Перейти к содержимому
Главная страница » Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі

Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі

      Қазір елімізде талантты балалардың дарынын дамытып, қабілетін арттыруға ықпал ететін түрлі сайыстар көп. Солардың бірі де бірегейі – республикалық ғылыми жобалар конкурсы. Бұл жоба – бірнеше жылдан бері оқушылардың ғылымға, білімге деген ынта-жігерін арттырып, өзін тағы бір қырынан көрсетуге жол ашып келе жатқан дода. Биыл Ақтөбе қаласында өтті.

Оған Ұйғыр ауданының намысын қорғап, Илья Молутов (Бахтия) атын­дағы №3 орта мектептің 10-сынып оқушысы Дидар Дилмуратов қатысып қайтты. Дидар химия секциясы бойынша «Екіншілік жүгері сабағының қалдығын экологиялық тұрақты құрылыс мате­риалы­ның толықтырғышы ретінде қол­дану» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, қазылар алқасының көзайымына айналды. Оның еңбегі жоғары бағаланды. Нәтижесінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Дидардың ұсынған ғылыми жұмысы­ның негізгі мақсаты – жүгері сабағының қалдығынан жеңіл бетон алып, оның физикалық және химиялық қасиеттерін зерттеп, экономикалық тиімділігі мен экологиялық әсерін бағалау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жүгері сабағының қалдықтарын пайдалану бойынша ғылыми әдебиеттерді оқып, оның қасиеттерін зерттеу үшін қажетті әдістер мен құралдарды анықтап, жүгері сабағы­ның қалдықтарынан бетон өндірісінде қиыршық тастың орнына қолданылатын жаңа үлгі жасап шығарған. Осы арқылы жеңіл бетон алынып, оның физикалық қасиеттері зерт­теліп, пайдаланылатын қалдықтардың экономикалық тиімділігі мен экологиялық әсеріне баға беріліп, дәстүрлі құрылыс материалдарымен салыстырған. Оқушы­ның жеткен жетістігіне жетекшісі, химия пәні мұғалімі Гүлмира Айсарованың да қосқан үлесі зор.
Ақтөбеден олжамен оралған жеңім­пазды Илья Молутов (Бахтия) атындағы мектеп ұжымы, сыныптастары мен достары, ауданның атқамінер азаматтары салтанатты түрде қарсы алды. Ұйғыр аудандық білім бөлімі оқушыны, жетекшісін, анасын Алғыс хатпен марапаттаса, аудандық Ұйғыр этно- мәдени орталығы атынан 100 000 теңгелік сертификат табысталды.

Анар ДүйсенбаЙқызы

Ұйғыр ауданы