Өтеген батыр ауылында Белсенді ұзақ өмір орталығы филиалының ашылу салтанаты өтті. Шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова, Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев, Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жәния Сақташева, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Мейрамкүл Жабиева, Өтеген батыр ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ғафуржан Сүйіндіков қатысты.
Филиалдың ашылу салтанатында сөз алған Айгүл Матанқызы орталықтың маңыздылығын атап өтті, оның қызметі қарттардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын жеткізді.
«Қариялар үшін бұл орталықтың есігі әрдайым ашық. Мұнда ардагерлеріміз үшін скандинавиялық жүріс, йога, емдік дене шынықтыру, ән айту, би билеу, шахмат ойнау, компьютерлік сауаттылықты арттыру сынды бірқатар іс-шара қамтылған. Бұл – ел Президенті бекіткен Ұлттық жоспар аясында жүзеге асып жатқан маңызды бастамалардың бірі. Елімізде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу міндеті қойылған. Осындай белсенді шаралар арқылы бұл мақсатқа жете аламыз», – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері Ұйғыр, Кеген, Райымбек, Талғар, Іле, Балқаш, Қарасай аудандары және Алатау қаласында орталықтың жаңа филиалдары ашылып, өз жұмысын бастаған. Бұл іс жергілікті әкімдік, ақсақалдар және аналар кеңесі, Мансап орталығы, Мәдениет үйі және спорт мекемесі басшыларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде іске асырылуда. Орталықтың басты мақсаты – зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, олардың денсаулығын нығайту және қоғамдағы белсенділігін арттыру. Қазіргі таңда орталыққа келушілердің қатары күн санап артып келеді. Сондай-ақ, жас буын мен аға буын өкілдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Іле ауданында зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 5 түрлі үйірме белсенді жұмыс істейді. Йога сабағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 34 адамның қатысуымен өтеді. Оған тағы 15 адам кезекте тұр. Жадыны нығайту курсы аудандық кітапхананың оқу залында 34 адамның тұрақты қатысуымен ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Ардагерлер үйінде өткізілетін музыка сабағына 15 адам, шахмат және тоғызқұмалақ үйірмесіне 10 қария, компьютерлік сауаттылық курсына 11 адам қатысады.
Бүгінде келушілер белсенділігі артқанымен, ғимарат тапшылығы орталықтың басты мәселесіне айналып отыр. Сондықтан оны шешу Белсенді ұзақ өмір орталығының басты міндеті болмақ.
Жұмысын енді бастаған орталықтың кішігірім қиындықты еңсерері анық. Өйткені бұл филиалдың зейнеткерлердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өмір сапасын арттыруда маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, аудан жұртшылығын қуантқан шарада Әлібек Нұрқожа атындағы «Ардагерлер» ансамблі халық әндерін орындап, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлағанын да айта кеткен абзал.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы