«Алматыны дүбірлетіп, шулатып,
Жүруші едік кірпік ілмей түн қатып.
Гүлімізді, күнімізді думанды,
Қай көктемге қойдық екен ұрлатып?» – деп жырлаған белгілі ақын Болат Үсенбаев 1955 жылы 24 наурызда дүниеге келген. Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара орта мектебінде оқыды. Мектеп бітірген соң ҚазМУ-ға оқуға түсті, 1980 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
«Ертерек шықтым топ жарып,
Көзге де түстім ертерек.
Жас ақын жүрді толғанып,
Туған еліне еркелеп.
Қызықты маған қыздар да,
Бірінен-бірі сүйікті.
Асқақтау еді тұлғам да,
Бұйра шаш көмген иықты», – деп өзі айтқандай, сол кездегі Мәскеу көрген сұңғақ бойлы, бұйра шашты жас ақын Алматы шаһарындағы оқу орындары мен әдеби орталарда көзі ұшқындап, өлең оқып тұратын. Жиырмасыншы ғасырдың жас перісі Болат Әшімұлының лирикалық иірімдерге толы өлеңдерін сол кездің жастары ерекше сүйіп оқитын. Ол өзінің «Жүзік» атты өлеңінде:
«Жүрегімде болмапты ғой түк секем,
Жүзік те бір махаббатқа нүкте екен.
Ұяңдығын жүзік сыйлап жеңдірген,
Менен гөрі бақталасым мықты екен.
Алдымда әлі шұғылалы бар таңым,
Бір сұлуға мен де жүзік тартамын.
Абайламай бір жігіттің арманын,
Тартып алып кетем бе деп қорқамын», – дейді ақ жүрек ақын.
Болат Үсенбаев еңбек жолын жастар газеті «Лениншіл жаста» тілші болып бастап, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті», «Еңбек туы» газеттері мен «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарында бас редактордың орынбасары және «Білім айдыны» ЖК директоры қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Болат ақын марқасқа ақын-жазушылармен қызметтес бола жүріп, оларды өзіне ұстаз тұтты.
«Кеудесінде жасын оты ойнаған,
Бұрқ-сарқ етіп ортаймаған ой қазан.
Сеңгір-сеңгір сен бір Алатауым ең,
Сағынышқа айналдың-ау, Сейдағам», – деп Сейдахмет Бердіқұловты еске алса:
«Жыр төктік буырқанған сезімге еріп,
Жоқ еді бойымызда жеңіл желік.
Алыптардың сарқытын үлгі тұтып,
Өстік Баукең, Ғабеңнің көзін көріп», – деп біртуар батыр Бауыржан мен Ғабит Мүсіреповтей классиктерді жырға қосады. Мұқағали ағасына арнап:
«Шарықта, Мұзартымның мұзбалағы,
Жоқсың сен, кеттің бе асып құздан әрі?
Тіріңде-ақ алатұғын атағыңды,
Өлген соң да кейбіреу қызғанады», – деп шындықты бетке айта білді.
Тұманбай, Қадыр, Өтежан, Оралхандар да Болаттың сағынышты өлеңдерінен өз орындарын тапқан. Бөкең қазіргі балалар әдебиетінің де өркендеуіне үлкен үлес қосқан ақын.
«Жаққан арман алауын,
Мен тәртіпті баламын.
Білім менен тәлімді,
Оқып іздеп табамын.
…Зейіні ұшқыр баламын,
От шашады жанарым.
Отанымның ертеңгі,
Мақтанышы боламын», – деп бала ойын дөп басатын, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлеңдері мен ертегі, балладалары бір төбе.
«Мен өмірді,
Өмір мені сүйрелеп.
Көппен бірге алға ұмтылдым кимелеп.
Қателігім дей алмаймын мүлде жоқ,
Жеңістерім оралыпты жүлде боп», – деп тынымсыз журналистік қызметін атқара жүріп, шабытты шақтарында шығармашылықпен айналысқан ақын қаламынан туған жыр маржандары «Жеңеше», «Жүзік», «Таңғы шық», «Киікоты», «Күрең күз», «Мезет» атты бірінен-бірі өткен сезімге толы жыр жинақтары мен балаларға арналған «Тәуелсіздік деген не?» атты кітаптары баспадан шықты. «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы», «Жыр маржаны», «Тәтті алма», «Табиғат антологиясы» және Мәскеуден жарық көрген «Ұлы дала жырлары» атты үш томдық кітапқа туындылары енгізілді. Түрікмен, түрік, ұйғыр поэзияларын аударуға атсалысты. «Ақындарды құрметтей біл тірісінде» дегендей, талантты ақын Болат Үсенбаев республикалық «Жігер» фестивалінің, халықаралық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған жыр жарысының бірінші орын иегері, ақын Еркін Ібітанов атындағы арнайы сыйлық иесі, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерекелік медалімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен марапатталған және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған лирик ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Кешіп жүріп сезім атты теңізді,
Іздеген ем бір адамды ең ізгі.
Ешкімге де бас имейтін жігіт ем,
Асау жүрек «Сүйем сені» дегізді», – деп жырлаған Болат серінің жары, бұл күнде көзінің ағы мен қарасындай Баяндай сұлу қызы мен Дулаттай өнерлі өренді дүниеге әкелген Шайзат ханым да ҚазМУ-ды бітірген әдебиетші-маман, филолог. Алғаш орта мектепте, кейіннен еліміздегі бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінде және «Білім айдыны» журналында қызмет істеген, қазір зейнеткерлік демалыста.
«Болашағың жайлы отырам толғанып,
Баян деген есіміңе бол лайық.
Сен бақытты болсаң екен, құлыным,
Бір Алладан тілек етем қол жайып!» – деген өлеңіне арқау болған Баян Болатқызы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін және Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген, қазір кәсіпкер.
«Жаға біл жүрегіңе әр күн алау,
Өнерде жүйріктер көп тайлы, жаяу.
Шыңына шеберліктің алып шықсын,
Сен салған суреттегі майлы бояу», – деп жыр арнаған Дулат Болатұлы – Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдаған суретші-маман. Бұл күнде Дулаттың «Art-Alliance» шығармашылық тобы Алматы қаласындағы «Ашаршылық құрбандары», «Шәмші», «Ыбырай», Астана қаласындағы «әл-Фараби» ескерткіштерін, Шымкенттегі «Болашаққа көзқарас», Талдықорған қаласындағы «Невада-Семей», «Чернобыль» монументтерін жасаған. ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері.
«Тұрады Хантәңірі айбаттанып,
Төсінде тоқсан бұлақ ойнақ салып.
«Жетісудың ұлымын!» – десем болды,
Кетемін арқаланып, аруақтанып», – деп өресі биік, өрісі шалқар, телегей ой, текті өлең иесі Болат Үсенбаев рухани тазалығымен кейінгі ұрпаққа ұлағатқа толы өсиет, тілек, баталарын өлеңмен өрнектеп, ақсақалдық жетпіс жастың биік белесіне шығып отыр.
Жасыңа жас, басыңа бас қосылып, қазақ руханияты үшін тұлпар шабысыңнан таймай, жетпіс жастан кейін жеті жасар сәйгүліктей екінші тынысың ашылады деп сенеміз, Болат бауыр, Болат ақын, Болат дос!
Елеусіз Ахметкерімұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы