыдан келе жатқан ділі. Бұл әр елде әрқалай. Мысалы, батыста заң басым, заңды бірінші орынға қояды. Олар үшін заңда жазылғанның бәрін сақтау міндет, ал жазылмағанның барлығын істей беруге болады. Шығыста дін басымдыққа ие. Көбінде шариғат жолымен реттеледі. Заң да, дін де қоғамда тәртіп орнату үшін керек, ол дұрыс. Бірақ заңда да, дінде де «Ұят болады» деген сөз жоқ. «Ұрлық қылсаң, ұят болады» деген бап ешбір заңда жоқ. Ал қазақта бар. «Өлімнен ұят күшті» деп ұятпен тәрбиеленген. Бірақ біз осы ұяттан айырылып бара жатырмыз. Міне, көрдіңіздер ме, қазақ ұрпағын осындай тектілікпен тәрбиелеген. Ата-бабаларымыз біріне-бірі мұра етіп қалдырып отырған ұят – ұлы ұғым. Осынау ұлан-ғайыр жерге қалайша ие болып қалды? Елден, жерден айырылу масқара ұят, өлім болып саналған. Халықтың ынтымақ-бірлігінен айырылуы – ол да ұят. Осындай үлкен жер ұяттың арқасында бізге жетті. Бүгін соны жоғалтып бара жатқанымыз өкінішті.
Кеңес заманында 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүргендіктен, діни ағымдар жан-жақтан бірден лап етіп енгенде көптеген қателікке ұрындық. Батыс келіп жалаңаштап, Шығыс келіп тұмшалады да, онсыз да аз қазақтың шақшадай басы шарадай болды. Батыс «Мен сені мәдениетті жасаймын, еркіндікке ие болып, демократия орнайды, не істегің келсе, соны істей бересің» десе, Шығыс «Мен сені таза мұсылман етемін, о дүниеде пейішке барасың» дейді. Сонда не болды? Қаншама жастарымыз сансырап, адасты, үлкендердің өзі жікке бөлінді. Қазақтың сан ғасыр сарабынан өтіп жеткен дәстүр-салтына, ұлттық қадір-қасиетіне осылай шабуыл жасалды. Қарапайым әдебі, салт-дәстүрі баға жетпес байлық екенін адам өзі ойлануы керек қой.
Қазір қаласақ та, қаламасақ та жаһандануға тартылып кеттік. Біржолата жұтылып кетпес үшін қайтпек керек? «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» дейді қазақ. Ұлттың ұлт болып сақталып қалуы үшін бізде ықтырма мықты болуы керек. Ол, біріншіден, тіл, сосын тіл арқылы бойға сіңетін қадір-қасиет, ұлттық құндылықтар. Сонымен ғана біз өзімізді ұлт ретінде сақтап қала аламыз. Ықтырмаң – сол. Балабақшадан бастап мектепте халық педагогикасынан арнайы сабақ өтуі керек. Онсыз болмайды. Бұрын көшеде асыр салып ойнап жүретін балалар қазір көрінбейді, бәрі ғаламторға кіріп кеткен, тәрбиені ата-анасынан емес, интернеттен алады. Бұрынғы бала білмегенін ата-анасынан, ата-әжесінен сұрайтын, қазір интернеттен іздейді. Әлемжелінің пайдасымен қатар зияны да көп, онда талғамсыз дүниелер жетіп-артылады, бірақ соның бәрі шындық екен деп сенетіндер бар. Бұл – қауіпті құбылыс.
Бала ата-ананың бақылауынан шығып қалды, мектепке көп салмақ түсіп жатыр. Мені мектепке кездесуге жиі шақырады, сонда «Қазіргі заманның баласы менің айтқандарымды түсінбейді, алдымен олардың ата-анасымен кездесуім керек» деймін. Ақыл айтқанды ұнатпаймын, өз білгенімді бөлісемін, тыңдаушы содан өзіне керектіні алады. Өйткені өмір көрдім, атаның алдынан өттім. Димекеңнен бастап, қазақтың талай ұлыларының қолына су құйып, сәлем салып, батасын алдым. Осылай елдің алдында маңдайым ашық болып жүргенім сол батаның шарапаты шығар. Жартасқа қына да, шынар да шығады. Қына жабысып өссе, шынар тасты жарып шығады. Жастарымыз тасты жарып шығар шынардай болсын!
Аты аңызға айналған Халық батыры Бауыржан Момышұлы мұрасының шырақшысы, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Зейнеп Ахметованың өнегелі әңгімесін ұйып тыңдағаннан кейін облыстық музейлер бірлестігінің төрағасы Талғат Келімбетов, ауданның Құрметті азаматы Әуесбай Тәжібаев, Әлия Үмбетәліқызы, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпағы, музей жанашыры Сұңқар Қарабалин, белгілі қылқалам шебері Ахат Манапов, Шолаққарғалы орталау мектебінің басшысы Нәзира Бейсебаева, ауыл ақсақалы Серік Сәрсенбаев кеш иесіне тілектерін айтып, өздерінің ой-пікірімен бөлісті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы