Перейти к содержимому
Главная страница » Бір шаңырақ астында

Бір шаңырақ астында

       Талғар аудандық ­Мәдениет ­үйінде Алғыс айту күні және Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құрыл­­ғанына 30 жыл толуына орай мере­келік іс-шара өтті. Оған ауданда тұратын барлық этнос өкілі, аудандық және облыстық этномәдени орталықтардың төра­ғалары, қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.

Аудан әкімі Таңат Айдарбеков жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. «Біздің ауданда тағдыр Қазақстанға алып келген этнос өкілдері өмір сүруде. Олар ыстық ықыласы, қонақжайлылығымен қарсы алып, өз мүмкіндіктері мен әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бергені үшін елімізге шын жүректен алғыс айтуда. Шуақты мереке Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете берсін!» – деп атап өтті әкім.
Бұдан кейін қайырымдылық қызмет­­терімен ауданды дамытуға елеулі үлес қосқан ЭМО басшылары аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мерекелік шарада облыс орталығынан келген қонақтар сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді. Қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, облыстық әзер­байжан мәдени орталығының төра­ғасы, ҚХА мүшесі Асылы Осман Қазақстандағы этносаралық татулық пен достық, өзара келісім мен тұрақ­тылық, бейбіт өмірді қамтамасыз ету­дегі Ассамблеяның рөлі туралы айтты.
– «Алғыс» ұғымының көп қырлы мәні бар, бұл жай ғана қазақ халқына құрмет көрсету емес, бұл – сталиндік режим жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға құрмет көрсету, олардың Қазақстанды барлық этнос үшін нағыз ортақ үйге айналған бейбітсүйгіш держава ретінде тануы, – деп ерекше атап өтті Асылы Әлиқызы.
Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гамзе Гейдаров­тың лебізі де Асылы апайдың ойымен астасып жатты. Өз кезегінде аудандық корей этномәдени орталығының төрағасы Роберт Цой, Талғар политех­никалық колледжінің 1-курс студенті Анжелина Сейдоғлы қазақ халқына деген шынайы алғыстарын жеткізді.
Іс-шара аудандық ЭМО өнерпаз­дары дайындаған мерекелік концертке ұласып, естелік суретке түсумен аяқталды. Ең бастысы, бұл шара еліміздегі ұлтаралық татулық пен өзара сыйластықтың жоғары деңгейде екенін көрсетті.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы