Кейінгі жылдары Қазақстанда Наурыз мейрамы «Наурызнама» деген атаумен тойланып, онкүндік ретінде өткізіле бастады. 14 наурыздағы Амалдан бастап, 23 наурызға дейінгі әр күннің тарихпен байланысты өзіндік атауы, ерекшеліктері бар. Бүгін 19 наурыз – Жаңару күні. Kazinform тілшісі осы датаның мән-маңызына үңіліп, ел өміріндегі саяси рөлін бағамдауға тырысты.
Ежелгінің жаршысы
Наурыз мейрамына қатысты тарихты шолар болсақ, том-том деректерді тізе беруге болады. Сондықтан түпкі мәнін ұғынуға ел өткенінен хабары мол маман пікіріне құлақ асу жеткілікті. Тарихшы, этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, Наурыз – шығыс халықтарында көктемнің, жаңа жылдың басталуын білдіретін ұлы мейрам. Ол ежелгі дәуірден бері Орта Азия, Иран, Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Кавказ және басқа да түркі, парсы, араб елдерінде аталып өтіп келеді.
Кейінгі жылдары Наурыз мейрамын онкүндікке созу («Наурызнама») бастамасы көтерілді. Болат Бопайұлының сөзінше, тарихи тұрғыдан алғанда қазақтар Наурызды расымен де бірнеше күн тойлаған. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ғұламалар бұл мерекенің ежелден жеті күнге, тіпті ай бойы жалғасқанын жазған. Демек, бастама қазақтың тарихи дәстүріне мүлде қайшы емес.
Реформалар – тұрақтылық пен бедел кепілі
Әрине, жаңару күнін елдегі көп оқиғамен, тың бастамалармен байланыстыруға болады. Соның бір өзегі ретінде біз саяси реформаларды, саладағы мәдениеттің даму жайын қарастыруды шештік. Оның өзіндік себебі бар, мәселен «Наурызнама» тұжырымдамасындағы Жаңару күнінің ерекшелігіне көз жүгіртсек, 19 наурызда ел тарихындағы маңызды бетбұрыстың болғанын байқаймыз. Кейінгі 6 жыл шамасында саясатта және қоғамда түбірлі өзгерістер мен жаңару үрдісі басталды, әлеуметтік өзгерістер өрбіді.
Еліміздің жаңару символдарының бірі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын атай аламыз. Оның аясында ел өмірінің түрлі салаларында оң өзгерістер жүзеге асып жатыр. Қоғамда ашық диалог арқылы жаңа саяси мәдениет қалыптасу үстінде, оны жаңарған қоғамның негізіне айналдыру керек. Саяси реформалар дегеннен шығады, жалпылама атау бергенімізбен, тереңдеп үңілсек көптеген өзгерісті бастан өткергенімізді көреміз.
Соның ең бастысы – Қазақстанның суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік басқару үлгісіне көшкені. Осы өзгерістің негізінде Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереже бекітілді, яғни бір рет ел басшысы болып отырған тұлға екінші қайта сайлана алмайды.
Өзгерістер мұнымен шектелген жоқ, Президенттің кез келген бір саяси партия мүшесі болуына тыйым салынды. Бұл – билік басындағы тұлғаның тәуелсіз көзқараста екенін аңғартады. Қандай да ұйымның немесе партияның мүддесін соқпайды.
Ал мемлекеттің ең басты байлығы саналатын адам құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіріліп, азаматтық қоғамды дамыту мақсатында Конституциялық сот қайта құрылды. 2024 жылы сотқа 3 708 өтініш түсіпті, оның ішінде 21 іс бойынша шешім қабылданды. Бұл орган азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқарып отыр.
Прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебе алды. Өз кезегінде мұның бәрі халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық жүйе қалыптасқанын, қоғамның еркіндігі қанат жайғанын аңғартады.
Жаңа бетбұрыстар аясында Парламенттің рөлін күшейту және құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту да қамтылды. Осы арқылы мемлекет саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік алды.
Мысалы, Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын болды (70 пайызы – партиялық тізіммен, 30 пайызы – бірмандаттық округтер арқылы). Ал облыстық (50 пайыз – партиялық тізім, 50 пайыз – бірмандаттық жүйе) және қалалық, аудандық мәслихаттар тек мажоритарлық жүйемен сайланады.
2023 жылы наурызда жаңа аралас жүйе бойынша алғашқы Мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Бұл сайлау саяси бәсекелестіктің артқанын анық көрсетті. Партияларға қойылатын сайлау шегі төмендетілді. Бұл реформалардың нәтижесінде алғаш рет Мәжіліске алты бірдей партия өтті. Қазір партиялар тіркеуден өту үшін бұрынғыдай 20 мың емес, 5 мың мүшесі болса жеткілікті. Соның арқасында саяси аренада жаңа партиялардың тынысы ашыла бастады. Сайлау үдерісіне мейлінше қоғам өкілдерін тарту мақсатында депутаттық мандаттың 30 пайызы әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заңмен бекітілді. Бірмандаттық округтер арқылы өзін-өзі ұсынған кандидаттар сайлауға қатысып, азаматтардың Парламент құрамына ықпал ету мүмкіндігі туды.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі де айтарлықтай өзгеріске бет алды. 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдері тікелей сайлау арқылы іріктелді. Ал 2023 жылы 5 қарашада алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтті. Нәтижесінде 42 аудан мен 3 қала әкімі тікелей халық сайлауымен анықталды. Сайлауға халықтың қатысу көрсеткіші – 62,8%. Аталған қадам жергілікті мәселелерді тиімді шешуге және азаматтардың өз өңірлеріндегі басқару үдерісіне белсенді араласуына септесті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртазаның айтуынша, аталған саяси реформалар, ең алдымен Қазақстанның тұрақтылығы мен беделі тұрғысынан пайда беріп отыр.
– Елде басталған реформалар сәтті жүзеге асады, дүдәмалдау жағдай немесе тұрақсыздық жоқ. Бұл реформалардың түпкі мәні – Қазақстанның жаһандық саяси аренадағы абыройын өсіру. Бұл мемлекетте азаматтар еркін өмір сүріп, азаматтығын алуға қызығатындай жағдай бар. «Бұл қандай мемлекет?» дегенде, «Реформа іске асатын ел» деп жауап бере аламыз. Бәрін жіктеп отыруға болар еді, экономикалық салаларды алсаңыз да, бала және әйел құқығын қорғауда болсын, реформалар жүргізіліп жатқанын көреміз. Осы арқылы либералды демократиялық, кезең-кезеңімен дамып келе жатқан мемлекет екенімізді дәлелдейміз, – деді ол.
Сонымен қатар депутат алдағы уақытта Қазақстан реформаларды жалғастырып, ендігі кезекте әскери саланың дамуына көп көңіл бөледі деп сенетінін жеткізді.
Қоғам талап еткен құндылықтар
Мемлекеттегі жаңғыру, жаңару процестері бір күнде іске аса салар қарабайыр дүние емес. Кезеңдерді, қоғам көзқарасының жаңашылдыққа бейімделуін, дағдылардың қалыптасуын талап етеді. Егер елдегі саяси реформаларды бақылап отырсақ, 2019 жылдан басталған өзгерістердің түпкі мәні демократия институттарын дамытуды көздегенін түсінеміз. Оның ішінде саяси жүйені жаңғыртудан бастап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру негіздері бар.
Қазір мемлекет үшін маңызды шешімдерді белгілі бір адам немесе топтар емес, халықтың өзі қабылдайды. Бұл тұста ел тарихындағы елеулі екі референдумды айтпай өтуге болмас.
Біріншісі, Конституцияға өзгеріс енгізуге бағытталған жалпыұлттық референдум. 2022 жылы енгізілген Конституциялық өзгерістердің жаңалығы аз болған жоқ. Жоғарыда тізбектеген реформалардың түгелі дерлік – соның жемісі. Бұл қоғам талап ететін әділдік феноменінің ақиқатқа айналғанын дәлелдеді.
Екіншісі, 2024 жылдың 6 қазанында өткен АЭС құрылысы бойынша референдум. Қазақстанда 2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 млрд кВт/сағ құрады. Халық санының өсуі, жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескерсек, энергия тұтыну алдағы уақытта да арта бермек. Билік осы мәселені алға тартып, халыққа АЭС құрылысы бойынша үндеу тастап, дауысқа салу арқылы шешуді ұйғарған. Референдум нәтижесінде қоғам болашақ үшін маңызды шешімді құп көрді.
Ел игілігі үшін жасалып жатқан қадамдар мұнымен шектелмейді. 2022 жылы 26 қарашадағы инаугурациясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару қажеттігін мәлімдеді. Көп ұзамай, 2023 жылы 12 шілдеде «Мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» заңға қол қойылды. Содан бері 1,5 трлн теңгеден астам актив халыққа қайтарылған екен. Неге халыққа дерсіз, себебі бұл қаражат мектеп, оңалту орталықтары, балаларға арналған спорт кешендері мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған орталықтар салуға жұмсалып жатыр.
Айтпақшы, 2022 жылы болған әкімшілік-аумақтық өзгерістерді де елеусіз қалдырмайық. Абай (орталығы – Семей), Жетісу (орталығы – Талдықорған) және Ұлытау облысы (орталығы – Жезқазған) құрылып, Қазақстан картасында ірі өзгеріс болды. Бұл қадам әкімшілік басқаруды тиімді ете түсті.
Әрине, әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Қоғамға қауіпті саналатын түрлі қауіппен күрес, заңсыздықтарды жою бойынша жұмыстар қолға алынды. Мысалы, былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бес өзекті әлеуметтік проблеманы атап өткен еді: нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм мен ысырапшылдық.
Аталған мәселелерді шешу үшін 9 заң қабылданды. Отбасында зорлық көрсеткендерге жаза күшейтілсе, құмар ойынға тәуелді адамдар өз әрекетіне шектеу қоюға мүмкіндік алды. Ал нашақорлықпен күрес бойынша 2025 жылы қатаң шаралар енгізіліп, есірткі саудагерлеріне 15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жастар арасында кеңінен жайылған вейптерге де тыйым салынды, 2024 жылы 20 маусымнан бастап электронды темекілерді өндіруге және сатуға заңмен шектеу қойылды. Бұл реформалар құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталғанын айта кетейік.
Жаңа ұрпаққа жолашар
2022 жылы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың табысының бір бөлігін балаларға тікелей аудару туралы бастама көтерді. Міне, 2024 жылдан бастап жыл сайын әр қазақстандық балаға Ұлттық қордың табысынан қаражат аударылып келеді. Былтыр әр балаға 100,52 доллар, 2025 жылдың басында тағы 129,38 доллар аударылды. Екі жылда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 6,9 млн баланы қамтып, жалпы 888,8 млн доллар бөліпті.
Бұл қаражат балалардың есепшотына жинақталады, 18 жасқа толған кезде елеулі капитал ретінде беріледі. Осылайша, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы ұлттық байлықтың әділетті бөлінуін қамтамасыз етуде.
Еліміздің саяси аренасы жастарға да мол мүмкіндік беріп жатыр. Президенттік жастар кадр резерві талаптылардың жолын ашты десек – қателеспейміз. Резервте 400 маман бар, бұған дейін соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр.
Билік өкілдері әрдайым халықпен бірге болып, азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек. Резервтегі жастар осы қажеттіліктің үдесінен шығуға талпынып жатыр. Бір жағынан, еліміз мемлекеттік қызметте білікті кадрлар жинақтап, маман тапшылығынан арылуда.
2022 жылы құрылған «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын да белсенді ұрпақ санатына қоса аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл бастаманы құптап, жастарға ақ жол тілегені есте. Қазір аталған қозғалыс әлеуметтік мәселелерге көңіл бөліп, себебін анықтауға, шешімін табуға тырысып жүр.
Қорыта айтқанда, Жаңару күнінің ауқымы өте кең. Бір адамның ғұмырымен емес, бүтін халықтың бірлігімен бағамдалар дата. Ендеше кезекті Жаңару күні алдағы оң жаңашылдықтардың бастауы болатынына үміт етеміз.
ҚазАқпарат