Бар жақсылық ананың ақ сүті мен ақ тілеуінен, өлшеусіз еңбегінен, қамқорлығынан бастау алады. Бұл – айнымас ақиқат. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар туралы сөз қозғағанда арды ойлаған аналарды айналып өте алмаймыз.
Талай жыл талмай еңбек етіп, даналығымен тұтас әулетті ұйытқан, алтын құрсақты ана, еңбек ардагері Күсән Рысқұлова туралы сөз қозғағанда, осындай әдемі орам ойымызға оралады. Ұрпағына үлгі болып, тек адалдыққа, тәлімді тәрбиеге үйреткен абзал ананың саналы ғұмырын зерделеп, мақаламызға арқау еттік.
Күсән апамыз 1939 жылы 6 қаңтарда Қытай Халық Республикасы Шолақтерек ауылында дүниеге келген. Әкесі Құлымха мен шешесі Гүлбара қарапайым шаруа адамдары болған. 15 жасында жұбайы Бекембай Рысқұловпен отбасын құрып, 1959 жылы Кеген ауданы Қарқара ауылындағы Мыңжылқы кеңшарына қоныс аударды. Еңбек жолы ерте жастан басталып, сауыншы болып жұмысқа қабылданған Күсән апамыз бен бақташылықпен айналысқан Бекембай атамыз ауылды дамыту жолында аянбады. Сан жылдар жаздың аптабы мен қыстың суығында малдың қомында жүріп, зейнеткерлікке шықты. Отбасы жағдайына байланысты 1998 жылы Тасашы ауылына көшіп келді.
– Сағат таңғы бестен тұрып, күніне үш мезгіл 25 сиырды қолмен сауамыз. Ол кезде бізде бос уақыт болмайтын, сауын біте сала бұзаулардың астын тазалап, шөбін дайындаймыз. Бір литр сүт кем болса, сөз еститін едік. Әр сиырға жоспар береді, жыл аяғында орындамасаң, жалақыңнан ұстап қалады. Орындасаң, сыйлығын береді. Бекембай озат бақташы болды. Ол кезде малшыларға жақсы қарайтын, шайын, ұнын әкеліп береді, – деген кейіпкеріміз өткенді тебірене есіне алды.
Еңбекшілер отбасында тәрбиеленген балалар да бүгінде үлкен өмірге қанат қаққан. Нұрлан, Ербосын, Жанар, Жанасыл, Жанатбек, Ардақ – әкенің тәлімімен, ананың ақ сүтімен адалдықты ту еткен жандар. Келіндері Құралай, Нұргүл, Жазира, Бижамал, Индира, Назира да – текті әулеттің тумалары. Ал шаңырақтың шаттығын еселеген қыздары Секерхан, Союзхан, Анар Әбдірасыл, Жұман, Нұрбақыт есімді күйеубалаларымен көңіл жарастырып, өрістерін кеңейткен. Шаңырақтың тірегі – Бекембай ағамыз 2002 жылы дүниеден озды. Күсән апамыз – бүгінде 6 ұл мен 3 қыздан тараған 31 немере-жиеннен 48 шөбере мен жиеншар сүйіп отырған бақытты әже. Көпбалалы алтын құрсақты ана Мемлекет басшысының Жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанғанын да айта кетуіміз орынды.
– Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болып, балаларға жақсы өмір, денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! – деп батасын берді сексеннің алтысын алқымдаған ардақты ана. Артта қалған ауыр жылдарға шүкірін, дұғасын іштей айтып отыр. Жаратылысынан тура сөйлеп, түзу жолдан таймаған әже тілеулестігінен айнымаған.
Өмірі адал еңбекпен өріліп, ұрпағымен мың жасап отырған аяулы жанның батасына «Әумин!» дестік.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы