Көктем келісімен Жер-ана бусанып, тоңы жібиді. Осы кезде әрбір ауыл, қалаларда көшелерді, алаңдарды қысқы қалдықтардан тазарту жұмысы қауырт басталады. Міне, осы істі ойдағыдай жүзеге асыру барысында Алатау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықты тазалыққа шақыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылау.
Дөңгелек үстелге Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Сейіткенқызы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ардагер Өркенұлы, қалалық мәслихат төрағасы Роза Әбілова, аналар кеңесінің мүшелері, жастар және қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында қала мен ықшамаудандардың экологиялық ахуалы, тазалықты сақтау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланы көркейту шаралары қарастырылды.
«Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – үлкен жауапкершілік. Біздің мақсатымыз – қаламызды таза әрі жайлы ету. Ол үшін қала тұрғындары бірлесе әрекет етуі керек. Әр азамат өз ауласын, көшесін таза ұстаса ғана қала экологиясы жақсарады», – деді Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Сейіткенқызы.
Дөңгелек үстелге қатысушылар қала тұрғындарын табиғатты қорғауға, көшелер мен аулаларды таза ұстауға шақырып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шараның қорытындысы ретінде экологиялық акциялар мен сенбіліктер ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
«Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бастама. Осы акция аясында 12 ықшамауданы мен 88 мыңға жуық тұрғыны бар Алатау қаласында түрлі экологиялық іс-шара, сенбілік, ағаш отырғызу және тазалықты насихаттау жұмысы жүргізіледі.
Бағдат ШОЙБАС
Алатау қаласы